Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының саммитіне қатысу үшін Бішкек қаласына барды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы, Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеп.
Мемлекет басшысын Манас әуежайынан Қырғызстан министрлер кабинетінің төрағасы – Қырғызстан президенті әкімшілігінің басшысы Ақылбек Жапаров қарсы алды.
Айта кетейік, бұған дейін Қырғызстандық БАҚ-та Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бішкекте өтетін Түркі мемлекеттері ұйымының XI саммитіне қатысатыны туралы ақпарат жарияланған болатын.
Еске салайық, бүгін Бішкекте Түркі мемлекеттері ұйымының кезекті XI саммиті өтіп жатыр. Саммиттің тақырыбы – «Түркі әлемін нығайту: экономикалық интеграция, тұрақты даму, цифрлық болашақ және баршаға қауіпсіздік». Саммит жұмысына Ұйымға мүше мемлекеттердің басшылары, сондай-ақ ТМҰ-ның бақылаушы елдерінің көшбасшылары қатысады.
ТМҰ-ға мүше елдер – Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан, ал бақылаушы елдер – Түрікменстан және Венгрия. ТМҰ-ның бас кеңсесі Ыстамбұлда орналасқан.