«Ислам» дегеніміз не?
Біз бұл шағын ғана еңбекті бір ғана Жаратушының жолымен жүргісі келетін кісілерге арнап отырмыз. 3:64
Біз әртүрлі дін мен сенімдегі адамдарды (сүннитер, шииттер, христиандар, иудейлер, буддистер, индуистер, агностиктер, атеистер және басқаларды) бір ғана Жаратушыға негізделген әлемді танып-білуге шақырамыз.
Көпшілігімізге қоршаған орта, адам, өмір, оның мәні туралы көзқарас, жалпы дүниетанымымыз ата-баба, әке-шешемізден ауысты. Дін мәселесінде де дәл осылай. Бірақ ол кісілер жасаған, ұстанған, үйреткеннің бәрі бірдей дұрыс па деген сауал кейде санамыздың бір түкірінде бас көтеріп қалатыны бар. Әлемге ата-бабамыздың көзімен қараймыз, бірақ ол әлемге бар нәрсенің сыя бермейтінін сеземіз.
Кейбіріңіз «Бұл өмірдің мән-мақсаты бар ма, мынау әлем қайда бара жатыр?» деген сұрақ төңірегінде ойланған боларсыз. Бірақ осы мәселе туралы түйгенін ашық айтып, өмірін өзі тапқан жауапқа сай өзгертуге бел байлағандар кемде-кем.
Құранда Ислам туралы жан-жақты және толықтай айтылған. Құран ақиқат атаулының бастауы ретінде әбден кемеліне жеткен кітап. Оны түсіну үшін ешкімнің, әсіресе діни тұлғалардың көмегі керек емес. Өздерін дін ісінің білгірі санайтын тәпсірші әулиелер түсіндірме жасаймыз деп керісінше Құранның, ондағы сөздердің мән-мағынасын бұзады. Ондағы мақсаттары – өздерін дін ісінде аса маңызды тұлға етіп көрсету, өздеріне қажеттілік туғызу, Құдай мен адам арасында делдалдық жасау. Ал турасын айтатын болсақ, олар осындай істерімен өздерін Аллаға теңеп отыр.
Сонымен, Құранды білу үшін ешбір әдебиеттің көмегі қажет емес. Құранды Құранның өзінен артық еш нәрсе түсіндіре алмайды. Өйткені, Құранның өзі – әрненің мәнін түсіндіретін, көзімізді ашатын кітап. Пайғамбар дәуірінде де солай болған, бүгін де сондай.Міне Құрандағы аяттар соны меңзейді
6:114 ,6:19 ,7.52 ,4:105 ,16.89 ,5.48
Мұхаммед пайғамбардың ролі туралы
Мұхаммед пайғамбардың дәуірінен соң біраз уақыттан соң Ислам әлемінде дінді қолжаулық қылған дінпаздар шыға бастады. Біртіндеп дін ұстайтын жұрт оларды пір тұтатын болды. Ақырында олар дінбасы, дін иесі дәрежесіне жетіп алды. Мұндай дін иелері қазір мұсылмандар өмір сүретін кез келген елде бар. Дін иелерінің немесе дінбасылардың Исламға жасаған ең ауыр қылмысы не екенін білеміз бе? Ол – араб-парсы дәстүрі (сүннет-ахл бейт) мен нақыл сөздер жинағын (хадис-ахбар) Құдайдың Кітабына және Құдайдың елшісіне тең қою. Бұл қылмыстың зардабы қаншалықты орасан екенін сезінсек қой!
Исламдағы дінбасылардың айтуынша, адамдарға Құдай мен оның елшісіне бағынуды әмір еткен Құдай араб-парсы дәстүрі мен мәдинетімен жүруді де «мақұлдапты». Дінге иелік етіп алғандар бұған сенеді және өзге жұртты да сендіреді. Негізгі дәлел етіп олар Құрандағы мына жолдарды келтіреді:
4:80 Елшіге бағынған Құдайға да бағынған. Ал егер теріс кеткендер болса, Біз сені оларды сақтаушы едіп жібермедік.
