Әміржан Қосанов, «Жаңа Қазақстан» форумы: «Үкіметке обал болды деп жатқан ешкім жоқ!»

2848
Adyrna.kz Telegram

Үкіметтің отставкасы еліміздің тұрғындарын бей-жай қалдырмаса керек-ті. Себебі, жүздеген әлеуметтік желі қолданушылары өз пайымдарын жасауда. Біз осы оқиғаға орай, белгілі саясаткер Әміржан Қосановтың пікірін білгенді жөн санадық.   

Үкіметтің отставкаға кетуін күттіңіз бе?

Үкіметтің аракідік отставкаға кетіп тұруы – президенттік басқару жүйесіне тән құбылыс. Бір адамға бағынған саяси жүйе мен саяси технология заңдылығы сондай. Сондықтан бұл өзі күтулі болған жайт. Оның үстіне, соңғы кезде үкіметке қатысты сын үдеп кетті. Президент те үкіметті жерден алып, жерге салып, дүйім жұрттың көзінше «қорқақсыңдар!» деп жатты. Осының бәрі үкіметтің басына бұлт үйірілгенін білдіріп еді. Аықырында үкімет кетіп тынды.

Халықтың (аналардың) талабы өткен Үкіметтің көлеңкесінде қалу қауіпі бар ма?

Олай болмайтын сияқты, өйткені президент кешегі мәлімдемесінде осы және басқа да әлеуметтік мәселелерге қомақты қаржы бөлінетінін айтты емес пе? Бірақ қоғамда, экономикада, әлеуметтік салада осы жылдары қордаланып, шешімін таппаған проблемалар президенттің бір қаулысымен шешіле қоймасы анық.

Жаңа Үкіметтің келуі елдегі  саяси-эконмикалық жағдайына пайда әкеле ме?

«Қосылғыштардың орнын ауыстырғанмен қосынды өзгермейді» деген арифметикалық тұжырымды саясатқа да қолдануға болатын сияқты. Қай үкімет ауысқанда жағдай күрт жақсарып еді?! Баяғы жартас – сол жартас!

Әңгіме жүйелік дағдарыста болып тұр.

Өзгеріс болуы үшін не істеу керек?

Ол үшін үкіметті жасақтаудың принципі өзгеруі тиіс. Яғни, парламенттік сайлауға түсетін партиялар нақты бағдарлама ұсынуы шарт. Халық оны талқылап, өз көзқарасын білдіруі тиіс. Сайлауда жеңіске жеткен партия өз үкіметін құрып, бар жауапкершілікті өз мойнына алуы керек. Елге берген уәдесін орындаса, ол үкіметті халық келесі сайлауда қолдайды, орындай алмаса, сайлаушылар ол партияға дауыс бермейді. Міне, шынайы саяси бәсеке мен жауапкершілік дегеніміз осы! Және де үкіметтің күнделікті қызметін бақылап отыратын өкілетті парламент пен тәуелсіз БАҚ жүйесі болуы шарт. Осындай демократиялық дәстүр орнықса, үкіметтің жұмысы да жандана түспек!

Жаңа  үкімет "Рухани жаңғыра" ала ма? Яғни, қазақ тілі шаруашылық тіліне айнала ала ма? 

Қазақ тіліне немқұрайлы қараған кез келген үкіметтің болашағы жоқ! Саяси бәсеке қыза түскен қазіргі кезеңде әрбір министр осы жайтты ұғынып, басшылыққа алмаса, оның күні мен саяси карьерасы қараң болатынын сезіп те жатыр!

Бірақ мен «рухани жаңғыру» мәселесін тек қана тіл мәселесіне теліп қоймас едім: оның ауқымы одан анағұрлым кең әрі терең.

Сағынтаев командасының қателіктері?

Бұл үкімет отставкаға кеткен соң оны сынаушылар табыла қалар. Біз болсақ, бұл үкіметтің кемшілігін о бастан айтып келеміз.

Меніңше, бұл үкіметтің төрт басты қателігі мен кемшін тұсы болды.

Біріншіден, бұл үкімет өзін бірегей, бір мақсатқа жұмылған команда ретінде таныта алмады. Оның өз себебі бар, өйткені әр министрдің артында оны қолдаған клан, нақты олигархтық топ тұр. Сондықтан ол шенеунік мемлекеттік мүддеден гөрі, өз жақтастарының сойылын соғып жатады. Әртүрлі лагерьдің өкілі болғандықтан, бірін-бірі аңдып, бір-бірінің сүрінуін тілеп отырғандай кейіп танытты.

Екіншіден, бұл өзі «біз тек қана президенттің тапсырмасын орындап жатырмыз» деген жалпы сылтауды басшылыққа алған, саяси жауапкершілігі мүлдем жоқ үкімет еді. Қит етсе болды, бар жауапкерщілікті президентке арта салу – аса қиын шаруа емес қой! «Осы шешім үшін бар жауапкешілікті өз мойныма аламын!» деген бір де бір министрді көре алмадық!

Үшіншіден, бұл үкімет ең басты міндет – Қазақстан экономикасын диверсификациялау, яғни мұнайға тәуелділіктен құтылу ісін жүзеге асыра алмады. Сол себепті, президенттің өзі айтқандай, басты экономикалық көрсеткіштер мейлінше төмен боп шықты.

Төртіншіден, біз бұл үкіметтің адами сипаты мен болмысын көре алмай-ақ кеттік. Елдің түкпір-түкпірінде сұрапыл оқиғалар, трагедиялар болып жатады, ал олар жылы кабинеттерінен шығуға жарамай жатты. Ел ішіне барып, жұртпен терезесі тең әңгіме құрып, нақты болмыспен мейлінше жақын танысқанда, бәлкім, қоғамның да ол үкіметке деген көзқарасы басқаша болар ма еді.

Олай болмай шықты. Сондықтан да «осы үкімет мықты еді, обал болды» деп жатқан қалың жұрт та көрінбейді....

  

Әңгімелескен Жасұлан Наурызәлі

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер