Педагог мәртебесі. Мемлекет басшысы ұстаздарды құттықтады

1035
Adyrna.kz Telegram
Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы ұстаздарды мерекемен құттықтады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы  Ақордаға сілтеп.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздар қауымын кәсіби мерекесімен құттықтап, аса жауапты әрі қастерлі міндетті абыроймен атқарып жүрген педагогтерге алғыс айтты.

"Менің тапсырмаммен "Педагог мәртебесі туралы" арнайы заң қабылданды. Бұл құжат ұстаздардың заңды мүддесі мен құқықтарын қорғауға ықпал етті. Қазір мұғалімдер мен тәрбиешілердің жалақысы айтарлықтай көбейді. Олар негізгі қызметіне кедергі келтіретін артық міндеттерден босатылды. Осы заңға сәйкес "Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы" атағы енгізілді. Бұл – жай атақ емес, мәртебелі мемлекеттік награда. Оның иегеріне қомақты сыйақы беріледі. Республика бойынша 46 мұғалім осы наградаға ие болды. Сондай-ақ, қазір ұстаздарға академиялық дәрежесіне сәйкес үстемеақы төленіп жатыр. Халықаралық олимпиада жүлдегерлерін дайындаған мұғалімдерге қаржылай қолдау көрсетіледі. Педагог мамандығы бойынша оқып жатқан студенттердің шәкіртақысы 2,5 есе көбейді. Биыл болашақ ұстаздарды даярлау үшін 16 мыңға жуық грант бөлінді. Соның ішінде шамамен 1800 "Алтын белгі" иегері педагогика мамандығын таңдады. Бұл – өте жақсы үрдіс", – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы баланы оқытуда тек мұғалім емес, ата-ана да жауапты екенін айтты.

"Мұғалімнің мәртебесі қашанда бәрінен биік. Ұлы тұлғалардың өзі ұстазының алдында шәкірт болып қала береді. Бір сөзбен айтсақ, барша жетістіктің бастауында ұстаз тұр. Ұлттың болашағы – ұстаздың қолында. Менің мақсатым – ұстазды қоғамымыздың басты кейіпкері ретінде дәріптеу. Себебі сіздер бала оқыту арқылы келешектің кірпішін қалайсыздар. Қазақстанның дамыған ел болуына зор үлес қосып жүрсіздер. Сіздердің табанды еңбектеріңіз ерекше құрмет пен жоғары марапатқа лайық", – деді Президент.

Жиын соңында Мемлекет басшысы білім беру ісіндегі аса үздік жетістіктері және Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін бір топ педагогке "Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы" атағын тапсырды.

Пікірлер