Дінбасылар мен пірлердің айтуынша, мұндағы «бағыну» – «Пайғамбардың сүннеті» («СуннатуРасуль») деп аталатын нәрсеге мойынсұну деген сөз.
«Пайғамбардың сүннетін» көпшілігіміз білеміз. Оны «хадис» жинақтарынан, «фикх» турасындағы кітаптардан, «тәпсір»-түсіндірмелерден және басқа жазбалардан көре аламыз.
Қалыптасқан араб дәстүрі бойынша, «Сүннет» – Алланың елшісінен қалған өнеге, ендеше оны айнытпай қайталау қажет. Бірақ олардың басым көпшілігі Мұхаммед пайғамбар жайлы сол хикаялардың қалай пайда болғанына, рас-өтіріктігіне терең ой жүгірте бермейді. Мына жағдайға назар аударайықшы. Пайғамбарымыз айтты деген сөздер, ол туралы хикаялар Мұхаммед о дүниелік болғаннан кейін шамамен жүз жыл өткен соң жинақтала бастады. Қалай? Кімдерден? Пайғамбардың көзін көрген адамдармен сөйлесіпті-міс деген адамдардың аузынан. Осындай жолмен тағы жүздеген жылдар бойы жиналумен болды. Ауыздан ауызға тараған аңыздар ақыры қасиетті нәрсеге айналды.
«Пайғамбардың сүннеті» деп жүргеніміз не? Ол – орта ғасырлардағы арабтардың тұрмыстық, гигиеналық, диеталық, романтикалық және басқа да толып жатқан әдет-ғұрыптары. Қалыптасып кеткен дәстүрдің айтуынша, «Пайғамбар сүннетінсіз» Құранды түсіну мүмкін емес. Яғни, Қасиетті кітапты түсіну үшін қосымша – «қасиеттірек кітаптар» керек-міс.
Алайда, бұл қағида Исламдағы қарапайым фактіге қайшы келеді. Олай болатыны – елшінің өміріндегі негізгі жайттар Құранның өзінде егжей-тегжей баяндалған. Адамдардың елшіге қойған сауалдары, Алладан қуат алған Мұхаммедтің ол сұрақтарға жауабы хадистерде, сүннетте емес, Қасиетті кітапта жазулы тұр!
2.219 ,17:85 ,5:92 ,29:18
Мұхаммедке сый етілген жалғыз жазу, жалғыз аян, жалғыз жолдаудың Құран екеніне ешқандай талас жоқ.
6:19 Бұл Құран маған аян болып берілді. Сендерді және Құран жеткендердің бәрін сақтандыру үшін келді.
Мұхаммед – көп елшілердің бірі ғана.
3:144 Мұхаммед тек елші. Оған дейін де елшілер өткен.
«Елші» («Ра-Су-Л») сөзінің түбірінде Жолдау («Ри-Са-Ля») деген сөз жатыр. Елші Жолдауды жеткізеді. Сондықтан «елшіге бағыну» ол жеткізген Жолдауға бағыну дегенді ғана білдіреді. Елшіге Алладан Жолдау түсті, «Алланың елшісі» деген мәртебе берілді, бітті. Бұдан өзге мәселеде оның бас иетіндей беделі болмауы тиіс.
Көріп отырғанымыздай, «Құдай мен оның елшісіне бағын» әмірі «Құранмен қатар Сүннет те керек» деген сөз емес. Керісінше, заңдардың бастауы – Қасиетті кітап. Бір ғана заң бар, ол – Құдайдың заңы. Бір ғана сүннет бар, ол – Алланың сүннеті. Құранға бағынумен бірге біз Құдайға, Оның елшісіне бағынамыз. Басқа адам ойынан шығарылған діни жазуларға сенгеніміз – басқа «құдайларға» бас игеніміз, сөйтіп Жалғыз Құдайдың елшісінен теріс айналғанымыз.
21:45 ,5:48 , 7:203-204 ,6:114-115 ,6:19 ,33:21 ,48:23 ,8.20 ,7:204 ,4:13-14
Жалғасы бар...
Тұрарбек Құсайынов
"Демос" ҚҚ төрағасы