Билік неге қазақты менсінбейді?

2493
Adyrna.kz Telegram

Біздің ресми билік неге қазақ тілді БАҚ-ты менсінбейді? Кеше ғана аты әлемжеліде "хит"  болған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мадина Әбілқасымова блогер Денис Кривошеевке жауап беріпті. Министр блогерге емес, мемлекеттік арналарға жауап беру керек!

Себебі, оны сол орынға қойып отырған мемлекет! Яғни, министр Әбілқасымова мемлекеттік БАҚ-қа жауап беру арқылы, халыққа жауап береді.

Жалпы, бізде жоғары шенділерде қазақ тілін екінші, үшінші сортқа қоятын әдет әлі арылмаған. Ал, қазақтілді ақпарат құралдары сол орысша шыққан мақалаларды аударумен отыратыны да шындық.

Соңғы ресми деректерге сүйенсек, халықтың 70 пайыздан астамы қазақ! Қолданыс тілі қазақ тілі. Сол халықтың қызметшісі болуға тиіс Үкімет пен министрлер неге бөтен мемлекеттің тілінде сөйлейді? Олар сонда  қай мемлекеттің министрлері?

Әлде,  соны талап ете алмай отырған өзіміздің сорлылығымыз ба?

Қазір әлеуметтік мәселелерді көтеріп отырған қазақ тілді БАҚ. Фейсбуктегі парақшалары арқылы бүкіл қоғамға әсер ете алатын қазақ тілді блогерлер қаншама. Бірақ, ресми билік ресми тілді журналистер мен блогерлерге жауап беруге құмар. Орыс тілінде айтсам, жазсам бәрі оқиды деген кеңестік құлдық санадан әлі арылмаған.

Қош, аты-шулы министр не депті беймәлім блогерге? Мәдина Әбілқасымова қайғылы оқиғаға орай былай деп ағынан жарылыпты.

«Бұл қайғылы оқиға тек бір ғана отбасының емес, барша халықтың қабырғасын қайыстырып, жүрегіне жара салды. Барлық туыстары мен ата-анасына қайғыра көңіл айтамын. Мен де анамын, қандай қиын екенін білемін, бұл – орны толмас қаза. Жаратқан отбасына жар болсын.

Осыған байланысты біздің министрлік алдағы уақытта қосымша әлеуметтік көмек пен тұрғын үйге қатысты көмегін ұсынады. Әлеуметтік жағдайы төмен барлық отбасыға тиісті көмек көрсетілетін болады».

Мадина ханымнан сұхбат алған Денистің парақшасына кірдік. Сөйтсек, Денисіміз "біз не үшін көпбалалы аналарға тегін пәтер беруіміз керек" деп халыққа тепсініпті. Айналайын, Денисжан оны шешетін Сіз бен Біз емес. Және Саған сұхбат беріп отырған министр ханымыңның да қолынан келе қоймас.

Оны шешетін халық. Қазақта "көп қорқытады, терең батырады " деген сөз бар. "Халық қаласа хан түйесін сояды" деген мақалды да осы сен тұратын мемлекеттің иелері айтқан. Сондықтан  "біз неге пәтер беруіміз керек деп" мемлекеттің атынан сөйлегенше, неге біз оларға бермеуіміз керек дегенің дұрыс болар еді.

Біз ресми билік орыстілді БАҚ-қа сұхбат беруге неге құмар деген сұрақты қоғамдағы орны мен ойы бар азаматтарға қойып едік.

Максим Споткай,  "НҰР-Медиа" холдингі бас директорының орынбасары:

Бұқаралық ақпарат құралдарының тиімділігін тексеру керек. Әлеуметтік мәселелердің көбі қазақтілді аудитория көтереді. Яғни оларға тікелей жауап беру керек. Ол үшін жалғыз құрал – қазақтілді БАҚ пен қазақтілді блогерлер. Қазақтілді аудиторияға орыстілді БАҚ арқылы жауап берудің қажеті жоқ. Тиімділік жоқ. Мақсаттық аудиториясы басқа. Қазақтілді БАҚқа сұхбатты берсе шын мәнінде әсер болады. Екінші мәселе – орыстілді БАҚ мықты деген Кеңес заманында қалыптасқан қағидалардың бірі. Жағдайды өзгертуіміз керек. Қазақтілді аудитория өсуде. Ол факт. Оны да ескертуіміз керек

Ермұрат Бапи, журналист

Қазақ қоғамы үшін трагедиялық сұрақ. Себебі, біздегі мемлекеттік жиындардың 95 пайызы орысша өтеді. Оны өткізетін кім? Президент. Сондықтан біз қоғам болып талап етуіміз керек. Талап қоюымыз қажет. Тағайындап отырған адам керек қылмаған қазақ тілін министрлер керек қылсын ба?

Қанат Әбілқайыр, Abai.kz ақпараттық порталының бас редакторы:

Биліктегі шенділердің басым бөлігі мемлекеттік тілде еркін ой пікірін білдіре алмайды. Сондықтан орыс тілді БАҚ-қа сұxбат беруге құмар. Мемлекеттің 82 пайызы қазақ тілін білетінін 2009 жылғы санақ дәлелдеп берген болатын. Ал, біздің министрлер осыдан он жыл бұрынғы осы 82 пайызға да кіре алмай отырғаны - абсурд. Бұл - бір.
Екіншіден, мемлекеттің қалтасынан қаржыландыратын қаншама ақпарат құралдары бола тұра, министрдің блогерге сұхбат беруі өзімбілемдікке салыну һәм қазақ қоғамына жасаған қарсылығы деп тануға болады. Мұның тағы басқа қыры бар. Әбілқасымова ресми ақпарат құралдарына шықса, оның айтқан сөзін мемлекеттің нақты позициясы деп ұғуға болар еді. Астанадағы қайғылы оқиға өткелі 3 күн болды, мемлекет нақты позициясын әлі анықтай алмай отырған сияқты. Мемлекет нақты позициясын нақтылай алмағандықтан, ертең өздері сытылып шығып кетер жолды таңдап, блогерлерді құтыртып отыр деп санаймын.
Үшіншіден, 3 күн бойы біздің шенеуніктер бұл мәселеде нақты позициясын әлі анықтай алмай отырғаны жүйенің тығырыққа тірелгендігінің белгісі. Қазір біресе төтенше жағдай қызметін, біресе ата-ананы, біресе үйді жалға берушілерді кінәлі жасамаққа талпыныс байқалады. Бұл үш жол - xалықты ашындыратын жол. Соны біле тұра, неліктен биліктегілердің мұндай қадамға барып жатқанын түсіну қиын.

Руслан Ербол, "Жас Алаш" газетінің бас редакторы:

Себебі, Қазақстан тәуелсіз мемлекет дегенге өздері онша сенбейді!

Оңғар Қабден

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер