Президент Тоқаев өзінің бұрынғы бастығымен кездесті

655
Adyrna.kz Telegram
Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайда БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Мунмен кездесті. Бұл туралы Ақорда мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

«Мемлекет басшысы БҰҰ-ның сегізінші Бас хатшысы, Боао Азия форумының төрағасы, Жаһандық жасыл өсу институты (GGGI) Ассамблеясының президенті Пан Ги Мунмен кездесті», - делінген бейсенбі күні хабарламада.

Пан Ги Мунға Боао форумына қатысуға шақырғаны үшін алғыс білдіре отырып, Тоқаев оның БҰҰ Бас хатшысы ретіндегі әлемдік қоғамдастық алдындағы елеулі қызметтерін атап өтті.

« Менің пікірімше, Сіз Біріккен Ұлттар Ұйымы тарихындағы ең үздік бас хатшылардың бірі ретінде қызмет еттіңіз. Екі жарым жыл Сіздің жетекшілігіңізбен жұмыс істеу мен үшін керемет кезең әрі зор мәртебе болды», – деді Президент.

Өз кезегінде Пан Ги Мун Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықаралық ынтымақтастықты дамытуға елеулі үлес қосқанын айтты.

«Сіз Қазақстан Президенті ретінде өңірдегі бейбітшілік пен келісімді сақтауға, адамзат пен БҰҰ-ның мүмкіндіктерін кеңейтуге белсенді атсалысып келесіз. Менің ойымша, Қазақстан Шығыс пен Батыс арасындағы аса маңызды көпір рөлін атқарып отыр. Сіз Шығыс пен Батыстың ахуалын жақсы түсінесіз. Бұл ретте тәжірибеңіз мол”, – деді Корея дипломаты.

Кездесуде халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, оның ішінде БҰҰ-ның жаһандық сын-қатерлерді тиімді еңсерудегі рөлі талқыланды.

«Президент Қазақстанның халықаралық бастамалары туралы айтты. Бас Ассамблеяның 79-сессиясы аясында Қазақстан Франциямен бірлесіп «Бір су» саммитін өткізуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, 2026 жылы Астанада аймақтық климаттық саммит ұйымдастырылады. Мемлекет басшысы Пан Ги Мунды басты спикерлердің бірі ретінде алдағы Астана халықаралық форумына қатысуға шақырды», - деп толықтырды Ақорда.

Айта кетсек, Пан Ги Мун – 2007 жылғы 1 қаңтар – 2016 жылғы 31 желтоқсан аралығы БҰҰ-ның 8-ші Бас хатшысы болды. 2011 жылғы наурызда Тоқаев БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры, сондай-ақ БҰҰ Бас хатшысының қарусыздану жөніндегі конференциядағы жеке өкілі болған болатын.

Пікірлер