Зейнеп АХМЕТОВА: АТАМ САЛТ-ДӘСТҮРДІ ЖЕТІК БІЛЕТІН…

6302
Adyrna.kz Telegram

Осыған дейін қазақтың салт-дәстүрі, яғни халқымыздың өзіне ғана тән әдет-ғұрпы туралы кеңінен түсіндіріп айтып келеміз. Ұлттық ерекшелікті айқындай түсетін белгінің бірі — ғасырлар бойына қалыптасқан әдет-ғұрыптары екені де белгілі.

«Мен тек атамның келінімін. Тұла бойы қайшылықтарға тұнып тұрған қайталанбас адамның биік шаңырағының кең дастарқанын ұстаған, шамам келгенше иіліп қызмет істеп, өнегелі өсиетін де, өңменімнен тесіп өтер айқайын да естіген маңдайлы келінімін. Атам деген — тірі тарих, шексіз шежіре еді… Ол — өз өмірінде сый-құрметке, қошеметке бөленген адам. Бірақ халқымыздың жақсы салттарын сақтап, әдеп пен ізет көрсетуім тіпті ұнап-ақ тұратынын білетін едім…» — дейді Зейнеп апай атасы жайлы жазылған «Шуақты күндер» атты кітабында. Ал бүгінгі «жолашар» мен «тоқымқағар» дәстүріне қатысты әңгімені Ұлы Отан соғысының даңқты қаһарманы, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы атамыз келіні Зейнеп апайға айтып берген екен. Бұл — жауына — сес, еліне ес болған біртуар ерен тұлғаның туған халқының болмысы, оның құндылықтары жайлы айтқан көп ұлағаттарының бір кішкентай үзігі ғана.
Жолаушыны ҚҰрметтеген халыҚпыз.
«Жолашар», «жолаяқ» дегеннің не екенін мәңгүрт болып кеткендер болмаса, былайғы қазақтың білмейтіні кемде-кем болар. Ол — сапарға аттанып бара жатқан жолаушыға ақ жол тілейтін дәстүр. Ал мұның негізгі мән-мағынасын бүгінде 100 жылдық ғасыр тойы тойланып жатқан батыр ата маған былай түсіндіріп еді…
- Қазақ қара жолды қадірлеп, жолаушыны құрметтеген халық. «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы қария барып сәлем береді» деп жолаушы жолының үлкен екендігін айтады. Ертеде қазіргідей хат-хабар, барыс-келістің оңай орындалмайтын кезінде ел-жұрттың, жер-судың амандығын жолаушылар арқылы біліп, жолаушылар арқылы хабар тарап отырған. Ауыл мен ауылды, ру мен ұлысты, алыс пен жақын елді жалғастырып байланыстыратын дәнекер — сол жолаушылар болған. Қазақта «адам үйден қырық қадам аттап шыққан соң мүсәпір» дейтін көне сөз бар. Қанша дегенмен кісінің өз отының басынан, үйреншікті ортасынан суырыла шығып, сапар шегуінің түрлі қиындықтары болады. Біреудің салқын қабағына кезігер, әділетсіз сөз естуі мүмкін, бір жерде шөлдейді, маңдайынан күн өтетін кезі болады. Түнеген жері жайсыз болар, жалғыздық көрер, үй ішін сағынып, көңілі құлазыр, айта берсе, жұмыр басты пендеге жол жүргенде не кездеспейді дейсің?! Уақытша болса да, сапардағы адамның торығатын сәттері болмай қоймайды.

Сонымен бірге жолаушы ел көреді, жер көреді, әр елдің өзіне тән ерекшелігін ұғады, бейтаныс адамдармен танысып-білісіп, өрісі кеңейеді. Әсіресе, бұрын ауылынан шалғай шықпаған жас үшін тіршілік талғамы, өмір тәрбиесі деген жол үстінде айқындау көрінеді. Адам жолға себепсіз шықпайды, қандай да бір оймен, мақсатпен шығады. Біреу — білім іздеп, біреу — бауыр-туысын іздеп, біреу — жиендеп не қайындап, енді біреу — базаршылап дегендей, әйтеуір әр көңілде бір ниет болады. Адамның сол ниет етіп шыққан мұрат-мақсатының іске асуына тілеушідей болып, алдыңда көсіліп жол жатады. Жас адамды сынағысы келгендей, шыңдап, ширатқысы келгендей өр мен ылдиын, бұрылыс-бұралаңын алға тосады. Жол бойында нелер жоқ дейсің, тіршіліктің қам-қарекетін жасап тірілер жүреді, пәни өмірдің қысқалығын көрсетіп, үнсіз мүлгіген мазар, қорымдар жатады. Өткенді ұмытпау керек екенін есіңе салады…

