АСХАТ ҚАСЕНҒАЛИ: Соңғы екі жылда әлемдік державалардың Қазақстанға қызығушылығы артты

1320
Adyrna.kz Telegram

Орталық Азияға әркімнің-ақ бар таласы. Әсіресе соңғы екі жылда. Державалардың біздің аймаққа қызығушылығы артты. Украина мен Ресей соғысы басталғалы бері, Орталық Азияның маңызы тіпті арта түсті. Өткенде ғана С5+1 (ОА және АҚШ) саммиті өтті, алғаш рет президенттер деңгейінде жиналды. Көктемде Қытай мен ОА басшылары Сианда саммиттетті, 22-нің күзінде алғаш рет «Орталық Азия және Ресей» атты саммит өтті, ол да ел басшылары ауқымындағы шара болды. АҚШ, Қытай, Ресей ОА-мен түрлі әріптестікті қарауда. Енді міне бұл форматқа Еуропа да барынша қосылуға тырысуда. Себебі Орталық Азия табиғи ресурсқа бай және кең транзиттік мүмкіндікке ие аймақ. Еуразияның heartlandы.

Бұл форматтарды тиімді пайдалану керек. Экономикаға, саясатқа. Баланс ұстау үшін қажет. Бүгін-ертең Германияда Орталық Азияның басшылары мен неміс басшысы арасында жиын өтеді. Ол «Германия және Орталық Азия» деп аталады. Бүгін Тоқаев пен Шольц Берлинде бетпе-бет жүздесіп, біраз дүниені талқы етті. Экономика, саясат. Ресей мен Украина соғысы да талқы арасында айтылған тақырыптың бірі болды.

Қазақстан басшысы «Ресейге салынған санкцияларды біздің еліміздің аумағы арқылы бұзылуына жол бермейміз, бұл тұрғыдан тиісті ұйымдармен жұмыс істеудеміз» дегені бүгін біраз ресейлік телеграм арнаның құлағын шулатуда. Бұл соғыс басталғалы айтылып келе жатқан мәлімдеме: «Санкцияға қосылмаймыз, бірақ санкцияның біздің аумақ арқылы бұзылуына жол бермейміз». Әзірге арбаны да сындырмайтын, өгізді де өлтірмейтін позиция осы болып тұр. Бұның Батыстық медиа алдында айтылғаны ресейліктерді біраз ашуға салғандай.

Тағы бір айтылған дүние ол «Ресейдің Қазақстанға қатысты аумақтық мәселесі жоқ, екі ел шекарасы анықталған» деген сөз. Осы уақытқа дейін біз ресейлік саясаткерлердің тарапынан сан түрлі негізсіз мәлімдемелерге куә болдық. Ол аумақтық тұтастыққа да қатысты еді. Әлемде геосаяси жағдай ушығып тұрған сәтте, Ресей саясаткерлерінің аумақтық тұтастыққа қатысты сөздерін ел басшысының аузымен Батыстық БАҚ-қа айту агрессор көршімізге сылтау да тауып берумен тең. Сондықтан да «біз доспыз, шекара мәселесі шегенделген» дей салу тиімді нұсқа.

Бірақ ең қажеті біз үшін бұл мәлімдемелер емес, қажеті экономикалық байланыс. Акцентті соған беру керек. Германия әлем экономикасындағы үздік бестіктің ішінде, Еуропадағы көшбасшы елдің бірі (Ұлыбритания мен Франция үшеуі таласуда). Ресей мен Украина соғысы Германия экономикасына үлкен өзгеріс әкелді. Ол Ресей газы мен мұнайынан бас тарта бастады, «Солтүстік ағын-2» жобасын тоқтатты, кейін «Солтүстік ағын-1» құбырында жарылыс болды. Германия жаппай энергетика саласында Ресейді алмастыру жолын іздей бастады. Міне, осының аясында Қазақстан мен Германия арасында байланыс артты. Қазақстан Ресей аумағы арқылы және Транскаспий бағытында (Қазақстан-Әзербайжан-Грузия) Германияға мұнай сатуда. Соғысқа дейін Германия бізден жылына 200 мың тонна мұнай алса, енді ол көрсеткішті 1.2 млн тоннаға жеткізу келісімі ұсынылуда. Яғни 6 есеге ұлғайған. Негізі біздің мұнайды Еуропа елдері көп алады ғой, соның ішінде Италия мен Нидерланды басымдыққа ие еді. Енді олардың қатарына Германия қосылуда. Негізгі тақырып аясы осының маңайында болды деп ойлаймын.

Германия мен Қазақстанның тауар айналымы өткен жылы 2.7 млрд доллар болыпты. Оның ішінде біз немістерге мұнай, ферроқорытпа өнімдері, балық өнімдері, тұз, бағалы металдар, темір және т.б сатыппыз. Олар бізге ұшу аппараттары, дәрі-дәрмек, көліктер, ауыл шаруашылық техникалары, медициналық жабдықтар, адам және жануар қаны (бақандай 27 тонна), мотор майы және басқа сатыпты. 2.7 млрд жақсы әрине, бірақ оны 5 млрдқа жеткізу мүмкіндігі айтылса керек. Біз сол негізінен шикізат сатыппыз, немістер жоғары технологияларды саудалапты.

Немістердің қазақтарды сағынған видеоларына тамсанып отыра бермей, олардың кәсіпорындарын да шақыру керек. Салықтық жеңілдік ұсынып дегендей. Мысалы Германия көмір кеніштерін қайта ашуда. Бізге сол салада да әріптестік орнатуға болады...

Ертең «Орталық Азия және Германия» саммиті. Көршілеріміз де өз жобаларын ұсынады, олар да неміс инвестициясынан үмітті. Бауырластық, көршілік жақсы әрине, бірақ Еуропадан инвестиция тарту мен экономикалық байланысты арттыруда бәсекелестіктен қалуға болмас.

Пікірлер