Сарышаған полигонында ресейлік зымыран сынақтан өткізілді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Ресей Қорғаныс министрлігі зымыранның Астрахань облысындағы Капустин Яр полигонынан ұшырылғанын мәлімдеді.
«Зымыранның оқу жауынгерлік бөлігі берілген дәлдікпен Сары-Шаған полигонындағы (Қазақстан Республикасы) шартты нысанаға тиді. Сынақтың барлық міндеті толығымен орындалды»,—деді баспасөз қызметі.
ҚР Қорғаныс министрлігі бұл оқиғаға қатысты түсініктеме берді. Айтуларынша, 12 сәуірде Ресей Сарышаған полигонында шартты нысанаға стратегиялық мақсаттағы зымыранын сынақтан өткізген.
«Зымыран қатты отынды және жойғыш бөліктен тұрмайды. Жіберудің мақсаты — оның ұшу траекториясын бағалау. Жұмыстарды жүргізу барысында қауіпсіздік шаралары сақталды. Одан Қазақстан халқына және қоршаған ортаға қауіп төнген жоқ»,—делінген ресми хабарламада.
Айта кетейік, Сарышаған полигонын Қазақстан мен Ресей арасында жасалған халықаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес, Ресей Федерациясы жалға алған.