Қарағанды облысында қайтыс болған ТЖД қызметкерінің отбасына барлық қажетті көмек көрсетіледі

125
Adyrna.kz Telegram

Қарағанды облысы мен Саран қаласының әкімдіктері, Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаменті дала өртін сөндіру кезінде қаза тапқан 24-ӨСБ азаматтық қорғау сержанты Хали Хайраттың отбасына көңіл айтады.

1991 жылы туған Хали Хайрат 2014 жылдың 12 мамырынан бастап азаматтық қорғау органдарында қызмет еткен. Ол Саран қаласында тұрған, жоғары кәсібилігі мен жауапкершілігімен ерекшеленген.

Қаза тапқан өрт сөндірушінің үйіне облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, оның орынбасары Әлібек Әлденей және Саран қаласының әкімі Еркін Баулықов барды.

Қарағанды облысының әкімі марқұмның ел алдындағы еңбегі ұмытылмайтынын жеткізді.

«Дала өрті кезінде қаза тапқан батырымыз Хали Хайраттың отбасына көңіл айттым. Оның дала өртімен күресу кезіндегі ерлігі нағыз батылдық пен адалдықтың үлгісі болып табылады. Хали Хайрат өз өмірін халқына қызмет етуге және туған жерін қорғауға арнады. Осынау қиын сәтте біз Халидің туыстарының қайғыларына ортақтасып, қолдауымызды көрсетеміз. Оның жарқын бейнесі мен ел алдындағы еңбегі ұмытылмайды»,—деді ол.

Марқұмның отбасына жерлеу іс-шараларын өткізуге барлық қажетті көмек көрсетіледі. Үйде фельдшерлік және психологиялық қызметтер кезекшілік етеді. Отбасын қолдау бойынша барлық қажетті шаралар Қарағанды облысы әкімдігінің тұрақты бақылауында.

Оқиғаның мән-жайы анықталуда. Сотқа дейінгі тергеу басталды.

Естеріңізге сала кетейік, 6 қазанда Қарқаралы ауданында дала өрті тұтанды. Оны жою үшін ТЖМ барлық қызметтері, оның ішінде ТЖД 111 қызметкері, құқық қорғау органдары, 27 түрлі техника жұмылдырылды, өрт сөндірудің жедел штабы ашылды. Облыс әкімі оқиға орнында жедел штабпен кеңес өткізді.

Пікірлер