Айбек Дәдебаев: «Тілдік мәселе нәзік, аса жауапкершілікпен келуді талап етеді»

972
Adyrna.kz Telegram

ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы Айбек Дәдебаев республикалық телеарнаға берген сұқбатында мемлекеттік тілге қатысты сұраққа жауап берді.

«Өздеріңіз білесіздер, елімізде көптеген этнос өкілдері тұрады. Бұған себепкер болған тарихи оқиғаларды жақсы білесіздер. Қазір тіл мәселесін күрделендіріп, тіпті саяси ойынға айналдырғысы келетіндер де бар. Мәселен, елімізде тілге қатысты жұртты даурықтырып, ұлт болашағына қауіп төндіретін мәселе тудырып жүргендерді байқаймыз. Бұл - ұлттық қауіпсіздігімізге кері әсер ететін жайт. Қай тұрғыдан қарасақ та тілдік мәселе нәзік, аса жауапкершілікпен келуді талап етеді», - деген пікірін білдірді Айбек Дәдебаев.

ҚР Президент Әкімшілігінің басшысы өз сұқбатында елде мемлекеттік тілге, оның қолдану аясының кеңеюіне айрықша мән берілетініне тоқталды. Оның айтуынша, бұл – еліміз бүгінгі таңда жүргізіп отырған аса астары терең саясат.

«Нақты формуласы – көптілді қоғам, жалғыз мемлекеттік тілі бар ел! Яғни, оның маңызды компоненті – тілдік төзімділік, жаңаша айтсақ, тілдік толеранттық. «Жылы-жылы сөйлесең...» деген халық нақылы қашанда жадымызда болғаны жөн. Елдің баянды болашағы деген қастерлі істе қандай мәселе болсын сабырмен, ақылға салып шешетін біздің елдің азаматтары үшін бұл қолдан келетін шаруа. Біздің алдыңғы буынның да өсиет еткені осы. Біле білсек, тілдік төзімділік – қала берді мемлекеттік, яғни елдік қауіпсіздігіміздің кепілі. Даурықпа айқай, дәл қазір не қылса да бола салсын деген талап мүлдем бұрыс нәтиже әкелуі мүмкін!», - деп санайды Айбек Дәдебаев.

ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы А. Дәдебаев мемлекеттік тілдің қолданыс аясының одан ары кеңейе беруін қамтамасыз ететінін және қазақ тілі түбінде ұлтаралық тілге айналатынын мәлімдеді.

Пікірлер