Жол мен жолаушыны қадірлеген халқымыз оған байланысты ырым-жоралғылар, дәстүр-салттарды қалыптастырған. Олардың әрқайсысының ізгі тілеуі, ақ ниеті бар. «Жолы болсын», «сапары сәтті болсын», «алды ашық болсын» деп алыс жолға жүретін адамға «жолашар» немесе «жолаяқ» деп аталатын дәстүрді жасап, шығарып салады. Адамы жолаушы жүретін отбасы бір малын сойып, ауылдағы үлкен-кішіге дастарқан жаяды. Қариялар жолаушыға арнап бата береді. Бата деген адамға рухани күш-қуат береді, көңілге — медеу, жүрекке сенім себеді. Ал сенім — ұлы күш.
Ақ жүрек болып жолдасың
Адалдық сені қолдасын!
Алымды болсын шабысың.
Найзағай болсын намысың,
Ер жігітке бәрі — сын!
Қиындық көрсең, мұқалма!
Ауырлық көрсең, жұқарма!
Дақ түспесін ар мен бағыңа,
Аман барып, есен қайт,
Мақсат еткен жолыңа! — деп алғаш рет сапарға шығатын жасқа бата береді. Әрине, айтушысына қарай ақ бата түрлерінің небір шұрайлысы бар ғой.
Жас адам өз әулетінің қара шаңырағына, үлкен үйлеріне кіріп тізе бүгіп, дәм ауыз тиіп шығатын дәстүр және бар. Жолаушының анасы не апа-қарындасы бір жапырақ нанның шетінен тістетіп, қалғанын алып қояды. Бұл «дәм тартып отбасына есен-сау оралсын» деген ниеттен шыққан. Кейін жолаушы келгенде, сол нанды қатып қалса да жейді. Әсілі, біреу тістеген нанды басқа адам «тістесіп қаламыз» деп жемейді. Ал «тістелген нан иесін күтіп, тілеулес болып тұрады» деген наным болған. Бұл — қазір мүлде ұмытылған ырым. Сонымен, «жүрген жерің мейірімді, қайырымды болсын, басар жер, асар тауың жеңіл болсын» деп жолаушыны бүкіл ауыл аттандырып салады.
Сапар барысында жолаушының көңілі бірде — семіріп, бірде — арықтап, жолдың ыстық-суығын басынан өткізіп, межелеген жеріне жетуі, одан ойға алған ісін орындап сау-сәлемет үйіріне қосылуы — өзіне де, айналасына да зор қуаныш. Сол мерейлі күнге үмітпен қараған отбасы «ай жүрсе де, аман оралсын, ел-жұртына қайта қауышуға жазсын» деп «тоқымқағар» дәстүрін жасайды. «Тоқымқағарды» жолаушының келер мерзімі таяп қалғанда не кешіге бастағанда әйелдер жағы дастарқан әзірлеп, ауылдастарын шайға шақырады. «Жолаушының кешіккеніне қарап қуан» деп, кідірістің өзін жақсылыққа жориды. Үйден тоқым алып шығып, «жолда ұзақ жүріп, тоқымы шаң болып қалыпты ғой…» деп тоқымды қағып-сілкіп ырымдайды. «Тілек тілде ғана емес, ділден, жүректен шынайы шымырлап шығып жатса, жаратқан иемнің кеңшілігі мол, ниет қабыл болады», — дейтін көпті көрген көсем қариялар. Бабалардың аманаты ретінде өз кезегімде мұны саған арнап айтып отырмын. Есіңе алып, ескеріп жүргін!
Ал мен өз кезегімде атаның бұл айтқан аманатын газет оқырмандарына жеткізуді жөн көрдім…


Дайындаған
Айгүл БОЛАТХАНҚЫЗЫ,

«Айқын».

 

Пікірлер