Алаштың Асылбегі. Бүгін - Асылбек Сейітовтің туған күні

5266
Adyrna.kz Telegram

Бүгін - Алаш қайраткері, ХХ ғасырдың бас кезінде «Қазақ», «Айқап» секілді басылымдарға халқының мұң-мұқтажын көтеретін мақалаларды үздіксіз жазып тұрған ұлтжанды, зиялы азамат Асылбек Сейітовтің туғанына 130 жыл.

Асылбек Жұманұлы Сейітов 1894 жылы 22 қаңтарда Омбы қаласында Батыc Сібір генерал-губернаторы кеңсесі аудармашысының отбасында дүниеге келген. Ол алдымен орыс мектебінде, содан соң Омбының классикалық ерлер гимназиясында оқыған.

1911 жылы Омбы гимназиясын бітіріп, Том мемлекеттік университетінің медицина факультетіне оқуға түскен.

1916 жылы Ақмола уезінде ауылшаруашылығы бойынша санақ жұмыстары жүргізілгенде А.Сейітов оның оңтүстік бөлігі комиссиясын басқарады. Оны 1917 жылы бітіріп, Павлодар облысындағы Баянауыл бекетінде дәрігер болып жұмыс істеді. Халық арасында жиі кездесетін сүзек, безгек, тырысқақ ауруларына қарсы медициналық көмек ісін ұйымдастырды. Сондай-ақ, осы жылдары қоғамдық саяси өмірге араласып, алдыңғы қатарлы зиялы қауымның қатарынан көрінді.

1917 жылы сәуірдің соңы мамырдың басында өткен Ақмола облыстық Қазақ сиезінде алдымен хатшылыққа, сиез соңында төрағаның орынбасарлығына сайланған.

Ал 1917 жылы Орынборда өткен бірінші жалпықазақ сиезіне катысып, онда ол төралқа құрамында М.Дулатовпен бірге хатшылыққа ұсынылады. Осы сиезде А.Сейітов Ақмола облысы атынан Құрылтай жиналысына депутатыққа сайланған. Осы Құрылтайға сайланған депутаттарға баға берілгенде «Қазақ» газеті ол туралы: «Асылбек Сейітов - жас доктор, қыз мінезді, ақ қағаздан ақ, ұлтшыл жас. Областной қазақ комитетінде председатель орынбасары» - деп жазған еді. А.Сейітов Алашорданың Ақмола облыстық комитеті басшыларының бірі бола отырып, ұлт-азаттық қозғалысына үлкен үлес қосты.

1921 жылы Орынборда өткен Қазақстан дәрігерлерінің сиезіне, 1922 жылы Қазақ АКСР-і кеңестерінің сиезіне делегат болып қатысты. Ол Баянауылда бас дәрігер қызметін атқарған.

1922 жылдан бастан 15 жыл бойы Семей қаласындағы губерниялық денсаулық сақтау басқармасының бастығы болып жұмыс істеді. Семей облысында туберкулезді емдейтін «Ауыл» және «Березовка» санаторийлерін ашуға атсалысты (ол емдеу орындары осы күнге дейін жұмыс істейді).

1937 жылы Қазақ КСР-і Денсаулық сақтау халық комиссариатының жоспарлау-қаржылау бөлімінің меңгерушісі, Алматы қаласындағы №5 емхананы алғаш ұйымдастырушылардың бірі және оның бас дәрігері болды. Оның «Таң» журналы беттерінде жарияланған публицистикалык мақалалары бар.

1937 жылы 1 желтоқсанда ұсталып, 8 желтоқсанда ату жазасына кесілді. Оның туған бауырлары Мұсылманбек және Мұратбек те «Алаш» партиясының мүшелері ретінде репрессияға ұшырады.

Пікірлер