5 маусымдағы референдум қарсаңында Алматыда университет басшылығы студенттерді дауыс беруге шақырып қана қоймай, бақылаушы болуға үгіттеп жатқаны жөнінде ақпарат тарады. Олар бұл үшін ақша төленеді деп сендірген, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы Азаттық радиосына сілтеме жасап.
Азаттық редакциясының жазуынша, Алматыда әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университет басшылығы студенттерді ақшаға бақылаушы болып шақырған. Мұны бақылаушылар тобына қосылған студенттер де растап отыр. Бірақ бақылаушы студенттерге қанша төленетіні айтылмаған.
Университет өкілі бұл деректі растамады және терістеген де жоқ. Азаттық сюжеті тараған соң, бақылаушы студенттер тобына қысым көрсетілген.
Одан бөлек, Қазақ Британ техникалық университеті де студенттерді «жатақхана», баға, түрлі құжатқа қол қоймаймыз» деп қорқытып, қатысуға міндеттеген.
Суреттер @tilkespekjoq парақшасынан алынды
Бірақ кейін референдумға қатысты әкімшілік үндеу жасады.
«Дауыс беру – әркімнің жеке таңдауы, мәжбүрлеуге жол берілмейді» делінген хабарламада.
"Адырна" ұлттық порталы