Ақтауда су тапшылығына байланысты көлік жуу орындары жабылып жатыр. Бүгінде 70-тен астам кәсіпкерлік нысанының жартысына жуығы жұмысын тоқтатты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі КТК-ға сілтеме жасап.
Шенеуніктердің айтуынша, үнемделген текше метр қаланың аса мұқтаж аудандарына жөнелтіледі. Қала тұрғындары бұл жағдайға өз наразылықтарын білдірді.
«XXI ғасыр болса да, бізде әлі сумен қамту мәселесі бар. Мұны мүмкіндігінше тезірек шешу керек»,—деді Ақтау қаласының тұрғыны Марина Мерешко.
Қазір Маңғыстауда 40 мың текше метрге жуық ауыз су жетіспейді. Билік аптап ыстық тек тұтынудың өсуіне ғана себеп болмағанын алға тартады. Каспий теңізінің температурасы да көтеріліп, тұщыландыру үдерісі баяулады.
Қолданыстағы техника облыс сұранысын өтей алмайды. Қазіргі таңда 10 жаңа тұщытқыш қондырғылар салынып, негізгі су құбыры қайта жаңғыртылуда. Ал жұмыс аяқталғанша ақтаулықтар суды кесте бойынша алатын болады.
Шенеуніктер жаз соңына дейін жағдайды түзетеміз деп уәде беріп отыр.