Сәбит Мұқанов музейіне – 45 жыл

1034
Adyrna.kz Telegram
Фото: Adyrna.kz
Фото: Adyrna.kz

Сәбең әлемі

Сәбит Мұқанов – қазақ әдебиетінің барлық жанрларын өркендетуге белсене ат салысып, халықтың жүрегінен кең орын алған классик-жазушы.

Қаламгердің өмірі мен шығармашылығы сонау ХХ ғасырдың отызыншы жылдарынан бері ару қала Алматының тарихымен тығыз байланысты. Осы қаланың айшықты тұстарында із қалдырып, тыныстап, қызмет етіп, бала-шағасын тәрбиелеп өсіріп, өзінің көптеген тамаша туындыларын дүниеге әкелді. С.Мұқановтың есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында 1976 жылы Қазақстан Үкіметі жазушының 1965–1973 жылдар аралығында тұрған үйін музейге айналдыру жөнінде арнайы шешім шығарып, 1978 жылдың 21 қарашасынан бастап өзінің алғашқы келушілерін қабылдай бастады. Жазушы музейі республикадағы алдыңғы қатарлы мәдени орындардың бірінен саналып, жарты ғасырға жуық уақыт бойы халыққа мәдени-ғылыми-ағартушылық қызмет көрсетіп келеді. Жалпы, музей экспозициясы ашылғалы бері үш рет жаңартылды. Жазушының 90 жылдық (1990) және 100 жылдық (2000) мерейтойлары қарсаңында. 2023 жылы музей-үйдің ашылғанына 45 жыл толуы қарсаңында қала әкімдігінің, Мәдениет басқармасының және Алматы қаласы музейлер бірлестігінің қолдауымен күрделі жөндеуден өткізіліп, экспозициясы жаңа мазмұн ашты. Заманауи технологиямен жабдықталды.Әдеби-ғылыми мол ақпаратпен байытылды. 

С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінде 45 жылдық мерейтойға орай «Сәбең әлемі» атты тақырыпта дөңгелек үстел өтті. Іс-шара модераторыҚазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, филология ғылымдарының докторы, «Құрмет» орденінің иегері, Халықаралық Жамбыл және «Алаш» әдеби сыйлықтарының лауреаты, Қазақстан жазушылар одағы, балалар әдебиеті секциясының төрағасы Нұрдәулет Ақыш құттықтау сөзбен ашып, қонақтарымен таныстырды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің профессоры, филология ғылымдарының докторы, сәкентанушы, сәбиттанушы ғалым-ұстазы Күләш Ахмет, тарихшы, ҚР Оқу ісінің үздігі  Мәдениет Мәженова, Республикалық жоғары медициналық колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы, филология ғылымдарының магистрі Мастура Орынбасарова, «Тұран» университетінің «Журналистика және аударма ісі» кафедрасының оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Гүлжан Тулекова және «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМҚК директордың даму жұмыстары жөніндегі орынбасары Қайрат Тарыбай қатысып, С.Мұқанов музейінің алғашқы құрушылары, қаламгердің өмірі мен шығармашылығы, оның насихатталуы жайында, белгілі ғалымдардың ғылыми-зерттеу еңбектері жөнінде сыр шертті. Тыңдаушылар тарапынан түскен сұрақтарға жауап берді. Шара соңында құрметті қонақтарға Алғыс хат және кітаптар сыйға берілді.

Осы мерейлі күні қаламгер музейінде «Кәдімгі Сәбит Мұқанов» атты көрме ұйымдастырылды. Музейдің негізін салушы, жазушының жұбайы Мәриям Мұқанованың, сол жылдары Мәдениет министрінің орынбасары қызметінде болған Өзбекәлі Жәнібековтің музей-үйін құруда еңбектері зор. Көрмеге музей-үйі алғаш жұмыс істеген кезеңнен бастап сақталып келе жатқан архивтік фотосуреттер, естелік еңбектердің біршама легі қойылды. Мәселен, музейде өткізілген мәдени ірі іс-шаралар – «Сәбит сабағы», әдеби кештер, дөңгелек үстелдер, кездесулерден түсірілген фототосуреттер, Мәриям Мұқанованың «Сағынышым Сәбитім», Тұрсынбек Кәкішевтің «Сәбең әлемі», Құлбек Ергөбектің «Келбет», Күләш Ахметтің «Сәбит Мұқанов – ғұлама ғалым» еңбектері, «Кәдімгі Сәбит Мұқанов», «Сәбит Мұқанов тағылымы» атты Сәбең туралы естеліктер жинақтары, сонымен қатар музейдің ғылыми қызметкерлерінің ұзақ жылғы жинақтауымен, ақын, филология ғылымдарының кандидаты, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әділғазы Қайырбековтің құрастыруымен шыққан «Мұқановтың хатханасы – Письмотека Муканова» (2018), «Мүсіреповтің хатханасы – Письмотека Мусрепова» (2022) хаттар жинағы кітаптары, т.б. Көрменің ашылуында ҚР Оқу ісінің үздігі, тарихшы Мәдениет Дәуітқалиқызы Мәженова құттықтау сөз сөйледі. Көрмеге қойылған жәдігерлермен Музей кешенінің экскурсоводы Мөлдір Сағымбаева таныстырды.Көрмені қала тұрғындары мен қонақтары, зиялы қауым өкілдері, оқытушылар, студенттер тамашалады.

Назгүл АЛТАЕВА,

С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінің ғылыми бөлім жетекшісі

Пікірлер