Өзбекстан компаниясы Ұлыбританияның санкциясына ұшырады

1134
Adyrna.kz Telegram

Ұлыбритания билігі «Ресей әскери машинасын» қолдады деген күдікке ілінген тұлғалар мен ұйымдарға қарсы жаңа санкциялар енгізді. Өзбекстанның Mvizion компаниясы да санкция тізіміне енген, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Ұлыбритания үкіметі «Ресей соғыс машинасын» жеткізіп, қаржыландырды деп айыпталған жеке тұлғалар мен компанияларға қарсы жаңа санкциялар пакетін жариялады.

Санкциялық тізімдерге қару-жарақ өндірумен немесе Ресейге қорғаныс өнімдерін әкелумен байланысты 46 жеке және заңды тұлға кіреді. Олардың қатарында шет мемлекеттерден, соның ішінде Өзбекстаннан 30-ға жуық кәсіпорын бар.

«Бүгінгі шаралар Ресей президенті Владимир Путинді Беларусь, Қытай, Сербия, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері және Өзбекстандағы үшінші тарап жеткізу тізбегі арқылы өз армиясын жабдықтау мүмкіндігінен айырады», - делінген хабарламада.

Атап айтқанда, «Ресейге қосалқы бөлшектерді әкелуде делдал болған» өзбекстандық Mvizion компаниясына шектеулер қойылды. Mvizion АҚШ-тың санкциялар тізіміне қараша айында  енді. АҚШ Сауда министрлігінің мәліметінше, бұл Ресей қарулы күштері үшін ұшқышсыз ұшақтарды шығарумен байланысты.

Кәсіпорындар мен ұйымдардың бірыңғай мемлекеттік тізіліміне сәйкес, Mvizion 2022 жылдың 14 маусымында 1 миллион сум жарғылық капиталмен тіркелген. Негізгі қызмет түрі – «электрондық және телекоммуникациялық жабдықтардың және оған қосалқы бөлшектердің көтерме саудасы».

Еуроодақтың санкциялар жөніндегі арнайы өкілі Дэвид О’Салливан Өзбекстанның Ресей Федерациясына санкцияланған еуропалық тауарлардың реэкспортына қалай қарсы тұрғаны және ел экономикасы үшін әртараптандырудың неліктен маңызды екендігі туралы айтты.

«Біз Өзбекстанның дәстүрлі сауда байланысын бұзуға ұмтылмаймыз», - деді ол Gazeta.uz сайтына берген сұхбатында.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер