Министр Қазақстанда қандай университеттер лицензиясынан айырылатынын айтты

1580
Adyrna.kz Telegram
Фото: Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы
орталық коммуникациялар қызметі
Фото: Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметі

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «Білім туралы» заңға енгізілген өзгерістер туралы айтты.  Шенеунік шарт орындалмаса, университеттер лицензиясынан айырылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Министрдің айтуынша, заңға өзгерістер ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінде енгізілген. Осыған сәйкес, студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету бойынша біліктілік талаптары күшейтілді.

«Биылғы жылдың 1 қыркүйегінен бастап біз «Білім туралы» заңға өзгерістер енгіздік, студенттерді тұрғын үймен қамтамасыз ету, жатақханамен қамтамасыз ету бойынша біліктілік талаптарын қатайттық. Бүгінгі таңда міндетті талаптар 70 пайызды құрайды, біз бұл көрсеткішті жүзге жеткіземіз. Бұл маңызды шарт орындалмаса, университеттер лицензиясынан айырылады және білім беру қызметін жүзеге асыра алмайды», - деді Саясат Нұрбек.

Шенеуніктің айтуынша, Қазақстанда биылдың өзінде 10 387 орындық 40-тан астам жатақхана пайдалануға беріледі. Бұл ретте Нұрбек студенттердің өздері жатақханадан бас тарту фактілерін айтты. Олардың таңдауына министрлік ықпал ете алмайды.

«20 мыңға жуық студент жатақханада тұрады. Біз келісімшартқа отырған жатақханаларды қадағалап отырамыз. Сонымен бірге студенттердің баспана таңдауын шектеуге құқығымыз жоқ: пәтер жалдау, жатақханада тұру. Мұндай есепті жүргізу өте қиын, іс жүзінде мүмкін емес. Себебі студенттердің бір бөлігі жатақханадағы орындардан өздері бас тартады», - деп қосты министр.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер