«Қайраттың» жігерін құм қылған ойын. Футбол күнделігі

4510
Adyrna.kz Telegram

Футбол сүйер қауым үшін өткен апта маңызды матчтарға толы болды. «Манчестер Сити»  «Челсиді» есте қаларлықтай жеңіп, Премьер-лига чемпионы атанды. Қазақстанда жергілікті Премьер-лиганың 10 туры ойындары өтті.

ЧЕМПИОНДЫҚ СЫРЫ: ЕПТІ ШАБУЫЛ, БЕРІК ҚОРҒАНЫС

Англияның «Манчестер Сити» клубы осы жылы да Премьер-лига  кубогын ешкімге бермеді. «Манчестер Ситидің» бас бапкері  Пеп Гвардиоланың тактикасының арқасында олар маусым соңында керемет тұрақтылықты, табандылықты және шеберлікті көрсетті.

Команда «Арсенал» клубының 37-турда «Ноттингем Форест» клубынан 0:1 есебімен жеңілгеніне байланысты, маусым аяқталмай  тұрып Англия чемпионы атанды. Команданың шабуылдағы ептілігі және қорғаныстағы беріктігі оларды Премьер-лиганың чемпиондыққа жеткізген үздік сапа болған сияқты. Соның нәтижесінде «Манчестер Сити» клубы үшінші жыл қатарынан Англия чемпионы атанды.

Англия Премьер лигасының 37-турының аясында «Манчестер Сити» мен Лондондық «Челси» клубтары кездесті. «Манчестер Сити» «Челси» клубын өз алаңында Англия чемпионы ретінде қарсы алған болатын. Содан да болса керек, «Манчестер Сити» бұл матчтқа өзінің қосалқы құрамын салды. Нәтижеде жеңіс!

Кездесу 1:0 есебімен алаң иелерінің  жеңісімен аяқталды. Кездесудегі жалғыз голдың авторы - әлем чемпионы және «Манчестер Сити» клубының шабуылшысы Хулиан Альварес.

«Челси» болса, 37-турдың қорытындысы бойынша 43 ұпаймен турнир кестесінде 12 орында тұр. Ойын соңында Англия чемпиондарына кубок табыстау рәсімі өтті.

ҚАЗАҚША ОЙЫН: «ҚАЙРАТ» «ҚАЙСАРДАН» ЖЕҢІЛДІ

Осы демалыста Қазақстан Премьер-лигасының 10-тур ойындары өткен болатын. Әзірге турнирде «Астана» футбол командасы 25 ұпаймен көш бастаса, «Ордабасы» 23 ұпаймен 2 орында, «Қызыл-Жар 22 ұпаймен 3 орынға жайғасты.

Осы жексенбіде Қазақстан чемпионатының 10-турының аясында алматылық «Қайрат» өз алаңында қызылордалық «Қайсармен» кездескен болатын.

Алайда есеп ашу қонақтардың еншісіне бұйырды. Бірінші таймның 10 минутында қонақ-команданың қорғаушысы Жуан Педро Оливейраның тепкен добы «Қайраттың» қақпасына дөп тисе, 22 минутта  «Қайсар» клубының жартылай қорғаушысы Дмитрий Бородин айып добымен есепті 0:2 ғылды.

Ойынның 37 минутында «Қайрат» командасының голы ойыннан тыс қалғандықтан есепке алынбады. Бірінші таймның қосылған уақытында бұрыштама добы ойнатылды.

Бұдан кейін «Қайрат» клубының жартылай қорғаушысы Андрей Ульшиннің қолына доп тигендіктен, төреші алматылық клубтың  қақпасына панельти белгілеген. Оны Дмитрий Бородин орындап, осы ойында дубль жасады.

Екінші таймда «Қайрат» клубы «Қайсар» қақпасының осал тұсын таба алмай ойын 0:3 есебімен қонақ команданың  жеңісімен аяқталды. Ойын нәтижесі бойынша «Қайсар» клубы 3 ұпай алып, жалпы  16 ұпаймен Қазақстан чемпионатында 7 орынға, ал «Қайрат» 18 ұпаймен 5 орынға жайғасты.

Мұхамметжан АЛПЫСБАЙ, 

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер