«Қазақ» газетінің мұрасы ғасырдан-ғасырға жалғасып, ұрпақ санасында жаңғырады - Қарин

2906
Adyrna.kz Telegram

Бүгін «Қазақ» қоғамдық-саяси және әдеби-мәдени газетінің жарыққа шыққанына 110 жыл толып отыр. Осыған қатысты ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин өзінің инстаграм парақшасында пікір білдірді, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы. 

"Суретші Евгений Кимнің «Қазақ» газетінің баспаханасында» атты туындысы. Ахаң, Әлекең, Жахаңдар тұңғыш ұлттық басылым «Қазақ» газетінің кезекті нөмірін әзірлеп, баспаханаға тапсырып тұр. Үстел үстінде жаңа басылып шыққан газет жатыр. Артқы жақтағы фонда баспагерлер «Қазақтың» толық тиражын шығарып тұр. Ұлт баспасөзінің алғашқы қадамы, іргетасы қаланып жатқан сәті өте сәтті бейнеленген. Бүгін бастауында Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы тұрған «Қазақ» қоғамдық-саяси және әдеби-мәдени газетінің жарыққа шыққанына 110 жыл толып отыр. «Қазақ» газеті сол дәуірдің мінбері еді. Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұстафа Шоқай, Мұхамеджан Тынышбайұлы, Ғұмар Қараш, Мағжан Жұмабайұлы және басқа да зиялылар ел болашағы, халық қамы туралы ойларын осы газетте жариялап, жұртшылыққа жеткізіп отырды. Сондықтан «Қазақ» өткен ғасырдың басында шын мәніндегі ұлттың үніне айналды. Бар-жоғы бес жыл ғана жарық көрсе де мемлекет өмірінде өшпес із қалдырған «Қазақ» газетінің мұрасы ғасырдан-ғасырға жалғасып, ұрпақ санасында сәт сайын жаңғырып отырмақ. Ұлы тұлғаларымыздың қолтаңбасы қалған ұлт басылымының мерейтойы құтты болсын!", - деп жазды Ерлан Қарин.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер