Журналист Думан Мұхаммедкәрімнің түрмеге ауыстырылмауына байланысты наразылығы ушығуда, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Журналист Думан Мұхаммедкәрім Алматы облысындағы Заречный түрмесіне ауыстырылмауына наразылық танытып, денесін тілгеннен кейін аштық жариялады.
Журналистің адвокаты Ғалым Нұрпейісовтің айтуынша, Думан Мұхаммедкәрімді Талдықорғандағы тергеу изоляторында екі күн бойы суық карцерде жылы киімсіз, бетон еденде ұстаған. Құқық қорғаушының мәлімдеуінше, бұл заңсыз әрекет оның клиентінің құқығын өрескел бұзу болып табылады.
Журналистің апелляциялық шағымы өзгеріссіз қалдырылғаннан кейін оны Заречный түрмесіне ауыстыру қажет болған, өйткені заң бойынша сотталушы өзі тұратын аймақта жазасын өтеуі керек. Алайда, адвокаттың сөзіне қарағанда, Думан Мұхаммедкәрімді Талдықорғанға "құжаттарды алғаннан кейін Заречныйға ауыстырамыз" деп алдап апарып, камераға қамаған. Түрмеге ауыстыруды талап еткен Мұхаммедкәрімге қысым көрсетіліп, карцерге жабылған.
Қазіргі уақытта журналист өзіне жасалған заңсыздықтарға қарсылық білдіру үшін аштық жариялап отыр. Бұл оқиға қоғамда кең талқыланып, азаматтық қоғам өкілдері мен құқық қорғаушылар тарапынан алаңдаушылық тудырды.
Думан Мұхаммедкәрімнің жағдайы мен оған көрсетіліп жатқан қысым туралы толыққанды мәлімет алу үшін құқық қорғау органдарына жүгінген адвокат оның құқығын қорғау үшін барлық заңды шараларды қолданатынын жеткізді.