Ақмола облысында жаңа оқу жылына дайындық барысы қалай?

854
Adyrna.kz Telegram

Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жақсарту мәселесі облыстық білім басқармасының бақылауында. 2024 жылға 105 нысанға күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізу үшін облыстық және республикалық бюджеттен 11 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді.

Өңірде 42 мектеп, 3 балабақша, дарынды балаларға арналған интернат (жатақхана), арнайы білім беру ұйымы, 2 лагерь және 2 ТжКБ ұйымдары күрделі жөндеумен қамтылды. Ағымдағы жөндеу 52 білім беру объектісінде жүргізілуде.

Сандықтау ауданының білім беру ұйымдарында жөндеу жұмыстары қалай өтіп жатқаның білім бөлімінің басшысы Арай Әбенова мәлімет берді.

«Каменка ауылының жалпы білім беретін мектебінде күрделі жөндеудің екінші кезеңі жүргізілуде. Қазіргі уақытта аумақты абаттандыру, спорт залы мен асхананы, оқу кабинеттерін, дәліздерді, фойелерді, жуынатын бөлмелерді безендіру жұмыстары жүргізілуде. Спасское ауылының негізгі орта мектебі күрделі жөндеумен қамтылды. Жөндеу барысында көше жарығын орнату, бейнебақылау, желдету, мектеп ғимаратының қасбетін қаптау, төсеніш төсеу, алаңдарды төгу және асфальттау, сыртқы кәріз орнату және т. б.жұмыстары жүргізіледі. Барлық жұмыстар 95% орындалды», - деп толықтырды білім бөлімінің басшысы.

Облыста 1700 орындық 5 мектептің құрылысы жалғасуда – бұл Сандықтау ауданы Петровка ауылында 80 орындық, Бестөбе ауылында 300 орындық, Қосшы қаласында 1200 орындық, Біржан сал ауданы Бұланды ауылында 80 орындық және Жарқайың ауданы Бірсуат ауылында 80 орындық мектеп.

Сонымен қатар, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында ағымдағы жылы 12 200 орындық 9 мектепті іске қосу жоспарланған, оның  жетеуі Целиноград ауданында, екеуі Көкшетау қаласында.

Пікірлер