Көкшетауда қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің форумы өтті

1026
Adyrna.kz Telegram
Фото: «Қазақ тілі» қоғамы.
Фото: «Қазақ тілі» қоғамы.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы және ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен Ақмола облысының әкімдігі бірлесе ұйымдастырған форумға Астана және Алматы қалаларынан елімізге белгілі ғалымдар, қоғам қайраткерлері және жергілікті жоғары оқу орындарының ғалымдары  қатысты.

Шарада Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті  Рауан Кенжеханұлы, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының ғылым және білім мәселелері жөніндегі вице-президенті, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары, филология ғылымының докторы, профессор Күдеринова Құралай Бимолдақызы, «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның «Білім беру бағдарламалары орталығы» филиалының сарапшысы Байтенова Қаламқас Қидырбекқызы, сонымен қатар, Көкшетау қаласынан №4 облыстық мамандандырылған мектеп лицей интернатының қазақ тілі мұғалімі  Жакишева Айман Тілеутісқызы баяндама жасады.

«Патриотизмді қалыптастыру және қазақ тілінің деңгейін көтеру үшін филолог мұғалімдер мен мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің тәрбиешілерінің рөлі өте маңызды. Тілдің болашағы ішінара осы мамандарға байланысты, оларға ерекше мән беріп, кәсібилікті дамыту үшін жағдай жасау керек. Тілдік білім беру сапасын жаңа деңгейге көтеру қажет. Бүгін әр өңірден келген әріптестер жиналды, біздің барлығымыздың бір мақсатымыз бар, ол ана тілінің сапасын жақсарту және ауқымын кеңейту. Мемлекет басшысы осы салаға ерекше назар аударып отыр. Сол себепті, біз еліміздің барлық облыстарында осындай форумдар өткізуді ұйғардық. Ақмола облысы осындай ауқымды іс-шара өткізілетін бірінші болды, оны Президент Әкімшілігі қолдады. Мен мемлекеттік тіл мәселелеріне бей – жай қарамайтын барлық ақмолалықтарға зор алғысымды білдіремін», - деді Рауан Кенжеханұлы.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының негізгі жұмыс бағыттарының бірі – қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне әдістемелік қолдау көрсету. Осы мақсатта еліміздің ірі облыстары мен қалаларында қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің аймақтық форумы ұйымдастырылады. Сондай шараның бірі – Ақмола облысы мұғалімдері мен білім саласы мамандары арасында өтті. Мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған ортақ алаң – қауымдастық құрылды.

Форум қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің кәсіби біліктілігін, оқыту әдістемесін жетілдіру, мұғалімдердің шығармашылық әлеуетін дамыту және педагогикалық шеберлігін дамыту мақсатында өткізілді. Форумда қазақ тілі мен әдебиеті бағыты бойынша ғылыми және әдістемелік мәселелер, практикалық құралдарды қолдану, қазақ тіліндегі оқушылардың оқу сауаттылығы мен академиялық жазу мәдениетін дамыту, мұғалімдердің кәсіби дағдыларын жетілдіру, шығармашыл, үздік мұғалімдерді анықтап, оларға қолдау көрсету, ынталандыру, тәжірибесін тарату, қолдау мәселелері талқыланды.

Шараның негізгі бөлімі «Болашақ» сарайында басталып, кейіннен Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде шеберлік сағаттарымен ұласты.

Пікірлер