ЖАПОНИЯНЫҢ ҰЛТТЫҚ БІЛІМ ҮЛГІСІ

4025
Adyrna.kz Telegram

Жапония қандай ел?

Халықаралық рейтинг Жапонияның білім үлгісін әрқашан да алдыңғы орынға қойып келеді. Жапония білім саласы бойынша әлемнің алдыңғы ондығына кіреді. Адамзаттың планетасындағы білімі мен технологиясы, өркениеті дамыған көшбасшы ел. Сондықтан да білім іздеген әртүрлі елдердің азаматтары Жапонияның білім беру тәжірибелерінен өтуді армандайды.
Ерте уақыттарда Жапонияның білім саласы қытай мен кореялықтардың білім саласына тәуелді болған. Кейіннен 17 ғасырдан кейін Жапония елі өзінің ұлттық білім структурасын қолына алды. 1868 жылдары Жапонияның білім саласы батыстық үлгіге де қол жеткізген. Жапонияның білім беру үлгісі Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдарда түбегейлі өзгеріске ұшырап, ұлттық сипатқа ие болды, түбегейлі ұлттық реформаларға көшті. Соның нәтижесінде өте қуатты Ұлттық жапондық білім беру үлгісі қалыптасты. Білім беру саласы міндетті оқытулар мен міндетті емес оқытулар болып екі тарапқа бөлінді. Метепке дейінгі оқыту орындарында балаларды міндетті түрде оқытпайды. Керісінше, мемлекеттің қамқорлығына алып, барынша әлеуметтік қамсыздандырады. Мұны арнайы Қамқорлық жасау министрлігі өз құзіретіне алып жұмыс жасайды. Оған 1 мен 3 жас арасындағы балалар кіреді.
Балабақшаларда оқыту жүйесі білім және мәдениет министрлігінің құзырына кіреді. Мұнда да балаларға қамқорлық пен әлеуметтік қамтамасыз ету барынша қолға алынған. Оған 3 пен 6 жас аралығындағы балалар кіреді. Жапонияда жұмыс жасамайтын баласы бар аналар өз балаларын мемлекеттің бағдарламалары бойынша арнайы оқыту мен тәрбиелеу орындарына тегін оқыта алады. Білім алу елдің конституциялық заңы бойынша барлық балалар мен азаматтарға міндетті болып табылады.

Жапонияның мектептерінде ең алдымен жапон тіліне мән береді. Білім алудың ең негізгі бастамасы тілді үйрену деп қабылданады. Жапон балаларына ана тілін үйрену барлық ұлттық бастамалардың негізі етіп түсіндіріледі. Оны оқыту методикасы бойынша әртүрлі деңгейлерге бөледі. Содан кейін математиканы үйрету міндетті болып табылады. Жапония мектептерінде математиканың түрлі түрлі салалары жүйелі түрде оқытылады. Математиканы терең оқытатын Жапония елі қазіргі уақытта электрониканың жетекші көшбасшысы саналатыны бекерден бекер емес. Жапон балалары үшін математиканы игеріп алу қалыпты жағдай ғана болып саналады. Математикадан кейін «Өмірдегі іс әрекет негіздері» деген қызық пән оқытылады. Ары қарай гуманитарлық ғылымдар, фундаментальді жаратылыстану ғылымдарына көңіл бөледі. Мектептерде ұлттың мәдениеті мен этикасына, ұлттық діни құндылықтарына аса зор көңіл бөледі. Жапон мектептерінде балалар әлеуметтік деңгейлеріне қарамастан, барлығы да біртегіс мектептің формасымен жүреді. Мектептегі тәртіпке ерекше көңіл бөледі. Сабақ аяқталғаннан кейін балалар міндетті түрде өздерінің сынып бөлмелерін кезекшілікпен тазалап кетеді. Сол үшін күнделікті жұмыс графигі түзіліп отырады. Жапон мектептерінде балалардың өз сыныптарын мұнтаздай таза ұстауы мектептегі мәдениет мен білімнің негізгі бастауы болып түсіндіріледі.

Төмен деңгейдегі ұлттық орта мектептерде міндетті пәндер жапон тілі мен алгебра, тарих, геометрия, және басқа да пәндер оқытылады. Жапон тілімен қатар 12 жасқа толған балаларға ағылшын тілі қосымша оқытылады. Жапонияда да ағылшын тілін халықаралық байланыс тілі деп түсіндіреді.

Жоғары деңгейдегі ұлттық орта мектептерде де математика мен техникалық пәндер міндетті болып табылады. Мұнда техникалық және технологиялық пәндер тереңдетіліп оқытылады. Бұл мектептердің қатарына техникалық училищелер де кіреді. Бұл мектептерде 15 жастан асқан балалар қатарынан үш жыл оқиды. Дәл осы аралықтар мен кезеңдерде 95 пайыз жапон балалары ұлттық тәрбие мен ұлттық оқыту деңгейлерінен өтіп шығады.

Міне, жапон мектептерінде ұлттық мәселеге бесіктен шыққаннан бастап көңіл бөліп отырады. Бұл негізі өте көп материал еді. Мен қысқартып алдағы уақыттарда жазып отырамын. Мұның біздің елдің педагогтары үшін де маңызы зор. Кезінде Алаш Өкіметінің көсемі Әлихан Бөкейхан атамыз тектен текке Жапонияның білім үлгісімен қазақ балаларын оқытайын деп айтпаған еді. Бәріне көзі жеткендіктен сол елдің үлгісімен балаларды оқытуды мақсат еткен. Өкінішке орай армандары орындалмай кетті. Сол армандарын бүгінгі ұрпақ орындаса екен дейміз... Қазақ баласына технология мен білім керек. Әйтпесе, біз әлеуетті ел бола алмаймыз.

Бекболат Қаржан

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер