Құрылтай “құрқылтай”, жұмысы “сұрқылтай” болып кетпейтініне кім кепіл? - Жанұзақ Әкім

4215
Adyrna.kz Telegram

16 маусым күні Ұлытауда “Ұлттық құрылтайдың” алғашқы отырысы өтеді. Консолидацияны одан әрі дамыту және тың идеялар ұсынуға арналған бұл құрылтайдан халықтың үміті көп. Алайда, құрылтай “құрқылтай”, жұмысы “сұрқылтай болып қалмайтынына кім кепіл? Бұл пікірді қоғам қайраткері, экономист Жанұзақ Әкім “Адырна” тілшісіне берген сұхбатында айтты.

“16 маусым күні өтетін “Ұлттық құрылтай” - біздің тәуелсіздіктің тарихындағы, қазақ тарихындағы өте маңызды шара болуы керек деп күтілуде. Бірақ құрылтайға әркімнің ішінде сенімнен гөрі күдік көп. Құрылтай деген қазаққа тән дүние. Қазақ халқының съезі деген мағынаны білдіреді. Ол біздің хандық дәуірден, тіпті, одан да  бұрын Шыңғыс хан, оның алдындағы Ұлы хандардың кезінен келе жатқан дәстүр. Біз осы  дәстүрді сақтауымыз керек және әрмен қарай дамытуымыз керек.

Бұл Құрылтайдан көп үміт күтеміз. Бірақ, соңғы 3-4 жылда құрылған әртүрлі ұлттық кеңестерді қарап отырсақ, кілең бір шала мәңгүрттер көп. Содан кейін ол комиссиялардың, құрылымдардың берекеті болмай кетіп жатыр. Біз осыдан сақ болуымыз керек. Жаңа Қазақстан сапалы түрде жаңа болуы керек. Құрылтайда елдегі зиялылар, қоғам қайраткерлері, журналист, блогерлер бар бәрі жиналып,  Қазақстан Альянсы бастаған барлық қоғамдық ұйымдардың атынан хат дайындаған екен. Сонда көп мәселе қаралады. Ол қазіргі өзекті мәселе - елді біріктіретін ұлттық идеология”,- деді экономист.

Сондай-ақ, қоғам қайраткері “Ұлттық құрылтайда” экономика мәселелеріне тоқталған жөн екенін атап өтті.

“Біз үшін бұл Құрылтай үлкен жолдың басы. Сондықтан ұсынарым - Мемлекет дамуы үшін экономика мәселелерін шешуіміз керек. Ол үшін негізгі үш мәселе қойылған. Біріншісі Қазақстан үшін дүниежүзіндегі офшорлар ашылсын. Екінші Қазақстаннан заңсыз шығарылған қаржылар елге қайтарылсын. Одан кейін заңсыз ұрланған мүліктер тізімге алынып, оларды сатуға тыйым салынып, олар елге қызмет ету керек, Қазақстанға қайту керек. Назарбаевтың туыстары ұрлаған ақшалар да елге қайтуы міндетті. Бізде мыс болсын, комбинат, алюминий тағы басқа бәрін Назарбаевтың өзі бастап, Маңғыстау мұнай-газ Қытаймен 50-де 50 қылып алып алған. Сондықтан олардан құрылымдық банктер, компаниялар барлығы елге қайтуы керек. Сонда ғана ел дамиды. Сондықтан мүлік барлығы елге қайтса, онда Қазақстанның әр тұрғыны 3-3,5 есе бай болады екен”, - дейді ол.

Сұхбат барысында Жанұзақ Әкім елдегі басты мәселе газ, су, жарық мәселелеріне тоқталып өтті. Айтуынша, бай ел бола тұра, бәрін қолды қылып отырмыз.

“Тек газдың өзің алсақ, Оңтүстік өңірде 90-шы жылдардан бастап газды өзбектен алып отырдық. Сол кезде Каримовтың айтқаны бар: “Мен шекарада 30 доллардан беремін. Сендер Алматыда 63-65 доллардан сатасыңдар. Неге ұрлап отырсыңдар?  Мен енді бермеймін”, деп. Сол ұрлық міне, 30 жыл бойы келе жатыр. Әлі күнге Алматыда газдың  1000 куба метрі 63-70 доллар. Ал шекарада сол 30-32 доллардай қаржыға алып отыр. 30 жыл бойы халықты қанап отыр. Алматы, Жамбыл, Шымкент жалпы Қазақстан бойынша сондай тарифтерді  бәріне қолдан жасап қойып қойған. Екі есе қылып алып алады да, үстіндегісін өздері алып отыр. Сондықтан негізгі міндеттің бірі,  осы - газ, судың тарифы, жарық. Бүгінгі күнді түзету емес, 30 жылдағы ұрланғандарды қайтару керек!”, - деді Жанұзақ Әкім.

Содан кейінгі тоқталған негізгі мәселе - мемлекеттік тіл. Жанұзақ Әкімнің айтуынша, мемлекеттік тіл адам капиталы мен әлеуметтік инновацияны дамытады. Елдің экономикалық моделін қалыптастырады. Одан бөлек, білім саласына көп көңіл бөлініп, сапаны арттыру қажеттігін де айта өтті.

