Астанада жастар әдеби клубының алғашқы отырысы өтті

508
Adyrna.kz Telegram

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында жастар әдеби клубының алғашқы басқосуы өтті. Оған елміздің әр аймағынан келген 18-35 жас аралығындағы жас қаламгерлер, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының, Президенттің арнайы әдеби сыйлығының лауреаттары, халықаралық, республикалық әдеби байқаулардың жеңімпаздары қатысты.

Мәдениет және ақпарат министрлігі жанынан құрылған жастар әдеби клубының мақсаты – қазақ әдебиетіндегі өзекті мәселелерді, жаңа әдеби тенденциялар мен шығармаларды талқылау, авторларды насихаттау.

«Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда жалпы жастар тәрбиесі, оның ішінде кітапханаларды дамыту, жалпы кітап оқу мәселелерін қолға алуға қатысты нақты тапсырмалар берді. Түптеп келгенде негізгі мақсат – ұлт руханиятын дамыту, сапалы ұрпақ өсіру. Өйткені, кітап оқитын бала рухани дүниесі бай азамат болып өсері анық. Бар өнердің түп негізі – әдебиет. Сондықтан жас қаламгерлерге ортақ алаң ұсынып, әдебиеттегі өзекті мәселелерді талқылау – заман талабы», - деді Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.

Отырыста клубтың күн тәртібі бекітіліп, басшылық құрамы жасақталды, алдағы жоспарлары айқындалды. Жиынға қатысушылар заманауи әдеби процесс пен аударма саласына, кітап шығару және баспа ісіне, балалар әдебиетін дамытуға қатысты өзекті мәселелерге қатысты ойларын ортаға салып, түрлі ұсыныстарын айтты.

Сондай-ақ әдеби агенттік, отандық авторлардың шығармаларын насихаттау, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру төңірегінде бірқатар мәселелер көтерілді.

«Жас қаламгерлерге қолдау көрсетуде бүгінгі басқосудың маңызы зор деп есептеймін. Жаңа әдеби клуб қазақ әдебиетінің даму көкжиегін кеңейтіп, ұлт руханиятының дамуына өз септігін тигезеді деп ойлаймын», - деді мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері, сыншы-әдебиеттанушы Бағашар Тұрсынбайұлы.

Алдағы уақытта әдеби клубтың отырысы еліміздің өзге де аймақтарында көшпелі негізде ұйымдастырылады.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Пікірлер