Қажыгелдиннен кейінгі премьер. Бүгін Нұрлан Балғымбаевтың туғанына - 75 жыл

1739
Adyrna.kz Telegram
Фото: Уикипедия
Фото: Уикипедия

Бүгін - Қазақстан Республикасының көрнекті саяси және мемлекет қайраткері Нұрлан Өтепұлы Балғымбаевтың туған күні. Тірі болғанда 75 жасқа толар еді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы

Нұрлан Балғымбаев – мұнайшылар династиясынан шыққан: әкесі мен немере ағалары мұнайшы болған.

Кезінде өзі ғана емес, өзгелер де «нағыз шаруаның адамы» атаған ол премьер-министр болып 1997 жылы тағайындалды. Технократ Балғымбаев бұл қызметке президент болғысы келетінін мәлімдей бастаған Әкежан Қажыгелдиннің орнына келді. Премьер қызметінде Балғымбаев екі жыл отырды. Бұл - теңгенің долларға шаққандағы бағамы екі есе құлдырап, елді қаржы және экономикалық дағдарыс жайлаған жылдар болатын.

Нұрлан Балғымбаев премьер-министр қызметінен кеткеннен кейін президент Назарбаевтың «тасадағы» адамдары қатарына ысырылғанымен, халық айтқандай «далада қалған жоқ». Мұнай өндіру саласында түрлі қызметтер атқарып, аз уақыт президент Назарбаевтың кеңесшісі болды. Қайтыс боларынан сәл бұрын Forbes.kz сайты Қазақстанның ең ықпалды 50 бизнесменнің ішінде Нұрлан Балғымбаевқа 23-орын берген.

Forbes.kz сайтының мәліметінше, «Балалары Төлеген және Самал Балғымбаевтармен бірге «Қазақстан мұнай инвестиция компаниясының» құрылтайшысы. Мұнай-газ саласында құрылыс және инженерлік қызмет көрсетумен айналысатын «Isker» концорциумының баласы арқылы үлестесі. Қызы - «Aтырау Девелопмент», «Кэпитал Пропертис», Renaissance Aktau Hotel, Renaissance Atyrau Hotel» сияқты компаниялардың Сержан Жұмашевпен бірге тең қожайыны. Балғымбаев – «ҚазМұнайГаз» компаниясы салатын кәсіпорындар дирекциясының бас директоры» делінген.

Мемлекет қайраткері, дарабоз мұнайшы Нұрлан Балғымбаев 2015 жылы 68 жасқа қараған шағында өмірден озды.

Пікірлер