Президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республикалық қоғамдық штабының мүшелері Қарағанды облысының бизнес-қауымдастығымен, шахтерлерімен және студент жастарымен кездесулер өткізді, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы.
Өңірдегі жұмыс кезінде РҚШ мүшелері облыс кәсіпкерлерімен кездесті. Олар Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасы адал бәсекелестікке жағдай жасау арқылы мемлекеттің экономикаға араласуын жоспарлы түрде азайтуға кепілдік беретінін атап өтті.
«2025 жылға қарай мемлекеттің экономикадағы үлесі 14%-ды құрайды. Ал, шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандардың саны 4,7 млн адамға дейін артады. Бизнестің сұранысын ескере отырып, Салық кодексі және мемлекеттік сатып алу туралы заң қайта қаралады. Барлық жерде цифрландыру үрдісі енгізіліп, бұл мемлекеттік органдар қабылтайтын шешімдердің ашықтығын арттырады. Экономиканың дамуына, құрылысқа қомақты қаражат құйылады. Бұл ШОБ жұмысына мол мүмкіндік береді», – деді Республикалық қоғамдық штабтың басшысы Ерлан Қошанов.
Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің студенттерімен және оқытушы-профессорлар құрамымен кездесуде РҚШ мүшелері Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастарға және білім беруге қатысты саясатына баса назар аударды. Атап айтқанда, кандидаттың сайлауалды бағдарламасы барлық саладағы жастардың белсенділігін ынталандыруды, стипендия мөлшерін ұлғайтуды және студенттік жатақханалардағы орын тапшылығы мәселесін шешуді көздейді.
Бұдан кейін РҚШ мүшелері «Казахстанская» шахтасының кенжарына түсіп, кеншілерге кандидаттың сайлауалды бағдарламасында көрініс тапқан еңбек адамын қолдаудың негізгі басымдықтары туралы түсіндірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев адал және өндірістік еңбек қашан да бағалануы, қорғалуы және лайықты қаржыландырылуы тиіс деп бірнеше рет мәлімдегені атап өтілді. Кандидаттың басымдығы – елімізде тиімді индустриялық тізбек қалыптастыру. Онда жоғары деңгейде қайта өңделген өнімдер шығарылады.
Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар өнімділік пен бәсекеге қабілеттілікті арттыру мақсатында жаңғыртылады. Кем дегенде 150 миллиард доллар көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тартылады.
Барлық кездесуде қатысушылар кандидаттың реформаларына белсенді қолдау білдіріп, 20 қарашада оған дауыс беруге дайын екендерін мәлімдеді.
Осы күні РҚШ басшысы Ерлан Қошанов Ұлы Отан соғысының ардагері, 99 жастағы Есжан Бүркітовтің үйіне барды. Қартайғанына қарамастан, ақсақал кандидаттардың сайлау науқанын жіті бақылап отырғанын жеткізіп, Қасым-Жомарт Тоқаевқа алдағы сайлауда сәттілік тіледі.
Дайындаған: Республикалық қоғамдық штаб Астана қаласы, Қонаев 12/1.
Тапсырыс беруші: М.Ж. Оспанов. Қазақстан Республикасы Президенттігіне үміткер Қ.К.Тоқаевтың сайлау қорынан төленді.