26 жылдан кейін. Қылмыстық топтың іздеуде жүрген соңғы мүшесі ұсталды

1050
Adyrna.kz Telegram
Видеодан скриншот
Видеодан скриншот

Облыстық ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ақмола облысында 26 жыл бойы іздеуде жүрген қылмыстың топтың соңғы мүшесі қолға түсті, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Белгілі болғандай, 90-жылдары ауыр қылмыс жасаған 6 адамнан тұратын қылмыстық топ мүшелері – 4 адамды өлтіру, жүргізушілерді тонау, экономикалық контрабанда және билік өкілінің немесе лауазымды тұлғаның атағын өз бетінше тағайындау тәрізді фактілер бойынша айыпты болған.

Аталған қылмыстық істер бойынша айыпталушыларға 26 жыл бұрын іздеу салынған.

1998 жылдары автоматты атыс қаруымен қаруланып, милиция қызметкерлерінің қызметтік киімін киген қылмыскерлер қала сыртындағы автожолдарда жезлдің (арнайы таяқ) көмегімен автокөліктерді тоқтатып, жүргізушілері мен жолаушыларын атып, денелерін орманға көмген, жүргізушілердің автокөліктерін заңсыз сатқан.

«1999 жылы банданың 4 мүшесін полиция қызметкерлері ұстады, біреуі көз жұмды. Кейіннен сот үкімімен ұсталған төртеудің екеуі өлім жазасына, екеуі ұзақ уақытқа бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Ал 26 жыл бойы полициядан бой тасалап жүрген қылмыстық топтың соңғы мүшесі 27 қаңтарда Көкшетауда қолға түсті. Ол өзінің тегін, атын, әкесінің атын және туған жылын заңсыз өзгертіп алған. Тіпті, бет-бейнесін де өзгерткен. Қазіргі уақытта қажетті тергеу рәсімдері жүргізіліп жатыр», - деп хабарлады ведомстводан.

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер