Халықаралық жас ақындар айтысы өз мәресіне жетті

798
Adyrna.kz Telegram

«Менің пірім – Сүйінбай» дәстүрлі VIII халықаралық жас ақындар айтысы өз мәресіне жетті, деп хабарлайды “Адырна” тілшісі.

2024 жылдың 22-23 ақпанында Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ұйымдастыруымен «Менің пірім – Сүйінбай» дәстүрлі VIII халықаралық жас ақындар айтысы өтіп, кіл мықты анықталды.

Бұл сайыстың мақсаты – айтыс өнерін жастар арасында кеңінен насихаттау, ақындық дәстүрді жаңғырту, жас ақындардың қабілеттері мен шешендік өнерін шыңдау, олардың көпшілікке танылуына мүмкіндік жасау, төл өнерімізді дәріптеу.

Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін жыр додасына еліміздің ЖОО-ның жас жүйріктерімен қатар, Қырғызстан, Моңғолия, Өзбекстан сынды шетелден келетін жалпы саны 40-қа жуық ақындар қатысты.

Аламан айтыста топ жарғандар құнды сыйлықтармен марапатталды. Қазақтың «Үш бәйтерегі» Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлиннің 130 жылдығына арналған аламан айтыстың Бас жүлдесін - Әлкей Марғұлан атындағы педагогикалық университеттің студенті Қайдаров Бексұлтан алды. Жеңімпазға 500.000 теңге көлемінде ақшалай сыйлық тарту етілді.

Ал І орынды алған Моңғолия елінің жас жүйрігі Адилхан Іңкәрбекке 400 000 теңге, ІІ орынға жайғасқан Қазақ Ұлттық өнер университетінің студенті Қонарбай Мұхтар мен Қорқыт ата атындағы Кызылорда университетінің студенті Ержігіт Дильназға 300.000 теңге табысталды. ІІІ орынды - Қырғызстанның жас ақыны Қалыбекұлы Ырыскелді мен Қазақ Ұлттық өнер университетінің студенті Өмірбеков Нұрдаулет және Каспий өңірі Болашақ колледжінің студенті Алиев Жанболат қанжығасына байлады.

Одан бөлек, «Темірхан Тебегенов» атындағы арнайы жүлдені Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының студенті Ақылжанов Асет, «Оразалы Досбосынов» атындағы арнайы жүлдені Өзбекстанның жас жүйрігі Қожамұратов Ринат, «Есенқұл Жақыпбек» атындағы арнайы жүлдені Қазақ Ұлттық өнер университетінің студенті Ергалиев Алихан, «Ерік Асқаров» атындағы арнайы жүлдені Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ университетінің студенті Сәуірхан Сұлтан, «Әселхан Қалыбекова» атындағы арнайы жүлде қорын Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті Төленбек Нұртілеу, «Жарқынбек Наушабеков» атындағы арнайы жүлдені Шәкәрім университетінің студенті Еркінұлы Қуаныш, «Қонысбай Әбілов» атындағы арнайы жүлдені Ә.Марғұлан атындағы педагогикалық университетінің студенті Тауекелов Нұрсерік, «Әзімбек Жанқұлиев» атындағы арнайы жүлдені М.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенті Бәтей Аят, ҚР Мәдениет қайраткері, «Зейнолла Сәнік» атындағы мәдениет қорының жүлделерін Абай атындағы ҚазҰПУ студенттері Даярбек Санжар мен Саулет Нұршапағат иеленсе, «Дара Дарын» жобасының арнайы жүлдесін Өзбекстанның ақыны Қожамұратов Ринат, «Өзбекәлі Жәнібеков» атындағы арнайы жүлдені Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті Кәдірбай Батыржан алды.

Айтыс «Алатау» дәстүрлі өнер театрының қолдауымен, «ASSYLTAS» қоғамдық қорының құрылтайшысы Дулат Тастекеевтің демеушілігімен өтті. Екі күндік шараға: ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Отан» орденінің иегері, «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық одағы» РҚБ басқарма төрағасы Жүрсін Ерман, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, белгілі айтыскер ақын Аманжол Әлтаев, ҚР Мәдениет қайраткері, белгілі айтыскер ақын Серік Қалиев, Алтын домбыра иегері, Айтыстың ақтаңгері Еркебұлан Қайназаров, Филология ғылымдарының докторы, профессор Балтабай Әбдіғазиұлы қазылық етті. Ал сөз бәйгесін айтыскер ақын, О.Досбосынов атындағы ақындар мектебінің жетекшісі Шұғайып Сезімханұлы жүргізді.

 

Пікірлер