Су мәселесі: Қазақстан мен Қытай келіссөз жүргізіп жатыр

1132
Adyrna.kz Telegram
Сурет: gov.kz
Сурет: gov.kz

Су ресурстары және ирригация министрлігі Қытаймен су бөлу мәселесі бойынша келіссөз жүргізіп жатыр, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Министрлік Қытаймен 20-дан астам өзен бойынша келіссөз жүргізіп жатыр. Оның ішінде үш ірі трансшекаралық өзен: Ертіс, Іле және Емел бар. Бүгінгі таңда қос мемлекет арасында су бөлу мәселесі бойынша арнайы жұмыс тобы құрылған. Қазақстанның мүддесін жұмыс тобына кіретін 20 адам қорғайды»,—делінген хабарламада.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, тараптар келісімнің бірқатар баптары бойынша ортақ шешімге келген.

«Қазақстан мен Қытайға ортақ Қорғас өзені бар. Екі мемлекетті бөліп ағатын өзеннің бойында Қытаймен бірлесіп ортақ гидротехникалық нысан салдық. Оның жұмысы 100% автоматтандырылған және шлюздері су шекара сызығының екі жағына бірдей ағатындай етіп жасалған. Бір тарап шлюзді көбірек немесе азырақ ашқысы келсе, екінші жағына да автоматты түрде тура сондай көлемде су ағады. Осындай үлгіде Сүмбе өзенінің бойынадағы нысанға реконструкция жасалды. Келесі кезекте Шығыс Қазақстан облысында Үлкен Ұласты деген өзенде де екі тарапқа ортақ нысан салу туралы келісім бар»,—деді ол.

Пікірлер