Бүгін - Рабиға Сыздықованың туған күні

20727
Adyrna.kz Telegram
Фото: tilalemi.kz
Фото: tilalemi.kz

Бүгін ана тілінің абыз анасы атанған аяулы апамыз Рабиға Сыздықованың туған күні! 

Рәбиға Сыздықова Ғалиқызы 1924 жылы 17 тамыз айында Ақтөбе облысының Ойыл қалашығында дүниеге келген. Әкесі Сәтіғали Құтқожин төңкеріске дейін орысша оқыған, көзі ашық адам болған деседі. Балаларын қазақ мектептерінде оқытқан. Алайда, Рабиға апай әкесінен тым ерте айырылды. Әкесі почта бастығы болып тұрғанында 1937жылы дүрбелеңде ұсталып кетіп, қайта оралмайды. Есесіне анасы Жеміс пен әкесінің Еркінғали атты інісі әңгімешіл, ақ жарқын, қиындыққа дес бермес алымды жандар болған екен. Ғалымның төл тіліміздің қамқоры болуына осы екі адамның шарапаты тиді деуге болады.

Рәбиға Сыздықова – сөз тарихына, сөз әсемдігіне, сөз сазына, әуеніне,қолданылу мәдениетіне терең бойлап, білгірлікпен талдау жасаған ірі ғалым. Нәзік жандылығына қарамастан білдей бір институт атқаратын қызметті өзі жасап шықты деуге болады. Сөздің мәнін ашу, көне жазбалардағы сөздердің қалай қолданылғандығын анықтау зор жауапкершілікті, ұқыптылықты, төзімділікті қажет етеді. Профессор бұл қиындықтарды сезіп біле тұра тіл тарихын зерттеуге ерекше ден қойды. «Қазақ әдеби тілінің тарихы (ХV-ХІХ ғасырлар)» атты еңбегінде сан ғасырлық тарихы бар, миллиондаған адамдарға қызмет етіп отырған,мемлекеттік мәртебеге ие болған қазақ тілі сияқты ірі тілдің тұтас бес ғасырлық тарихын таныту үшін, оның белгілі бір кезеңдердегі күй-қалпын сипаттау, жеке ескерткіштердің тілін талдау, функционалдық стильдерінің пайда болып,әрі қарай қалыптасуын зерттеу, жеке қаламгердің үлесі мен рөлін көрсету сияқты жұмыстардан бастап,әдеби тілдің өзінің статусын айқындау,даму кезеңдерін дәуірлерге бөлу,әр кезеңдегі даму принциптері мен бағыттарын дұрыс табу тәрізді қыруар мәселелерді шешіп алуға айрықша қажыр – қайрат жұмсады.

Ғалымның ғылымдағы көпжылдық еңбегі мен кадр даярлаудағы қызметі еленіп, ол «Құрмет белгісі», «Парасат» ордендерімен, көптеген грамоталармен марапатталды. 1980 жылы оның есімі республиканың «Алтын кітабына» жазылып, оған «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген ғылым қайраткері» құрметті атағы берілді. Рәбиға апамыз ер мінезді, кемшілік көрсе бетке айтатын турашыл, барынша әділ, сонымен қатар, жайсаң жанды, кішіпейіл де қарапайым жан.

”Адырна” ұлттық порталы 

Пікірлер