Қазақстанның автокөлік нарығы жаңа брендпен толықпақ

2690
Adyrna.kz Telegram

Жақында Allur автомобиль компаниясы мен Jetour бренді өзара стратегиялық келісімге қол қойып, Қазақстанда Jetour автомобильдер өндірісін бастайтындарын мәлімдеді.

Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің басын қосқан компания қызметкерлері жаңа брендті таныстырып, атқарылып жатқан жұмыстардан жан-жақты хабардар етті.

Өзінен бұрын аты танымал болған Jetour автокөлігі Қостанай қаласында отандық кәсіпорында өндірілмек. Бүгінге дейін көлік құрастыруға, қосалқы құралдарды тасымалдауға қатысты алғышарттардың бәрі сәтті орындалған.

Jetour International компаниясының өңірлік директоры Джон Лидің айтуынша, Қазақстанда жаңа болғанымен бұл бренд көпшіліктің ықыласына бөленіп үлгерген. Оның айтуынша, тек 2018 жылы Jetour автокөлігінің 600 мың данасы өз иесін тапқан. Сәндік қана емес, сапалық тұрғыдан жұртшылық көңілінен шыққан автокөлікті 2022 жылы сатып алушылар саны тіпті өскен. «2022 жылы Қытайға ғана емес, әлемдік нарықта Jetour автокөлігіне сұраныс бірден көтерілді. Бұл компания аз ғана уақыт ішінде үлкен және орташа жол талғамайтын автокөліктер сататын Қытайдағы бірегей компаниялардың біріне айналды» деген Джон Ли әсіресе Jetour темір тұлпарлары Эквадор, Уругвай, Мьянма және Ангола секілді бірнеше мемлекетте ең сатылымы жоғары жол талғамайтын көліктердің көш басында тұрғанын мақтанышпен айтты.

"Бұл көліктер Казақстан тұрғындарының қызығушылыға толық сай келеді. Өйткені, Jetour-мен саяхатқа шығу тиімді. Ал бұл біздің брендтің ең басты ерекшелігі. Осы арқылы біз қазақстандық тұтынушыларға бәсекеге қабілетті, тұтуынушы мен нарық талабына толық беретін өнімді ұсынып отырмыз», - деді Джон Ли.

Жоғарыдағы меморандумға сай 2023 жылдан бастап Jetour Qazaqstan компаниясы бүкіл ел бойынша дилерлік орталықтар желісін құруды қолға алған. Алғашқы автоорталықтар осы жылдың екінші тоқсанының басында Астана, Алматы, Қарағанды, Қостанай қалаларында ашылады деп күтілуде. Қазіргі уақытта брендтің жоғары стандарттарына сәйкес дилерлік кәсіпорындарда қызу дайындық жүргізіліп жатыр.

Дайындықтың қалай жүргізілгенін Jetour Qazaqstan-ның бас директоры  Алексей Тананыкин жан-жақты таныстырып өтті. Оның айтуынша Қазақстанға табан тірегін жаңа компанияның дайындық кезеңі толық аяқталып, өндіріс басталып та кеткен. Соның арқасында Қазақстан нарығына қадам жасағалы отырған жаңа брендтердің бағасы да анықталып қалды. Әзірге Jetour брендімен төрт түрлі көлік нарыққа шығады.

«C-SUV сегменті бойынша Jetour X1, ал D-SUV сегментінің аясында X70, X70 Plus и X90 Plus модельдері шығарылады. Азаматтарға барынша ыңғайлы болуы үшін Jetour  көліктерін жеңілдетілген несиемен беру тетіктері жасалуда», - деген Алексей Тананыкин жаңа дүниеге көз тігіп, елеңдеп отырған көпшілікті бір қуантып қойды.

Осыған орай көліктерге 5 жылға кепілдік беріліп отыр. Сондай-ақ 200 шақырым жүргенге дейін тұтынушылар көліктерін тегін көрсетіп, тегін көмек ала алады».

Клиенттерге ыңғайлы болу үшін 2023 жылғы 31 наурызында Қазақстандағы JETOUR-дің ресми сайты іске қосылады. Жаңа брендке қатысты өзін қызықтырған сауалдардың, мазмұнды ақпараттардың бәрін азаматтар jetour-auto.kz ресми сайтынан таба алады. Бұл сайтта сонымен бірге брендтің қолжетімді модельдері, дилерлік желісі, қаржылық өнімдер, арнайы бағдарламалар мен ұсыныстар жайлы ақпарат топтастырылмақ.

Қазіргі уақытта Jetour ҚХР нарығында кроссовер шығаруға маманданған, әрі ең жылдам дамып келе жатқан бренд деп есептеледі.

Пікірлер