Ерлан Қарин. Қазақ ауыз және жазба әдебиетіндегі жебе түрлерінің атаулары

12342
Adyrna.kz Telegram

Күдеріден бау тағып,
Кіреуке киер күн қайда.
Күмбір, күмбір кіснетіп,
Күреңді мінер күн қайда.
Толғамалы ақ балта,
Толғап ұстар күн қайда.
Алты құлаш ақ найза,
Ұсынып шаншар күн қайда.
Садақ толы сай кез оқ,
Масағынан өткеріп,
Басын қолға жеткеріп,
Созып тартар күн қайда?
/Доспанбет жырау/

Қозыжаурын көкжендет қылшанда тұр,
Көбе бұзар, қасалы, әндігені.
Он екі тұтам, шай жібек, ала білек,

Тұр, қалмақтың қайда деп жанды жері!
Бедеріңді бейнелеп бере алмасам,
Күшіген жүн сайкез оқ, аңды мені!
/Светқали Нұржан. «Еңсегей бойлы Ер Есім»/

Күдеріден бау тағып,
Кіреуке киер күн қайда.
Күмбір, күмбір кіснетіп,
Күреңді мінер күн қайда.
Толғамалы ақ балта,
Толғап ұстар күн қайда.
Алты құлаш ақ найза,
Ұсынып шаншар күн қайда.
Садақ толы сай кез оқ,
Масағынан өткеріп,
Басын қолға жеткеріп,
Созып тартар күн қайда?
/Доспанбет жырау/

Қозыжаурын көкжендет қылшанда тұр,
Көбе бұзар, қасалы, әндігені.
Он екі тұтам, шай жібек, ала білек,

Тұр, қалмақтың қайда деп жанды жері!
Бедеріңді бейнелеп бере алмасам,
Күшіген жүн сайкез оқ, аңды мені!
/Светқали Нұржан. «Еңсегей бойлы Ер Есім»/

Қазақтың қару-жарақтары және көшпелі әскери өнер жайлы соңғы уақытта бірқатар еңбектер жазылды. Айталық, қазақтың дәстүрлі қол өнері, қару-жарағы, сауыт-сайманы, көшпелілердің соғыс тәсілдері сияқты тақырыптарда көптеген ғылыми зерттеулер, танымдық анықтамалықтар жарыққа шықты. Соның ішінде ер қаруы бес қарудың бірі садақ жайлы, садақ жебесі туралы да көптеген еңбектер бар. Алайда, бірқатар әдебиеттерде жебелердің неден жасалғаны, қандай мақсатта қолданылатындығы, қаншалықты алысқа ұшатындығы, салмағының, ұзындығының қандай болатынын т.б. былайша айтқанда, ғылыми тұрғыдан терең сипаттама беріледі. Олай дейтініміз, бірқатар зерттеу еңбектерінде садақ оқтарының құрылысы, қайдан табылғандығы жақсы сипатталады. Бірақ, негізінен жалпылама «садақ оқтары» немесе «жебелер» деп қана келтіреді. Болмаса «қозыжаурын», «сауытбұзар» деп ең көп қолданыстағы бір-екі атауы аталады. Басқа атаулары қолданылмайды десе де болады.

Осыны ескере келіп, біз бүгінге дейін қазақ ауыз және жазба әдебиетіндегі жебе атауларын топтастырып, жүйелеуді жөн көрдік. Әрине, бұл Ұлы даланың сырлы ескерткіштері емес, тарихымыздың тас жазуы емес, бар болғаны садақтың бір бөлшегі ғана. Алайда, бұндағы мақсат бір ғана кішкентай жебені мысалға алу арқылы, қазақ тілінің қолданысымызда жоқ қаншама қазынасы бар, бай тіл екендігін көрсету. Мысалы, тастардың қазақша атауларын жүйелеп, топтастыруды қолға алған Әнес Сарай, өзен-көлдердегі балық түрлерінің ұмыт болған сан алуан атауларын түгелдей анықтап, зерттеп, жүйелеген Қажығали Мұхамбетқали сияқты, біз де бұл мақалада садақ жебелерінің толық атауын беруге тырысып, осы бағытты ұстауды жөн көрдік.

