Ауылдар мен аудан орталықтарында алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетілетін 700 нысан салынады

3176
Adyrna.kz Telegram

Бүгін Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдар мен аудан орталықтарында алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетілетін 700 нысан салуға уәде берді. Кандидат бұл туралы Республикалық қоғамдық штабта «Әділетті Қазақстан: Бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды бағдарламасын жариялаған кезде атап өтті.

«Мемлекеттің тағы бір маңызды міндеті – халықтың денсаулығын жақсарту және азаматтардың өмір сүру ұзақтығын арттыру. Біз медицина мамандарын даярлау ісін және профилактикалық жұмысты күшейтеміз. Әрбір қалада, аудан орталығында, ірі ауылдарда сапалы дәрігерлік көмек көрсетілетін болады. Бұл – Әділетті Қазақстанды құру үшін аса маңызды басымдықтың бірі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Кандидат денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржы көлемі көбейетінін жеткізді. Мәселен, 2027 жылы осы саладағы қаржы көлемі жалпы ішкі өнімнің кемінде 5 пайызына жетеді.

«Дәрігер мамандығының беделін арттыру үшін олардың биік мәртебесі заң жүзінде бекітіледі. Медицина қызметкерлеріне жан-жақты қолдау көрсетіледі. Біз халық денсаулығын алдын-ала тексеру бағдарламасының аясын кеңейтеміз. Оның ішінде онкологиялық және жұқпалы емес ауруларды дер кезінде анықтауға баса мән береміз», – деді кандидат.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев онкологиялық қызмет жаңғыртылатынын және бірыңғай консультативтік инсульт орталығы іске қосылатынын айтты. Бұдан бөлек, ел аумағында заманауи перинаталдық орталықтар желісін құру, балалар онкологиясы мен гематологиясының Ұлттық орталығын ашу көзделіп отыр. Ауылдар мен аудан орталықтарында алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетілетін 700 нысан салынады.

Сонымен қатар телемедицинаны дамыту мәселесіне де барынша мән беріледі. Ал Қазақстанның фармацевтика нарығындағы отандық дәрі-дәрмек өндірісінің үлесін 50 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Сондай-ақ кандидаттың айтуынша, алға қойған маңызды мақсаттың бірі – цифрлық жүйені жетілдіру арқылы дәрігерлердің есеп беру жұмыстарын азайту, азаматтардың өз денсаулығы туралы ақпаратқа толық қолжетімділігін қамтамасыз ету.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, еліміздегі барлық әлеуметтік шығындар – ұлттың әлеуетін дамытуға салынған инвестиция. Сондықтан кандидаттың әлеуметтік саясаты адамдарға өмірдегі кедергілерді жеңуге көмектесіп қана қоймай, олардың еңбек етуге және өз әл-ауқатын арттыруға деген ұмтылысын ынталандыруға бағытталып отыр.

Бұл ретте мүмкіндігі шектеулі азаматтар, бірінші кезекте балалар мемлекеттің үлкен қолдауына ие болады. Барлық негізгі салада инклюзивті ортаны қалыптастыру жұмысы жеделдетіледі. Сонымен қатар, ерекше қажеттілігі бар адамдарға арнайы жұмыс орындары ашылады және әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту үшін жағдай жасалады.

Дайындаған: Республикалық қоғамдық штаб Астана қаласы, Қонаев 12/1.

Тапсырыс беруші: М.Ж. Оспанов. Қазақстан Республикасы Президенттігіне үміткер  Қ.К.Тоқаевтың сайлау қорынан төленді.

”Адырна” ұлттық порталы 

 

Пікірлер