Қазақстандық егіз қыздар Азия чемпионы атанды

3708
Adyrna.kz Telegram

Моңғолияның астанасы – Ұлан-Батыр қаласында күрес түрлерінен өтіп жатқан Азия чемпиоонатында Қазақстан құрамасы сапындағы егіз балуандар Жәмила мен Мәдина Бақбергеновалар еліміздің әнұранын ойнатып, көк байрағын желбіретіп, құрмет тұғырының ең биік сатысынан көрінді. 

Чемпионатта 68 келіге дейінгі салмақта Мәдина Бақбергенова финалда Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, қырғыз қызы Меерим Жұманазарованы 3:2 етіп ұтып, алтын жүлдені жеңіп алса, оның егіз сыңары Жәмила 72 келіге дейінгі салмақта жапон, өзбек, үнді және моңғол балуандарын жеңіп, Азия чемпионы атанды.

Ол 2020 жылы Үндістанда өткен чемпионатта да топ жарған болатын.

76 келіге дейінгі салмақта Гүлмарал Еркебаева қола медальға ие болды. Ал 53 келіге дейінгі салмақтағы Жұлдыз Ешімова қола жүлде үшін өзбекстандық қазақ қызы Ақтеңге Кеунімжаевамен күреседі.

Қазақстан құрамасы әзірше командалық есепте бірінші орында тұр. Чемпионат 24 сәуірде аяқталады.

Адырна” ұлттық порталы 

Пікірлер