Ақмолалықтар «Таза Қазақстан» акциясына үлес қосты

889
Adyrna.kz Telegram

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен елімізде 2024 жылдың 6 сәуірі мен 11 мамыры аралығында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы өтті. Аталмыш игі шараға Ақмола облысының тұрғындары да белсенділік танытып, үлес қосты.

Ақмола облысы Ішкі саясат басқармасының мәліметінше, ауқымды экологиялық акция бес аптаға созылды, олардың әрқайсысы белгілі бір тақырыпқа арналды. Сәуірдің 13-не дейін өткізілген «Таза өлке» апталығы барысында аумақтар мен тұрғын үй аулалары тазартылды. Апта қорытындысы бойынша 70 тонна қоқыс шығарылды.

Одан кейінгі «Киелі мекен» апталығы тарихи-мәдени ескерткіштер аумағын абаттандыру жұмыстарына арналды. «Жасыл аймақ» апталығы ағаш көшеттерін отырғызумен, екпелерді ақтаумен атап өтілді. Онда барлығы 16 мың түп ағаш отырғызылды.

Ал «Өнегелі ұрпақ» апталығы ардагерлер мен қарттар тұртан 150-ге жуық тұрғын үйдің аумағы мен ауласы тазартылып, абаттандырылды.

Соңғы «Мөлдір бұлақ» апталығы барысында 27 су айдыны аумағы - өзен, көлдердің жағасы күл-қоқыстан тазартылды. Жалпы, акция барысында 3 мыңға жуық іс-шара өткізіліп, 40 тонна күл-қоқыс қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына тасымалданды.

Бүгін аталмыш акция жалғасын тауып, Атбасар ауданында 2 мыңға жуық адам елді мекендерді күл-қоқыстан тазартуға шықты.

Аудан әкімдігінің мәліметінше, аудан бойынша барлығы 365 тонна күл-қоқыс жиналды. Акция барысында Атбасар қаласының жағажай аумағы, Есенберлин, Әуезов, Ағыбай батыр тәрізді бірқатар көшелері қоқыстан тазартылды және абаттандырылды. Қаланың орталық алаңында канадалық раушан гүлі мен сәндік бұта ағаштары отырғызылды.

«Аудан тұрғындарын «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына қатысып, туған өлкенің тазалығын сақтауға үлес қосылуға шақырамын», - деді аудан басшысы Аманбек Қалжанов.

Акцияға Атбасар электровоз жөндеу зауытының, «Атбасар су» коммуналдық кәсіпорнының, «Аждар және К» вагон жөндеу кәсіпорнының, мемлекеттік мекемелердің, білім беру және денсаулық сақтау мекемелерінің, коммуналдық қызметтердің жұмысшылары,  Атбасар аграрлық-индустриялық колледжінің ұжымы мен студенттері, Жастар ресурстық орталығының мүшелері, еріктілер аса белсенділік танытты.

Пікірлер