“Қазір Қазақстан білім деңгейімен халықаралық рейтингте де, төрт халықаралық ұйымның рейтингінде де соңынан санағанда 3-4 орында тұр. Бұл елдің болашағы жоқ деген сөз. Біз қазақ тілі интеллектуалдық ұлт қалыптастыратын тіл деп отырмыз. Алайда, әлі тіл білмейтін мәңгүрттер бар. Интеллектуалдық ұлт боламыз десек, аралас мектептерді құртуымыз керек. Парламентте түгелге жуық үкімет пен Ақорданың өзі сол орыс тілінен құтыла алмай отыр. Бұл елді біріктіретін емес, ыдырататын факторлар. 2012 жылы қабылданған үкіметтің мемлекеттік тілді дамыту және қоғамға тарату туралы қаулысын іске асыруға кірісу керек. Содан кейін ауыл, аудан, облыс, республика деңгейіндегі ресми органдардағы барлық жиналыс, ісқағаздар түгел мемлекет тілге көшуі керек. Ол - аксиома”,- деді қайраткер.

Тіл туралы ұсынысын айта келе, қайраткер Отандық телеарналарға да тоқтала кетті.

“Соғыспен басқыншылықты уағыздайтын Ресейдің телеарналары жабылуы керек. Егер ол жерде мәдениет саласындағы өнер, спортқа байланысты телеарналар болса істей берсін. Бірақ агрессивті фашизмге тән телеарналар жабылуы керек. Сонымен қатар, мемлекеттік тілде бірнеше телеарналар ашылуы керек. Орта кәсіби және жоғары білім, білімнің мәселелері жан-жақты қамтылуы қажет. Екіншіден, телеарна ғылым, технология, инновация мәселелерін қамту керек. Үшінші, тарих пен әдебиетке кенірек қарап, комплексті жан-жақты қарайтын бір телеарна болуы қажет. Содан кейін мына қазақ басылымдарының үлесі әлі күнге 20%-дан асқан жоқ. Мысалы, Астананың оң жағалаудағы бір сауда үйінің жанында қазақ тілінді газет журнал сататын жалғыз ғана дүңгіршек бар. Ал оны неге көбейтпеске? Сол жағалауға неге қоймайды? Ойлап, қараңызшы не қылған Астана ол қазақтың?  Не қылған тәуелсіздік? Бұл жабайылық! Сондықтан қазақ ақпаратының үлесін, жалпы басылымдарының үлесін, мемлекеттік тілдің ақпараттық тілдегі жалпы үлесін көбейтіп, қазақша телеарналар ашып, олардың үлесін алдағы бір 5 жылда 80 пайызға жеткізу керек”,- деді ол.

Жанұзақ Әкімнің айтуынша, 5 сағаттық құрылтайдың тапсырмасының орындалуын бақылайтын кеңес құрылу қажет.

“Құрылтай 4-5 сағат жиналыс болады да тарайды. Сосын келесі құрылтайға дейін күтеміз бе? Ол құрқылтай, оның жұмысы сұрқылтай болып кетеді. Сондай болмас үшін тұрақты түрде жұмыс істейтін Қазақ Ұлттық кеңесі құрылуы керек. Қазақ Ұлттық кеңесіне ұлтқа, мемлекетке, қоғамға жаны ашитын белсенді іскер азаматтар кіруі қажет. Мәселен, Қазақстан ғылымдар қауымдастығының төрағасы академик Сабденов бастаған біраз адамдар ұсынылып отыр. Тоқтар Әубәкіров ағамыз, Мереке Құлкенов, Асылы Осман, Марат Тоқашбаев, Зәуреш Батталова, Самал Еслямова, Сәдуақас Ансат, Тұрсын Жұртбай, Алма Түсіпбекова Максим Рожин  сынды қазақты дәріптер жүрген азаматтар болуы керек.  Өте ақылды жастар, осындай белгілі қайраткерлерді ұсынып жатыр. Тұрақты жұмыс істейтін қазақ ұлттық кеңесі құрылу керек. Себебі, құрылтай 5 жылда бір болады.  Ал ол күнделікті жұмыс жасау керек. Сонда ғана жаңашылдыққа бет бұрамыз.

 БҰҰ-ның 1992 жылы қарашадағы анықтамасына  міне, 30 жыл болды. Біз әлі сол анықтамаға жете алмай жатырмыз. Сондықтан жұмысқа кірісу керек. Құрылтайымыз елге, елдің күткен бір жақсылықтарын әкелетін шара болсын. Елді іскерлік жағынан біріктіретін қоғамдағы барлық ұйымдар, партиялар, қозғалыстар, барлық ұлттар, нәсілдер, діндер, бәрінің басын қосатын осы құрылтай болады. Сондықтан одан көп үміт күтеміз және жұмыс істеуге біздің қоғам белсенділері, ғалымдар жалпы зиялылар барлығы дайын. Іске сәт дейміз!”, деп қорытындылады.

Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер