Нұр-Сұлтанда банк қызметкері зейнеткердің депозитінен 6 миллион теңге ұрлады

2492
Adyrna.kz Telegram

Нұр-Сұлтанда банк қызметкері 71 жастағы зейнеткердің депозиттегі шотынан алты миллион теңге ұрлады. Бұл туралы елордалық полиция департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы. 

"Қала тұрғыны депозитінен ақша жоғалып кеткенін айтып, полицияға жүгінді. Зейнеткер банкке ақшасын 2018 жылы салғанын және ұзақ уақыт пайдаланбаған қаржыны депозитінен шешу үшін банкке келгенін айтты. Ол банкке келгенінде шотында жинақ жоқ екенін білді", - делінген полиция хабарламасында.

Полицейлер ақшаның жоғалуына банк қызметкерінің қатысы барын анықтады.

Ол жәбірленушінің алты миллион теңгесін өзінің досының шотына аударғаны, содан кейін ақшаны шешіп алғаны белгілі болды.

Ол қаржыны өз қажеттіліктеріне жұмсап үлгерген. Бір тәулік ішінде полицейлер күдіктіні анықтап, ұстады.

23 жастағы күдіктіге қатысты Қылмыстық кодекстің "Ұрлық" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ұсталған азамат кінәсін мойындады. Оның елорда аумағында жасалған басқа да осындай қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.

”Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер