Бейжіңдегі орталық жиында көршілес елдерге қатысты саясаты талқыланды

877
Adyrna.kz Telegram

Қытай астанасында көршілес елдерге қатысты ҚХР-дың сыртқы саясатына арналған орталық кеңес өтті. Екі күнге созылған маңызды жиында ҚХР төрағасы, ҚКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы және Орталық әскери кеңестің төрағасы Си Цзиньпин сөз сөйлеп, көрші елдермен “ортақ тағдыр қауымдастығын” құру қажеттігін атап өтті, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Си Цзиньпиннің айтуынша, Қытайдың үлкен аумағы мен ұзын шекарасына байланысты көрші мемлекеттермен қарым-қатынас ұлттық қауіпсіздік пен даму үшін стратегиялық маңызға ие. Ол көршілес өңірлерге ғаламдық ауқымда қарау, жауапкершілік пен тарихи миссияны сезіне отырып жұмыс жүргізу қажет екенін айтты.

ҚХР басшысы Қытайдың көршілес елдермен жаңа дәуірдегі саясатының жетістіктерін жүйелеп, қазіргі халықаралық жағдайға ғылыми талдау жасады. Ол алдағы кезеңге арналған негізгі мақсаттар мен нақты шараларды айқындап берді.

Қытай 18-съезден бері тату көршілік, шын пейіл, өзара тиімділік және ашықтық қағидаттарын ұстанып келеді. Бұл қағидаттар “ортақ тағдыр қауымдастығы” тұжырымдамасының негізін құрайды.

Си Цзиньпин Қытайдың көршілес мемлекеттермен жан-жақты ынтымақтастықты тереңдетіп, түрлі саладағы алмасуларды кеңейтіп жатқанын атап өтті. Көшбасшылық деңгейдегі дипломатияның арқасында тарихи жетістіктерге қол жеткізілгенін айтты.

Алайда қазіргі күрделі халықаралық жағдай Қытайдан даму мен қауіпсіздік мүдделерін ұштастырып, ішкі және сыртқы факторларды үйлестіре отырып әрекет етуді талап етеді.

Қытай болашақта да тату, тұрақты және өркендеген көршілік саясатын ұстанатын болады. Бұл саясат азиялық құндылықтарға — бейбітшілік, ынтымақтастық, ашықтық және өзара құрметке негізделмек.

«Бір белдеу — бір жол» бастамасы басты ынтымақтастық алаңы ретінде қала береді. Қытай стратегиялық сенімді арттырып, көрші елдердің даму жолын өз еркімен таңдауға құрметпен қарайтынын жеткізді.

Гуманитарлық байланыстарды, шекаралық қатынастарды жеңілдету және халықтар арасындағы тікелей байланыстарды нығайту да негізгі бағыттар қатарында болмақ.

Кеңеске ҚКП Саяси бюросының Тұрақты комитет мүшелері – Ли Цян, Чжао Лэцзи, Ван Хунин, Цай Ци, Дин Сюэсян, Ли Си және ҚХР Төрағасының орынбасары Хань Чжэн қатысты. Жиынға ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Цян төрағалық етті. Ол Си Цзиньпиннің сөзін терең түсініп, барлық тапсырмаларды мұқият орындау қажет екенін ерекше атап өтті.

Пікірлер