Қызылордадағы тәртіпсіздіктерге қатысқан көпбалалы екі ана ұсталды (ВИДЕО)

3216
Adyrna.kz Telegram

Қызылордада жаппай тәртіпсіздікке қатысқан екі көпбалалы ана ұсталды. Қызылорда полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, ұсталғандар қаңтар оқиғасының басқа қатысушыларымен бірге Қызылорда облысы әкімдігінің ғимаратына басып кірген, - деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Tengrinews.kz-ке сілтеп

Қызылорда полиция департаментінің баспасөз қызметі Facebook-те Қызылорда облысы әкімдігінің ғимаратына бір топ адамның, оның ішінде әйелдердің қалай басып кіргенін көрсететін видео жариялады. Ал бұл бейбіт митингіге ұқсамайды.

"Қызылордада 2022 жыл 5 қаңтарда болған жаппай тәртіпсіздік кезінде екі азаматша митингке қатысушылармен бірге облыс әкімдігінің ғимаратына заңсыз басып кіріп, жаппай тәртіпсіздік жасаған. Видеодан көрініп тұрғандай, азаматша Н.Ж. және Б.З. тас лақтырып, әкімдіктің темір қоршауына шығып, бір мезгілде балағат сөздер айтқан", - деді полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Ұсталған әйелдерге қатысты Қылмыстық кодекстің 272-бабының 2-бөлігі "Жаппай тәртіпсіздікке қатысу" бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.

"Қазіргі уақытта екі әйел де қылмыстық әрекеттерін толық мойындады. Денсаулықтары мен қамқорлығында кәмелетке толмаған балалары бар екенін ескере отырып, негізгі жаза үйқамаққа ауыстырылды", - деді полицейлер.

Көпбалалы аналардың ұсталу дерегін Қызылорда облысының тұрғындары сынға алып, Facebook-те әйелдерді босатуды талап еткен жазбалар жариялады. Олардың бірі жеті баланың анасы, ең кенжесі 7 айлық, емізулі. Ұсталған екінші азаматша бес баланың анасы.

Ведомствоның баспасөз қызметі әрбір факт полиция тарапынан мұқият зерделенетінін баса айтты. Қорытындысы бойынша құқықтық баға беріледі.

Қызылорда облысының полиция департаментінің мәліметінше, төтенше жағдай кезінде облыстық полицияға 952 адам жеткізілген. Төтенше жағдайды бұзғаны үшін 414 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 253 құқық бұзушы әкімшілік қамауға алынды, оның 73-і босатылды. Қылмыс жасады деген күдікпен 97 адам уақытша ұстау изоляторына қамалды. 12 адамға қатысты қамауға алуға қатысы жоқ бұлтартпау шарасы таңдалды. Ұсталғандардан: бір бірлік тегіс ұңғылы және травматикалық қару, 13 пышақ, 9 қалқан, 4 каска, 6 таяқ, оқ өтпейтін жилет және бір келі 150 грамм есірткі заты тәркіленді.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер