Бүгін Astana Meeting World Indoor Tour халықаралық турнирінің пресс-конференциясы өтті

1934
Adyrna.kz Telegram

22-қаңтар күні «QAZAQSTAN» жеңіл атлетикалық спорт кешенінде жеңіл атлетикадан күміс деңгейдегі Astana Meeting World Indoor Tour халықаралық турнирінің пресс-конференциясы өтті.

Баспасөз жиынына жеңіл атлетикадан ұлттық құрама спортшылары Михаил Литвин, Аделина Земс, Ольга Сафронова және турнирге қатысушы шетелдік спортшылар Майкл Роджерс (АҚШ), Шеннон Рэй (АҚШ), Жуа Витор Де Оливьера (Португалия) қатысты.

WORLD ATHLETICS INDOOR TOUR – 2016 жылдан бері өткізіліп келе жатқан жыл сайынғы серия. Биылғы маусым 17 жарыстан тұрады. Олар 2023 жылдың 20-қаңтары мен 11-наурыз аралығында АҚШ, Қазақстан, Германия, Чехия, Франция, Словакия және Сербия елдерінде өтеді. 

«Astana Meeting» халықаралық турнирі бағдарламасына жеңіл атлетикалық жарыстардың 10 түрі енгізілген. Бағдарламаның әр түрінің жүлде қоры 4000 АҚШ долларын құрайды. Жүлде әр жарыс түрінде үздік танылған 6 спортшы арасында үйлестіріледі»,- деп хабарлады жарыс директоры Асхат Сейсембек. 

Astana Meeting-ке қатысушы атлеттер саны 92. Олардың 72-сі отандық спортшылар болса қалған 20 атлет шетел өкілдері.

АҚШ ардагері Майкл Роджерс және Эфиопияда 1500 метр қашықтықтағы жабық жайда өткен әлем чемпионатының жүлдегері Хирут Мешеша –Astana Meeting-ке мәлімделген ең үлкен жұлдыздар.

60 метрлік спринтте Роджерске АҚШ-тың бұрынғы жабық жайдағы чемпионы Демек Кемп пен Португалдық Фредерико Курвелу қарсылас болады. Сонымен қатар турнирде Өзбекстан өкілдері, биіктікке секіруден әлемдік біріншіліктің бірнеше мәрте финалисті Сафина Садуллаева мен Дарья Резниченко ұзындыққа секіруден өнер көрсетеді. 

Кениялық Николас Киплагат, бұрынғы 20 жасқа дейінгі Еуропа чемпионы хорватиялық Марино Блудек және Балқан чемпионы Словениялық Ян Вукович 800 метр қашықтықта жарыс жолына шығады. 

Кубалық Роджер Ирибарне және бұрынғы 18 жасқа дейінгі Еуропа чемпионы Венгриялық Даниэль Эсзес 60 метрге кедергілермен жүгіруден бақ сынайды. Сондай-ақ американдық Шеннон Рэй, Барбадостық Тристан Эвелин, тәжірибелі бразилиялық Франсиэла Красуки және австриялық Магдалена Линднер 60метр қашықтықта әйелдер арасында сынға түседі.

Astana meeting отандық жеңіл атлетиканың халықаралық деңгейдегі беделін және спортшылар арасындағы бәсекелестікті арттырады. Бұл жарыс еліміздің және Азия өңірінің жеңіл атлетикасындағы ең беделді жарыстардың біріне айналады.

Astana Meeting World indoor tour Silver халықаралық турнирі 23-қаңтарда Астана қ. «QAZAQSTAN» жеңіл атлетикалық спорт кешенінде өтеді. Басталуы сағат 19:00.

Пікірлер