Тек бұл жолғы зерттеудің барысында қазақтың ауыз және жазба әдебиетінде жебе атауларының 40-қа жуық аттары анықталып, олардың сол жырларда, дастандарда және көркем әдебиетте қалай қолданыс тапқандығынан осы мақалада мысалдар берілді.

Біздің анықтағанымыздай садақ жебесінің 100-ге жуық түрі белгілі, ал осы жүз түрлі жебенің 40-қа тарта ғана атауының жиырмаға жетер-жетпесі жаңағы жебелер түрлеріне сәйкестендірілді. Және жебенің бар атауларын түгелдеуден басқа анықталған жебе түрлерінен біз көшпелі әскери өнер мен дәстүрдің қазақ даласында қаншалықты күрделі даму жолының болғандығын көреміз. Қазақтың бес қаруының бірі садақтың, оның ішінде жебенің өзінің осыншама түрі мен атауы болуы осының бір дәлелі болса керек. Және де бұл көшпелі әскери өнердің өте жоғары деңгейде дамығанын, қазақтың қару-жарақтарының ертеден қалыптасқандығы, оның ұлтымыздың жауынгерлік салты мен қазақтың бойындағы жауынгерлік рухты қалыптастыруда алар орынын көрсетеді.

Содан кейінгі, бұл мақаланы жазуға түрткі болған жай - еліміздің мұражайларында «ұлттық қару-жарақ» тақырыбына арналған тұрақты экспозиция мен залдарының болмауы. Болған күнде де олардың жеке-жеке топтастырылып, әр қайсысының өз-өз атауларын толық иеленгені жоқ6 барлығы жарым-жартылай, бір жүйеге келтірілмеген. Әйтпесе, Кенесарының қылышы Шымкентте, ал Абылайханға Ресей патшасының сыйлаған қылышы Астанадағы Тұңғыш Президенттің мұражайында әрқайсысы жеке-жеке, әр жерде тұрар ма еді? Немесе, қайда барсаң да, алдыңнан жеңсесі жоқ жемтір сауыт, жығасы жоқ жыртық дулыға шығады. Бүгінге жеткен бабалар көзі деп көретініңіз осы. Сонда біздің бөрілі байрақ астынан, жағасы алтын жеңі жез, шығыршығы торғай көз ақ сауыт киіп, бес қаруды асынған бабаларымыздан қалғаны сол ғана ма еді? Біздің ойымызша, қазақтың қару жарақтарына арналған экспозицияларда қылыштың, найзаның, балтаның, қорамсақтың, садақтың және сауыттың барлық түрлерін жинақтап, жүйелеп, толық көлемде көрсету қажет.

Міне, осындай бағыт-бағдарды ұстана отырып, өз шамамызша садақ оқтарының атауларын анықтап, бір жүйеге топтастыруды көздедік. Қазақтың қару-жарақтарын зерттеумен көптен бері айналысып жүрген Қалиолла Ахметжан соғыста және аңшылықта қолданылатын садақ оқтарының бірнеше түрлері болды дейді. Және оқ ұшының формасы оның жасалу материалы мен қолдану қызыметі арқылы анықталды дей келіп, қазақ оқтарының жебелерін жасалған материалына сәйкес топқа, жебе басының пішініне байланысты типке, қимасына байланысты үлгіге, ал ұзындығына байланысты нұсқаға бөледі. Бұл ғылыми тұрғыдан садақ оқтарының ең бір жүйелі жүргізілген жіктеуі екенін айта кету керек.

Ал біз қазақ ауыз және жазба әдебиетінде кездесетін оқ атауларына сүйене отырып мынадай топтарға бөліп қарастыруды жөн көрдік. Сабының түрлеріне, қанаттарына (қауырсындарына), ұштарындағы оқтардың жасалу материалдары мен түрлеріне және оқтың жеке атаулары мен міндеттеріне қарай бөлу. Және осы топтастыруларды өз ішінде жіктерге жіктеуді қарастырдық.

Жебелерді сабының түрлеріне қарай бөлу

Бұл тармақтың өзін, оқ саптарының қандай ағаштан жасалуына, саптарының ұзындығына және оқ саптарының түсіне байланысты жіктеуге болады. Қандай ағаштан жасалғанына қарай оқтардың «қу жебе», «қайың оқ», «тобылғы сапты оқ», «қамыс сапты оқ» деген атаулары болады, ол жайлы Шалкиіз толғаулары мен «Сүйініш батыр» жырында:

Тәңірі өзі бермесе,
Менменсіп жүрген ер жігіт,
Кісіден тартып алып жарымас!
Емен шайнап, тал қайзар,
Құлан, бұлан баласы.
Екі енені тел емген,
Бұзылмайды жас тұлпардың саурысы.
Қатты бір тартып бек атсаң,
Қайрылып барып тез сынар,
Қайың оқтың жарқасы.
Белуардан саз кешсең,
Тобығыңнан келтірмес,
Қамалаған қалың туған арқасы.
(Шалкиіз. «Бес ғасыр жырлайды». 1 т., 52 б.)
Көп кісіні көрген соң,
Шарайна мен дулыға
Оны алып киінді,
Қос білегін сыбанды.
Үш мың кісі әскердің
Шаңы шықты тұманды.
Он екі тұтам қу жебе,
Ер қасына алады-ай.
Атайын деп ол оқты,
Оңтайланып қарады-ай.
(«Сүйініш». Батырлар жыры. 5 т., 229 б.) - деп суреттелсе, осы қу жебе «Нәрік» жырында былайша беріледі:
Сонда Шора қозғалды,
Қу жебені қолға алды.
Тартып қалды жебені,
Қалмақтан өтіп оқ кетіп,
Бір төбеге жетеді,
Ол төбенің босады,
Оқ тиген көбесі.

(«Нәрік». Батырлар жыры. 100 томдық, 51 т., 39 бет)

Ал осы оқтар көркем әдебиетте былайша көрініс табады:

«Ши оқпен емес, тобылғы оқпен атам, - деді Көшек қара ағаштың бұтағынан иілген, әдемі, кішкентей садағын сайлап. - Мына ұшқыр оқтарым жоғалмасын деп қой ши оқпен атып жүргенім.

Сырты күмістелген кішкене, былғары қорамсағынан бір уыс қызыл тобылғы оқсуырды. Тобыршығы - жез, қауырсын орнына бір-бір тұтам шуда жіп байлаған». (М. Мағауин. «Аласапыран». 37 б.)

Келесі жіктеу ол - сабының ұзындығына қарай. Бұндай топтау түріне садақ оқтарының: «сай кез оқ», «кез оқ», «он екі тұтам жебе» деген атаулары кіреді. Ал олар батырлар жырында төмендегіше суреттеледі:

Саралай, сай кез оқты еңіретті,

Тасыр құлдың зәресі ұшып кетті.

Күреңмен көлденеңдеп тартып кетсе,

Ала бедеу байталы құлап түсті

(Қазақ эпостары «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» жыры. 250 б)

Қара бұланның терісін,
Етік қылар күн қайда,
Күдеріден бау тағып,
Кіреуке киер күн қайда.
Күмбір, күмбір кіснетіп,
Күреңді мінер күн қайда.
Толғамалы ақ балта,
Толғап ұстар күн қайда.
Алты құлаш ақ найза,
Ұсынып шаншар күн қайда.
Садақ толы сай кез оқ,
Масағынан өткеріп,
Басын қолға жеткеріп,
Созып тартар күн қайда?

(Доспанбет жырау. «Бес ғасыр жырлайды». 1 т., 38 б.) - деп Доспанбет келтірсе, Махамбет ақын өз өлеңдерінде былай деп қолданады:

Толғай-толғай оқ атқан,
Он екі тұтам жай тартқан.
Қабырғасын қаусатқан,
Тебінгісін тесе атқан,
Тізгінінен кесе атқан,
Теспей қанын зулатқан,
Біздің қайсар батырдың
Жүрегін сөйтіп оятқан
Кешегі Орақ пенен Мамайдай
Батырлар, шіркін, болар ма-ай!

(Махамбет. «Жорық жырлары» 41 б.).

Ал енді оқ саптарының боялуына қарай: «сырлы жебе», «қызыл жебе», «сары жебе» немесе «саржа», «сармасақ» деген атаулары бар. Жебе сабының сырлы болатыны жөнінде Мұрат Мөңкеұлының мына жыр жолдарнан білуге болады:

Он сегіз жыл атысып,
Орманбет бидің өлген жер.
Он сан ноғай бүлген жер,
Орта бойын сырлаған,
Оқ жаңбырдай жауған жер.
Мұсылманның басынан
Дәреже қайтып ауған жер.

(М. Мөңкеұлы. «Кіндігімді кескен жер». 85 б.).

Ал бұл сырлы жебелердің әдебиетте қалай көрініс тапқанын төмендегі дастандардан келтірілген үзінділерден білуге болады. Мысалы, «Көрұғылы» дастанында саржаны былайша қолданады:

Ер Көрұғылы тартты саржа садақтан,
Алмас оғы ағып өтті талақтан.
Керігінен омаққаса құлапты,
Батыр Маһрам елді аузына қаратқан.

(Қазақ халық әдебиеті. Көп томдық. Батырлар жыры. «Көрұғылы» 114 б.).

Сондай-ақ, осы жебе түрлері ерлік жырларында төмендегідей орын алады:

Тоқал торы ат жайлаған,
Тобығына тондық ала байлаған.
Хандар шыққан төбедей,
Қабырғадан бүтін шықан сүбедей,
Аударылмас қара кемедей,
Қандыауызға сырлап салған жебедей,
Хан ұлы төредей,
Би ұлы шорадай,
Қан жұқпас қайқы қара болат өтпеген,
Мақтауына адам тауып жетпеген,
Бұ жиынның ішінде
Ер Жақсымбет аға бар.
(«Ер Шобан». «Бес ғасыр жырлайды». 1 т., 56 б.)
Сусылдаған сармасақ,
Садақтардан борар күн.
(Сырым батыр. «Дала кемеңгері». 35 б.)
Исатайдың барында,
Екі тарлан бөрі едім.
Ерегіскен дұшпанға,
Қызыл сырлы жебе едім.
(Махамбет. «Бес ғасыр жырлайды». 1 т., 230 б.).
Дәл осы жебе түрін осы ақын төмендегіше береді:
Садағына сары жебе салдырған,
Садағының кірісін,
Сары алтынға малдырған.
Тереңнен көзін ойдырған,
Сұр жебелі оғына
Тауықтың жүнін қойдырған.
Маңдайын сары сусар бөрік басқан,
Жаурынына күшіген жүнді оқ шанышқан.

(Махамбет. «Бес ғасыр жырлайды». 1 т., 216 б.)

Бұл үзіндіде кездесетін «сұр жебе», «күшіген жүнді оқ» деген оқ түрлерін келесі топтаулырдан оқимыз.

Қанаттарына (қауырсындарына)

қарай бөлу

«Хан шақыруынан қатты сезіктенген Жәнібек, бешпентінің ішінен қорасан болатынан жұқа етіп тоқылған шағын сауыт киді. Алдаспанын қамсыз қайрап, садақ жебесіне жаңадан сұңқар қауырсынын қадады» (Ілияс Есенберлин. «Көшпенділер». 19 б.)

Міне осындағы жебеге қадалған қауырсынға байланысты «екі қанатты», «төрт қанатты жебе», «сары жүн оқ», «күшіген жүнді оқ», «қауырсын жебе» және «үкілі оқ» деп бөледі. Бұған дәлел төмендегі жырлар мен романдардан алынған үзінділер.

Қанатты (қауырсынды) жебелердің түрінің бір мысалы ретінде Тұрсынхан Зәкенұлының «Көкбөрілердің көз жасы» романында: «Таян хан оның жаралы кейпіне қарап жаны ашыды: «Алтайға таман шегініп ұрыс салайық деген сөзіме көнбей қоймап па едің?» - деп айтайын деді де, сөзін жұтып алды. «Шіркін ерлерім, сендерге өкпем жоқ» - деп көзіне кептеліп келіп қалған жасты зорға тежеді. Басыма қиын іс түскенде қолға алармын деп сақтап жүрген сап алмасқа суарылған қанатыжебе толы қорамсағын қолға алды.» (Зәкенұлы Т. «Көкбөрілердің көз жасы» 264 б.) - деп келтіреді.

Ал бұл жебелердің басқа атаулары жайлы төмендегі жырлардан келтірілген үзінділерден біле аламыз:

Дұшпан атқан қанатты оқ,
Жете алмай оған қалыпты.
(«Рүстем, Зораб». «Айқап» журналының толық нұсқасы. 153 б.)
Бәрін айт та бірін айт,
Қабағын қара сусар бөрік басқан,
Жаурынына күшіген жүнді оқ шанышқан.
Қалжуырдай шаншылған,
Жұрт үшін қарауылға көп тұрған,
Сексен сегіз аңдыған,
Еңсесін түбекменен жауыртқан,
Еңкейгенін жазбаған,
Он екі құрсау жез айыр,
Қара мылтық жұмсаған,
Бұ жиынның ішінде,
Қара найман Жанақ бар.
(«Ер Шобан». «Бес ғасыр жырлайды». 1т., 56 б.)
Қарғадай мынау Қазтуған
Батыр болып туған жұрт,
Кіндігімді кескен жұрт,
Кір-қоңымды жуған жұрт
Қарағайдан садақ будырып,
Қылшынымды сары жүн оққа толтырып,
Жанға сақтау болған жұрт.
(Қазтуған жырау. «Бес ғасыр жырлайды», 1т., 32 б.)
Сұр жебелі оғына
Тауықтың жүнін қойдырған,
Маңдайын сары сусар бөрік басқан,
Жауырынына күшіген жүнді оқ шанышқан
(Махамбет. «Жорық жырлары» 83 б.)
Қарға жүнді қамыс оқ,
Шаш етектен тиіпті.
(«Ер Көкше». Батырлар жыры. 44 т., 88 б.).
Садақ толы сар жебе,
Жүні ұшып кетіпті,
Оны жөндей келеді.

(«Ер Көкше». Батырлар жыры. 44 т., 89 б.) - деп келсе,

Төрехан Жұмаханов «Қасым хан» атты кітабында: «...Бірақ Қасым асықпады. Баппен иығындағы садағын сыпырып, оюланған тері қорамсағынан үкілі жебесін суырды» (Жұмаханов Т. «Қасым хан». 10 б.) - деп келтіреді. Бұдан байқайтынымыз үкі қазақ наным-сенімінде қасиетті құс деп есептелетін үкінің жүнін (қауырсынын) Қасым ханның жебе масағына қойдыруы - хан әулетінің ұстайтын қару-жарағы да ерекше болғандығы.

Жебе ұштарындағы оқтардың

жасалу материалдары мен түрлеріне қарай

Жоғардағы сап түрлеріне қарай бөлгеніміз секілді мұнда да жеке-жеке жіктеуге болады. Жебе қырларына қарай, жасалған теміріне қарай. Қазақ ауыз әдебиетінде оқтардың жебе қырларына қарай «төрт қырлы», «алты қырлы», «үш қырлы» деген түрлері кездеседі. Мысалы «Ер Қосай» жырында;

Алты қырлы ақ жебе,
Шыққан жері қу төбе,
Кесіп алған жерінде,
Қырық ай жатқан қуарып,
Қырық қара нар майына,
Алып едім суарып.
(«Ер Қосай». Ақсауыт. 2 т., 13 б.) – деп берілсе, «Кенесары Наурызбай» жырында төмендегідей суреттеледі:
Түсі суық тартқанда,
Төрт қырланған жебенің.
Ажал оғы келгенде,
Қорғаны болмас көбенің.

(«Кенесары Наурызбай». Хан Кене. 23 б.)

Ал олардың жасалған теміріне қарай «көк жебе», «сұр жебе» болмаса «болат оқ», «шойын оқ» деп те атаған. Солардың кейбіреулерінің қазақтың батырлық жыр дастандары және ертегілері мен көркем әдебиетінде қалай қолданылғанына көз жіберсек, айталық «Аюдәу» ертегісінде былайша суреттеледі: «Бала үлкен шынар теректің қасына келсе, бір айдаһар теректі өрмелеп жаңа ғана шығып бара жатыр екен. Терек басында бастарын төмен салып шиқылдаған құстың балаларын көрді. Бала жыланды қоя беріп біраз тұрды. Бір кезде жылан балапандарға жақындап біреуін аузына сала бергенде дәлдеп тұрып басынан алтын садақтың болат ұшты, қос қанатты, тобылғы сапты оғын отырғызды. Ысқырған жылан әр бұтақа бір-бір ілініп жерге түсті». (Қазақ ертегілері. «Аюдәу», 103 б.)

Ал, «Жұбаныш» жырында былай деп берілген:
Сонда тұрып Жұбаныш
Қорамсаға қол салды.
Қалмаймын деп ноғайлыдан,
Қалмақта сонда оңдалды.
Жұбаныш артық ер еді,
Қыбырлайтын жер еді.
Сұр жебені қолға алып,
Батыр атып қалады.
Атқан жерін қарашы,
Жұтқыншақтан қадады.
Ындыстың басы домалап,
Анадай жерге барады.
(«Қарадөң батыр және оның ұрпақтары». Ақсауыт. 2 т., 99 б.)
Ахмет пен Едіге
Атың басын жөндеді,
Сұр жебені қолға алды.
Айсаның ұлы Ахмет
Тебінгіден тебе атты,
Үзенгіден үзе атты,
Суырып алып қорамса
Жауған қардай боратты.
(Батырлар жыры. «Едіге» 253 б.)
Сондай-ақ, көк жебені «Нұрадын» жырында былайша сипаттайды:
Сәрсенбі күні болғанда
Өзі келіп Нұрадын
Шұбарды сонда ерледі.
Ері кейін кетер деп,
Омырауға салды омырауша,
Артына салды құйысқан.
Нұрадынмен жоқ еді,
Атадан бірге туысқан.
Керегеде көк жебе,
Ер басына іледі.
Бабасының көк алмасын
Беліне бекем буады.
Үстіне киіп ақ сауыт,
Шарайна белге байлады,
Жүруге жолды сайлады.
Үй сыртында көк сүңгі
Белдеуден алды суырып.
(Батырлар жыры. «Нұрадын» 269 б.)
Қорамсаққа қол салды,
Көк жебені қолға алды.
(«Қыдырбайұлы Қобыланды». Батырлар жыры. 6 т., 45 б.) – деп келсе, «Нәрік» жырында:
Көк жебемен атқанда,
Алдыңда тұрған тау мен тас,
Шағыл құмдай көрмедің.
(«Нәрік» Батырлар жыры. 100 томдық, 51 т., 19 б.).
Ал «Қарадөң батыр және оның ұрпақтары» жырында:
Керегеде тұрған көк жебе,
Оны да батыр алады.
(«Қарадөң батыр және оның ұрпақтары». Ақсауыт. 2 т., 109 б.)
- Ноғайлы деген мен, - деді,
Құр көппін деп мақтанба,
Шамалы болар қайратың,
Қыбырлаған жан көрдім.
Көк жебені қоға алсам,
Жоғаларсың, қалмақ, долдансам.
(«Тама». Ақсауыт. 2 т., 162 б.) – деп қолданса, «Тегіс, Көгіс» жырында:
Жебесі оның шегеден,
Жебенің ұшын сұрасаң,
Асылы болат темірден,
Жалпақ тасқа егеген.

