Жамбыл облысында ШОБ субъектілері 85 мыңға дейін артады

1629
Adyrna.kz Telegram

Ағымдағы жылдың 6 айында жамбылдық кәсіпкерлік субъектілеріне 10,5 млрд. теңге шағын несие берілді. Екі мыңнан астам азаматқа 3,3 млрд. теңге грант бөлінді.

БАҚ өкілдерімен кездесуде осылай деген облыс әкімі Нұржан Нұржігітов кәсіпкерлерге жағдай жасау, мүмкіншіліктер ұсыну, мәселелерін шешу – басты талап екендігін атап өтті.

- Саладағы жұмыстарды жетілдіру, инвесторлармен тығыз қарым-қатынас орнату әрі тиімділігін арттыру мақсатында 4 арнайы алаң жұмысын іске қостық.

Біріншіден, апта сайын өтетін инвестициялық штаб жұмысын бастады. Штаб жұмысына әрбір кәсіпкер қатысып, өз жобасын таныстыра алады. Екінші кезекте, прокуратура жанынан құрылған сараптамалық кеңестің жұмысын жалғастырамыз. Ондағы мақсат, әрбір кәсіпкердің құқықтары мен мүддесін қорғау. Үшінші, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жанындағы Өңірлік кеңес пен төртінші, палата жанындағы іскер әйелдер кеңестері де кәсіпкерлерге қолдау көрсету алаңына айналатын болады,-деді Нұржан Нұржігітов.

Өнеркәсіпті дамыту бағытында «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағын дамыту ісіне де мән берілуде. Ондағы жобалар тек химиялық жобалармен шектелмейді.

Бүгінгі таңда аталған аумақта 3 инвестициялық жобаны жүзеге асыруға ден қойылуда. Олар: «Qazsugar Co» ЖШС – жылына 150 мың тонна қант өндіретін зауыт құрылысы, «AltynalmasReagents» ЖШС – жылына 25 мың тоннаға дейін натрий цианиді өндірісі, «TAS Market» ЖШС – жылдық қуаттылығы 60 мыңнан 100 мың тоннаға дейін ферросилиций, ферросиликомарганец, техникалық кремний, түсті металл өндіретін металлургиялық комбинат құрылысы.

- Жалпы, облыстың даму жоспарында айқындалғандай, өнеркәсіп саласында жалпы құны 2,1 трлн. теңгені құрайтын 443 жобаны іске қосып, 10,1 мың жаңа жұмыс орындарын ашу көзделуде.

Агроөнеркәсіп кешенін кластерлік тәсілмен дамыту көзделсе, өнеркәсіп саласы әріптестік бағдарлама негізінде іске асырылатын болады. Әріптестік бағдарламаны өңірдегі ірі инвестициялық жобаларда да қолдануды жоспарлап отырмыз,-деді аймақ басшысы өз сөзінде.

Осы жұмыстар жүзеге асқан жағдайда облыста еңбек өнімділігі 8,5 пайызға, өнеркәсіп өнімінің көлемі 275 млрд. теңгеге артып, экспорт көлемі 95,9 млрд. теңгені құрайтын болады.

Сондай-ақ, өңірде жұмыс істеп тұрған 77,2 мың шағын және орта бизнес субъектілерін 85 мыңға дейін жеткізіп, ондағы жұмыспен қамтылғандардың санын арттыра отырып, өндірілген өнім көлемі 7%-ға ұлғаяды деп жоспарлануда.

Пікірлер