Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы өтті

640

Бүгін елордада Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның кеңейтілген отырысы өтті. Бұл туралы «Адырна» тілшісі Ұлттық комиссияға сілтеме жасап хабарлайды.

Отырысқа Парламент депутаттары, Ұлттық комиссия мүшелері, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты. Отырысты ашарда Ұлттық комиссия төрайымы Лаззат Рамазанова Мемлекет басшысының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында қойылған міндеттер мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардан қазақстандық отбасылардың әл-ауқатын жақсарту және әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту үшін жоғары жауапкершілік пен үйлесімді іс-қимылды талап ететінін атап өтті.

«Отбасы әл-ауқатының мәселелері, тұрмыстық зорлық- зомбылықтың жүйелі алдын алу бойынша қоғамдық ұйымдармен тиімді өзара іс-қимыл жасау, өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға уақтылы көмек көрсету - бұл мәселелер Ұлттық комиссия жұмысында басым болып қала береді», - деп атап өтті Лаззат Рамазанова.

Отырыста 5 өңірде: Нұр-Сұлтан, Шымкент қаласы, Алматы, Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» пилоттық жобасының іске асырылу барысы туралы ақпарат тыңдалды. Жобаның мақсаты - отбасы институтын нығайту және отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықты азайту. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жүйесінің жай-күйін талдау әрбір екінші қылмыс мас күйінде жасалатынын, заңсыз әрекеттердің 70-75% тұрғын үй-жайларда орын алатындығын көрсетті. 80% жағдайда зорлық - зомбылық субъектілері болып ерлі-зайыпты немесе азаматтық некеде тұрған адамдар, 20% - өзге туыстық қатынастағы адамдар болып табылады. Жүргізіліп жатқан жұмысқа қарамастан, шешуді талап ететін бірқатар проблемалар бар. Аумақтарды дамыту жоспарларында отбасы институтын нығайту және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері бойынша түйінді нысаналы индикаторлар жоқ екені анықталды. Жергілікті атқарушы органдардың құзыреті нақтыланбаған. Алдын алу жүйесіне әділет, мәдениет және спорт, ішкі және жастар саясаты органдары тартылмаған. «Жүйелі мониторингті енгізу, әлеуметтік қолайсыздық пен тұрмыстық зорлық - зомбылық мәселелері бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимылды және жедел ден қою тетіктерін нығайту қажет», - деп атап өтті Лаззат Рамазанова.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің Ұлттық статистика бюросының өңірлердегі отбасылардың әл-ауқатына мониторинг жүргізу нәтижелері және Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасының индикаторларын есептеу әдістемесі туралы ақпараты тыңдалды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараты бойынша, «Отбасының цифрлық картасын» енгізу жоспарлануда. Еліміздің 19 млн. тұрғынына талдау жүргізілді, 5 млн. 341 мың отбасының цифрлық карталары қалыптастырылды. Бүгінгі таңда отбасылардың 2,7 млн немесе 50,6%-ы қолайлы және жақсы деңгейге жатады. Атаулы әлеуметтік көмекпен қамту 2020 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 186,2 мың отбасына дейін немесе 891,1 мың адамнан астам өсті, өсім 25%-ды құрады. Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде Ұлттық статистика бюросы 9 нысаналы индикатор бойынша есептеу әдістемесін әзірледі. Ол отбасылық және гендерлік саясатты іске асыру тиімділігінің негізгі көрсеткіштерін қалыптастыру тәртібін жүйелендіруге, деректерді жинау, ұсыну және оларды сақтау үшін уәкілетті мемлекеттік органдардың жауапкершілігін бекітуге мүмкіндік береді.

Отырыс соңында ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Лаззат Рамазанова мемлекеттік органдарға бірқатар нақты ұсыныстар берді.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы