Қазақстанда кімнің басшы екені түсінікті - Андрей Казанцев

4077
Adyrna.kz Telegram

Қаңтарда орын алған тәртіпсіздіктер жайлы жарыса жазған ресейлік БАҚ өкілдері елдегі жағдай туралы пікір білдірді. Gazeta.ru басылымына сұхбат берген Жоғары экономика мектебінің профессоры, саясаттану ғылымдарының докторы Андрей Казанцев Тоқаев пен Назарбаев арасындағы даудың әсірелеп көрсетілгенін мәлімдеді. Сонымен қатар Назарбаевтың отбасы мен Қасым-Жомарт Тоқаев арасында расымен жанжал болғанын қосып өтті, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Stan.kz сайтына сілтеме жасап. 

Саясаттанушының сөзінше, Назарбаев Тоқаевқа барлық билікті беру арқылы келісімге келді. Есесіне ол “Қазақстандағы тәуелсіздік мен заманауи мемлекеттіктің символы” болып қалды. Оның ойынша, арадағы жанжал Тұңғыш президенттің күйеу балалары мен жиендерін қызметтен босату арқылы шешілген. 

“Бұл шешім Тоқаев үшін де, Назарбаев үшін де пайдалы болды. Қасым-Жомарт Тоқаев билікке ие болды, ал Назарбаевтың отбасынан белгілі заттарды тартып алғанымен, ешкімді абақтыға жаппайды. Бұл айқын көрініп тұрды: басынан бастап Елбасының туысы болып табылмайтын азаматтар ғана тұтқынға алынды”, – деді Андрей Казанцев. 

Сонымен қатар сарапшы Тоқаевтың келуіне байланысты Нұрсұлтан Назарбаевтың кей жоспарлары іскей аспай қалғанын айтады. Бұрынғы президент өкілеттігін бірте-бірте беріп, күштік блокты өмірінің соңына дейін ұстап қалмақшы болған. Алайда бұл ол ойлағаннан да жылдам жүрген.

“Қазақстанда екі тұлғаның келісімге келіп, қаңтардағы дағдарыстың аяқталғаны маңызды. Элитаішілік жағдай тұрақталды. Енді Қазақстанда кімнің басшы екені түсінікті болды әрі жанжал да жоқ. 

Бұдан бөлек Тоқаев пен Назарбаев арасындағы дау туралы қауесет те жоққа шығарылды. Себебі Назарбаев барлығын өзі мойындады”, – деп қосты саясаттанушы. 

Бұрын президенттікке үміткер болған журналист Әміржан Қосанов Қазақстандағы жағдайдың әлі де қиын екенін мәлімдеді. Себебі нақты ақпарат жоқ, ал бұл мемлекет үшін қауіпті дейді. 

“Мені Назарбаевтың жанында Тоқаевтың болмағыны алаңдатты. Екеуі қатар отырып, халыққа не болып жатқанын түсіндірсін. Тоқаев пен Назарбаевты салыстыруға болмайды. Егер Тоқаев реформа жүргізгісі келсе, халыққа үндеу жасап, орын алған жағдайға қатысты жеке ойын білдірсін. Әзірге біз мұны көре алмадық. Мемлекетке не болатынын нақты шешуі керек”, – деді ол Gazeta.ru басылымына берген сұхбатында. 

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер