Нұржан Нұржігітов Қордайдағы ауыл тұрғындарымен кездесті

534
Adyrna.kz Telegram

Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Қордай ауданының тұрғындарымен кездесіп, азаматтарды жеке мәселелелері бойынша қабылдаулар өткізді.

Басқосуға облыстық құқық қорғау органдарының басшылық өкілдері де қатысты.

Аймақ басшысы алдымен Масаншы ауылдық мәдениет үйінде жергілікті тұрғындармен кездесті. Кездесуде ауылдықтар көкейде жүрген өзекті сауалдарын жолдап, жауаптар алды.

Облыс әкімі ауылда соңғы жылдары айтарлықтай оң өзгерістер орын алып, көптеген жұмыстар атқарылғанын айтып, басқа да мәселелер кезең-кезеңімен шешілетінің жеткізді.

Дәл осындай кездесу Қордай ауылында да өтті.

- Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес өздеріңізбен кездесіп отырмыз. Бұған дейін облыстағы түрлі деңгейдегі әкімдер тұрғындармен 375 кездесу өткізді. Жергілікті халықпен кездесіп, ой-ұсыныстары мен мәселелерін тыңдау, оларды заң аясында шешу үшін шаралар қабылдау бойынша жұмыстар жалғасатын болады. Біз сіздерді тыңдауға қашан да дайынбыз,- деді Нұржан Нұржігітов өз сөзінде.

Сұрақ-жауап кезегінде тұрғындар көгілдір отынды үйге тарту құнының қымбаттығын, ауыз су, тыңайтқыш тапшылығы, музыка мектебін салу, жаңа музей ғимаратының құрылысын жүргізу және тағы да басқа мәселелерге назар аудартты.

Аймақ басшысы кездесулерде көтерілген мәселелердің барлығы назарға алынатынын атап өтті.

Басқосудан соң облыс әкімі ауылдықтарды жеке мәселелері бойынша қабылдаулар өткізді.

- Біз еліміздің өркендеуін қаласақ заңдылық пен тәртіпті сақтауға тиіспіз. Халық пен билік өзара түсінісіп, екі жақты жауапкершілікті сезінгенде ғана мәселерді шешуде нәтижеге қол жеткізе аламыз,-деді Нұржан Нұржігітов.

 

Пікірлер