(«Тегіс, Көгіс». Ақсауыт. 2 т., 152 б.) - түрінде келтірген.

Ал Тұрсынхан Зәкенұлының «Көкбөрілердің көз жасы» атты романында: «Топ ішінен Тоқтабектің ұлы Қолтуған мерген Темүжіннің көзіне көрсетіп тұрып, қылышын бұлғап айғай салды:

- Атаңа нәлет Темүжін, сенде кеткен кегім бар. Жер түбіне кетсем де қайырыла келіп соймасам, қаныңды ішіп тоймасам атым өшсін! - деп бір басы бір қысырдың тайына бергісіз он екі тұтам сұр жебені суырып, садағына салды» - деп береді. (Тұрсынхан Зәкенұлы. «Көкбөрілердің көз жасы» 304 б.)

Сондай-ақ, Әбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» романында сұр жебенің мынадай мысалы кездеседі: «Жан-жақтан тартылған сұр жебе онсызда жүректері ұшып безіп бара жатқан жүйрік хайуандардың соңынан суылдап қуып беді». (Кекілбаев Ә. «Аңыздың ақыры» 16 б.)

Ұшы айыр болып келген жалпақ, өткір оқпен адамның, аңның дене мүшесін кесіп түсу үшін керектенеді. Бұндай оқты «жез айыр» деп атаған.

Шығыршығы шираған,
Бадана көзді кіреуке
Шарайнасы бес қабат.
Жау қарысы жетпеген,
Жез айырдың оғы өтпеген.

(«Ер Тарғын». Батырлар жыры. 44 т., 38 б.)

Сондай-ақ, бізге жеткен жебе түрлерінің ең көнесі деуге де болатын оқтың бір түрі ол - «сарнама» немесе «ысқырғыш». Сарнама - жебе қырында тесігі бар оқ. Бұл көне қытай жазбаларының айтуынша ежелгі ғұндарға тән болған: «Мау-дун (Моде) жеке бөлініп шыққан соң жауынгерлеріне сарнама жебе жасатып ат үстінен шауып келе жатып садақ тартуға үйретті. Мау-дунның бұйрығы бойынша кімде-кім оның өз сарнамасын бағыттаған жаққа жебесін жібере алмаса соның басы алынатын болды» (Суиңну. «Хан кітабы» (Көне қытай жазбалары). Ауд. Қ.Салғарин).

Оқтың осы түрі Светқали Нұржан дастандарында:
Ең әуелі сарынат сарнаманы,
Ұйқысынан оятсын Перғананы. – деп келсе, келесі ысқырма түрін былай қолданады;
Содан кейін ыңырант ысқырманы,
Іш құндағын қырнасын тіс-тырнағы – дейді.
(Нұржан С. «Еңсегей бойлы Ер Есім». Ай таранған түн. 287 б.)

Оқтың жеке атаулары мен міндеттеріне

қарай бөлу

Оқтардың өз атауларына байланысты жалпақ, екі қырлы болып келгендерін «қозы жаурын», «көкжендет» деп атаған. Бұдан байқағанымыз оқтардың да өзінің атқаратын міндеті мен түріне қарай да жеке атаулары болғандығын білеміз. «Қозыжаурын» қазақ әдебиеті мен көптеген танымдық материалдар және зерттеу еңбектерінде ең өп қолданысқа ие жебе атауы. Оқтың осы түрі көркем әдебиете былайша орын алады: «Жалаңаш сарайдан алшаңдай шыға келіп, қорамсақтан қозы жаурын оқ алып адырнаға басты да, әй-шайға қарамай Күнкені көздеп тұрып тартып қалды. (Зәкенұлы Т. «Көкбөрілердің көз жасы» 447 б.).

