Әшімбаев оңтүстіктен солтүстікке көшіру бағдарламасы еш нәтиже бермегенін мойындады

1400
Adyrna.kz Telegram

Елімізде 2017 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан оңтүстіктен солтүстікке ерікті қоныс аудару бағдарламасы ешқандай нәтиже бермеді, деп мәлімдеді Сенат спикері Мәулен Әшімбаев. Ол Сенатта қаралып жатқан көші-қон туралы жаңа заңда халықты ынталандырудың жаңа шаралары ескерілетініне үмітті.

«Айта кететін жайт, кейбір өңірлердегі әлеуметтік-демографиялық және экономикалық теңгерімсіздіктің сақталуы күрделі қиындықтардың бірі болып табылады. Бүгінде оңтүстік, батыс өңірлер мен мегаполистерде халық саны айтарлықтай өсуде. Ал солтүстік өңірлерде керісінше төмендеу үрдісі байқалады», - деді Әшімбаев.

Ол соңғы бірнеше жылда Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Қостанай облыстарында халық санының азайғанын мәлімдеді.

«Осыған орай, оңтүстіктен солтүстікке өз еркімен қоныс аудару бағдарламасы күткен нәтиже бермегенін мойындаған жөн. Сенатта қаралып жатқан көші-қон туралы жаңа заң жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыруға бағытталған жаңа ынталандыру шараларын қарастырады деп үміттенеміз», - деді Әшімбаев.

Сенат спикері бұл ретте инженерлік инфрақұрылым мен әлеуметтік көлік инфрақұрылымын «тиісті деңгейде» жақсарту қажет екенін атап өтті.

Ол сонымен қатар ауылдарда халықты ұстауды «стратегиялық мақсат» деп атады. Ол «Ауыл аманаты» бағдарламасының тиімділігін атап өтті – шағын несиелердің арқасында ауылдарда 12 мыңнан астам жұмыс орны ашылғанымен, кейбір өңірлерде бюджет қаражатын игеру кешіктіріліп отыр.

Біріккен Ұлттар Ұйымының болжамына сілтеме жасай отырып, ол орта мерзімді перспективада қала тұрғындарының өсуі жалғасатынын айтты.

«Әрине, бұл қалаларда жұмыс орындары мен тұрғын үйге қолжетімділікті қамтамасыз етудің өзектілігін арттырады», - деді Әшімбаев.

Пікірлер