Соғыс ардагерлеріне 4,6 млрд теңгеге материалдық көмек көрсетіледі

1903
Adyrna.kz Telegram

Жеңіс күні қарсаңында соғыс ардагерлеріне 4,6 млрд теңге сомасына біржолғы материалдық көмек көрсетіледі. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Басқарма жыл сайын біржолғы материалдық көмек төлеудің дәстүрге айналғанын атап өтті.

«Жеңіс күні қарсаңында жергілікті атқарушы органдар 4,6 млрд теңге сомасында біржолғы көмек көрсетуді көздеп отыр. Облыстардың, елорда мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктеріне ҰОС қатысушылары мен ҰОС кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдар үшін материалдық көмектің ең төменгі кепілдендірілген шегін 1,5 млн теңгеден кем емес мөлшерінде белгілеу ұсынылды. Нәтижесінде барлық өңірде олар үшін аталған мөлшерде біржолғы материалдық көмек көзделіп отыр (Ақтөбе және Павлодар облыстарында – 2 млн теңге)»,—делінген хабарламада.

Айта кетейік, қазіргі таңда елімізде Ұлы Отан соғысының 222 қатысушысы және ҰОС кезеңінде алған жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруы салдарынан мүгедектігі бар адамдар, сондай-ақ ҰОС жеңісіне үлес қосқан 60 106 басқа да азамат тұрады.

2023 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша зейнетақыны ескере отырып ай сайын алынатын әлеуметтік төлемдердің орташа жиынтық мөлшері:

ҰОС қатысушылары үшін – 220 754 теңге (161 адам);
ҰОС кезеңінде жарақат алу, контузия алу, мертігу немесе ауру салдарынан мүгедектігі бар адамдар үшін – 229 286 теңге (61 адам);
басқа мемлекеттердің (Ауғанстан, Вьетнам, Алжир, Мысыр, Ирак және т. б.) аумағындағы әскери іс-қимылдарының ардагерлері үшін – 215 201 теңге (25 752 адам);
жеңілдіктер бойынша ҰОС қатысушыларына теңестірілген адамдар үшін – 182 782 теңге (3 648 адам);
ҰОС кезеңінде жарақат алу, контузия алу, мертігу немесе ауру салдарынан мүгедектігі бар адамдарға жеңілдіктер бойынша теңестірілген адамдар үшін – 140 838 теңге (14 424 адам);
ҰОС жылдарындағы тыл еңбеккерлері үшін – 148 892 теңге (57 436 адам).

Пікірлер