ШЫҢҒЫС МҰҚАН: Бишімбаев ісі: айту керек пе, айту керек емес пе?

2161
Adyrna.kz Telegram
Бұл сұрақтың өзі нонсенс. Айту керек. Жазу керек.
Бұрын таңғалатынмын. Америкада бір оқушы жолға шығып кетіп, көлік қағып кете жаздап, бұл оқиға видеокамераға түсіп қалса, CNN-нен бастап барлық телеарналар азаннан кешке дейін көрсететін.
Одан басқа жаңалық жоқ па деуші едім. Сөйтсем, бір ата-ана баласынан көз жазып қалып, соңы қайғылы оқиғаға айнала жаздаса, бұл — бір отбасының емес, бүкіл қоғам сабақ алар, құндылықтарын қайта қарар, үлкендердің мүлгіп кеткен қырағылығын қайта өзектендірер оқиға екен.
Не үшін? Мұндай жағдай қайталанбау үшін. Ата-аналар бала қауіпсіздігін қайта қарау үшін.
Телеарналарда полиция жыл бойы қанша бала бақылаусыз қалғанын айтып, қоғамдық ұйымдар меткептерде ата-аналармен жұмысты күшейту керек деп жатады.
Ал бізде телеарналар бұл тақырыпты бүге шігесіне дейін талқылап жатқан жоқ. Оның орнын әлеуметтік желілер толтырып жатыр.
Сондықтан, Бишімбаевтің ісі бұл тек құқық қорғау органдары айналысатын, марқұмның отбасы ғана қайғыратын трагедия емес, қоғам болып талқылап, сабақ алатын жағдай. Сондықтан іс жан-жақты талқыланып, тіпті Конституцияның кепілі Президенттің өзі бақылауға алып, сот процесі ашық жүруге тиіс.
Неге Президент бақылауға алуға тиіс деп отырмын. Қазір қоғам сот жүйесі мен құқық қорғау органдарына аса сенбейді. Сенер еді, егер 10 жылға сотталған Бишімбаев 1,5 жылдан соң еркіндікке шықпаса.
Өкінішке қарай мұндай оқиға алғаш емес. Полиция соңғы жылдары неше еркек әйелін өлтіргенін, қанша әйел таяқ жеп полицияға арызданғанын, қанша іс сотқа жеткенін, психологтар мұндай травмадан соң, әйелдерге қалай көмек беру керек екенін жарыса айтып жатса дейміз.
Еркектерден жыныстық жәбір көрген әйелдер 2017 жылы #MeToo әлеуметтік қозғалысын бастаған-ды. Әйелдер әдетте ұят деп жария етпейді. #Мен_де, яғни #MeToo деп өз басынан кешкен жағдайды әлеуметтік желіге осы хештегпен жариялай бастады.
Америка әйелдерінің 56% өмірінде кемі бір рет харассментті бастан кешкен, 95% жағдайда еркектер ешқандай жауакершілікке тартылмаған.
Америка сияқты индивидуалистік қоғамның өзінде осындай жағдай. Бізде жағдай одан бетер болуы мүмкін, әсіресе тұрмыстық зорлық-зомбылық.
Әдетте танымал емес адамдар осындай жағдайға тап болса, ешкім назар аудармайды. Ал бұл оқиғаның жөні бөлек. Сондықтан бұл оқиғаны қоғам игілігі үшін барынша пайдалану керек, яғни мұндай оқиғалар болмайтындай, әрбір отбасы сабақ алатындай, әсіресе әйелдер күйеулерін басындырып, мұндай қарым-қатынасты төзіп жүрмейтіндей өз құндылықтарын қайта бағалау керек.
Мәжіліс пен мәслихат депутаттары мәселеге назар аударып, полиция мен прокуратураны шақыртып тыңдап, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия шұғыл отырыс өткізіп, мәселеге қоғам назарын аудару керек. Өкінішке қарай, мұның бәрі болып жатқан жоқ. Жаны түршігіп, әлеуметтік желіде орынды ашуын жазып жатқан азшылық болмаса, қалған қоғам қалғып жатыр.
Ең өкініштісі, бұл жан түршігерлік қылмысты ақтап, байғұс әйелді жазғырып жатқандардың реакциясы жағаңды ұстатады.
P.S. Жаңа ақпарат шықты. Бишімбаев әйелін өлімше етіп ұрып, жарты күн ресторанда ұстап, өлген соң, ағасымен бірге сол жерде тамақ ішіпті. Маняк па бұл өзі не деген қанішер еді?!

 

 

Пікірлер