Біртанов ісі бойынша сотқа айыптау актілерін қосқанда 141 том материал келіп түсті

783

Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа аудандық №2 сотында бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың ісі бойынша алғашқы алдын ала сот тыңдауы өтті.

Nege.kz сайтының мәліметінше, алдын ала тыңдау барысында қорғаушы Серік Сағалиев Елжан Біртановтың өзіне тағылған айыптарды мойындамайтынын айтты.

«Біздің қорғауымыздағы Е.Біртанов сотқа дейінгі тергеу барысында да тағылған айыпты мойындаған жоқ қазір де мойындамайды»,  деді ол.

Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа аудандық №2 сотының судьясы Ибрагим Әлкенов айыпталушы тараптан іс материалдарына қатысты қандай да бір қарсылық, шағымдары бар-жоғын сұрады. Экс-министр Елжан Біртанов пен оның орынбасары болған Олжас Әбішевтің адвокаттары айыптау материалымен танысып үлгермегенін айтып, құжаттармен толық танысып шығуға мүмкіндік беруді сұрады. Ал күдікті Олжас Әбішевтің өзі мемлекеттік іс материалының нақты көлемі туралы бүгін ғана шынайы ақпарат алғанын айтты.

«Бүгін мен білетін 133 томнан басқа тағы 4 том бар екенін бірінші рет естіп тұрмын. Бұл мен үшін жаңа мәлімет. Ресми түрде мәлімдегім келеді, неге тергеу органы бұл томдарды жасырып қалған? Мақсаттары қандай болған? 133 том бар деп жүргенбіз. Бүгін тағы 4 том бар деп отыр. Сонда барлығы 137 том болып шығады. Бұл 4 том туралы бізге неге ешкім айтқан жоқ?», деді Олжас Әбішев.

Судья Ибрагим Әлкенов бұл сұрақты ертеңгі тыңдауда процессуалдық прокурорға қоюға кеңес берді. Оның айтуына қарағанда, Е.Біртановтың ісі бойынша сотқа 141 том материал түскен.

«Сотқа айыптау актілерін қосқанда 141 том материал келіп түсті», - деді судья.

Аталмыш іс бойынша алдын ала тыңдау ертең, яғни, 27 қаңтар күні сағат 15.00-де жалғасатын болды.

”Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket