«Өнегелі ұрпақ»: қостанайлық студенттер акция аясында ағаш отырғызды

884
Adyrna.kz Telegram

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүріп жатқан «Таза Қазақстан» акциясына Қостанай облысының әр ауданы белсене ат салысуда. Бүгінде қоршаған ортаға қамқорлық танытуға бағытталған іс-шаралар өңірде «Өнегелі ұрпақ» апталығымен жалғасып жатыр.

Экоакция аясында Қостанай жоғары педагогикалық колледжінің студенттері мен оқытушылар ұжымы туған өлкені көркейтуге деген ұмтылыстарын еңбекқорлықпен көрсетті. Олар бүгінгі сенбілікті колледж аумағын қыстай жиналған күл-қоқыстан тазалап, тұрмыстық қалдықтардан арылтып, аббатандыруға арнады.

– Аталмыш акцияны көктем айларында ғана емес, жыл бойы жүргізетін боламыз. Қазір облыс әкімдігінде осы бағытта жеке іс-шаралар жоспары қабылданды. Оған сәйкес түрлі әлеуметтік, мәдени мекемелердің күтіп ұстауына қаладағы ескерткіштер мен орындар берілетін болады. Жыл бойы сол ұсынылған жерді аббатандырып, гүл отырғызып, көркейтумен айналысады. Бұл тәжірибені облыс аудандарында да қолдануды жоспарлап отырмыз, – дейді Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқали.

Студенттер 80-нен астам ағаш түптерін қопсытып, қураған бұталарды қырқып, әктеу-сырлау жұмыстарын жүргізді. Экологиялық іс-шара әрі қарай жасыл желек егумен жалғасты. Экоакцияға барлығы 125 адам ат салысып, 35 ағаш көшеті мен лалагүлдердің 50 тамырын отырғызды.

– Табиғатты қорғай отыра, біз, бірінші кезекте, өз өмірімізді қорғай аламыз. Болашақ педагогтер ретінде, өз ісіміз арқылы өскелең ұрпаққа үлгі болғымыз келеді. Біз үшін табиғат пен қоршаған ортаға қамқорлық таныту азаматтық міндеттеріміздің бірі саналады, – дейді Қостанай жоғары педагогикалық колледжінің 1-курс студенті Виктория Шулика.

Колледж студенттері сәуір айындағы табиғи апаттан зардап тартқан халыққа қол көмегін көрсетіп, тасқын судан жапа шеккен даланы қалпына келтіру жұмыстарына да белсенді қатысқан болатын. Экобелсенділер 16 мамырда «Жас ағаш» бірыңғай республикалық акциясынан да қалыс қалмауды жоспарлап отыр. Педколледж тәрбиеленушілері үшін бұл тек табиғатқа қамқорлық таныту емес, сондай-ақ өз өлкесіне деген сүйіспеншіліктің көрінісіне айналмақ.

Пікірлер