Бизнесмен Алагөзов Гүлмира Сатыбалдыдан 6,5 млрд теңге өндіріп алды

2215
Adyrna.kz Telegram

7 жылға сотталған Гүлмира Сатыбалды жәбірленуші Тұрсынғали Алагөзовке 6,5 млрд теңге көлемінде материалдық залалды өтейді. Байқоңыр ауданының №2 сотының судьясы Кемеңгер Имашев Тұрсынғали Алагөзовтің моральдық және материалдық шығынды өтеу туралы азаматтық талабын ішінара қанағаттандырды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы. 

Шешімге сәйкес, сотталған Гүлмира Сатыбалды жәбірленуші Алагөзовтің пайдасына 6,5 млрд теңге көлемінде материалдық залалды GALANZ bottlers АҚ-ның 43,25% жай акциясын заттай қайтару арқылы өтейді.

Моральдық залал көлемі 1 млн теңге деп есептелді.

Бұған дейін Тұрсынғали Алагөзов азаматтық талап-арыз ретінде соттан өзіне тиесілі 43,25% акцияны қайтаруды сұрады. Айтуынша, бұл АҚ жұмысын жалғастыру үшін қажет. Ал моральдық шығын ретінде 35% акцияны өндіруді сұрады.

«Адам ұрлау және өзінше билік етуге қатысты іс екі айға жуық уақыттан бері жалғасып жатыр. Ал мен көрген азап пен уайым шамамен бес жылға созылды. Мұның бәрінің артында Сатыбалдының заңсыз әрекеттері тұр. Оның барлық әрекеті бұрынғы күйеуі Қайрат Сатыбалдының басшылығымен жасалды. Шын мәнінде ешқандай дефолт болған жоқ және оның бәрі қолдан жасалды. Сатыбалды компанияны дефолт жағдайынан шығарудың себебін ойлап тауып, өзіне ешқандай қатысы жоқ компанияны «құтқаратынын» айтты. Осылайша өзін қазақстандық компанияларға көмектесетін қамқор әйел сияқты көрсетіп отыр. Алайда ол менен, яғни компания құрылтайшысынан және ірі акционерден көмек алғың келе ме деп сұрамады. Сол арқылы қазақстандық бизнес қоғамдастық алдында менің беделімді түсірді», - деді Тұрсынғали Алагөзов.

Еске салайық, 2023 жылдың 4 мамырында Гүлмира Сатыбалдыға сот үкімі шықты. Ол 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді. Іс бойынша  Мади Батыршаев 7 жылға бас бостандығынан айырылды, Рашид Өтебеков 5 жылға сотталды.

Пікірлер