Ал жыр-дастандардағы осы оқ атауларын мына үзінділерден байқауға болады:

Кәміл пірлер жебеді,

Қолына алып толғанып,

Қозы жауырын жебені

Ат үстінен шіреніп

Сонда тұрып тартады,

Кәміл пірлер сенгені.

Құрулы бақан басында

Екі бөліп ұшырды

Ай астында теңгені.

(Қазақ халық әдебиеті: Көп томдық. Т.I. Батырлар жыры, «Қобланды батыр» жыры, 21 б.)

Үстіңе баса киіп ал

Алтын сауыт көбені.

Жау дегенде жайнатып,

Толғамалап қолыңа ал,

Қозы жауырын жебені.

Оқтың жеке атаулары мен міндеттеріне

қарай бөлу

Оқтардың өз атауларына байланысты жалпақ, екі қырлы болып келгендерін «қозы жаурын», «көкжендет» деп атаған. Бұдан байқағанымыз оқтардың да өзінің атқаратын міндеті мен түріне қарай да жеке атаулары болғандығын білеміз. «Қозыжаурын» қазақ әдебиеті мен көптеген танымдық материалдар және зерттеу еңбектерінде ең өп қолданысқа ие жебе атауы. Оқтың осы түрі көркем әдебиете былайша орын алады: «Жалаңаш сарайдан алшаңдай шыға келіп, қорамсақтан қозы жаурын оқ алып адырнаға басты да, әй-шайға қарамай Күнкені көздеп тұрып тартып қалды. (Зәкенұлы Т. «Көкбөрілердің көз жасы» 447 б.).

Ал жыр-дастандардағы осы оқ атауларын мына үзінділерден байқауға болады:

Кәміл пірлер жебеді,

Қолына алып толғанып,

Қозы жауырын жебені

Ат үстінен шіреніп

Сонда тұрып тартады,

Кәміл пірлер сенгені.

Құрулы бақан басында

Екі бөліп ұшырды

Ай астында теңгені.

(Қазақ халық әдебиеті: Көп томдық. Т.I. Батырлар жыры, «Қобланды батыр» жыры, 21 б.)

Үстіңе баса киіп ал

Алтын сауыт көбені.

Жау дегенде жайнатып,

Толғамалап қолыңа ал,

Қозы жауырын жебені.

(«Қазақ эпостары». «Қыз Жібек» жыры. 300 б)

Айтулы ерлер бар екен,

Жүйріктері баптаулы,

Найзалары саптаулы,

Сауыттары сақтаулы.

Қозы жаурын көк жендет,

Қорамсақпен қаптаулы

Ерлердің сойы бар екен,

Бірінен бірі мақтаулы.

(Қашаған. «Кіндігімді кескен жұрт». 75 б.)

Саржаға оқты кереді,

Қозыжаурын көктеме оқ,

Ұзындығы кез еді.

(«Шыңтасұлы Төрехан». Ақсауыт. 2 т. 305 б.).

Қозы жаурын қу жебе,

Алтыннан ойған алпыс кез,

Тартатұғын шақ болды.

(«Ер Тарғын». Батырлар жыры. 44 т., 45 б.)

Беркініп садақ асынбай,

Біріндеп жауды қашырмай,

Білтеліге оқ салмай,

Қорамсаққа қол салмай,

Қозы жаурын оқ алмай,

Атқан оғы жоғалмай,...

(Махамбет. «Бес ғасыр жырлайды». 2 т., 211 б.).


Ал осы қозыжаурын оғының атауын «Қарадөң батыр және оның ұрпақтары» атты жырда:

Сонда қалмақ оқталды,

Қорамсаққа қол салды,

Қозы жаурын қу жебе,

Суырып оны қолға алды.

(«Қарадөң батыр және оның ұрпақтары». Ақсауыт. 2 т., 68 б.) - деп береді.

Біртіндеп садақ асынған,

Біріндеп жауды қашырған.

Қорамсаққа қол салған,

Қозы жаурын оқ алған.

Атқан оғы зырқырап,

Еділден өтіп жоғалан.

(М.Мөңкеұлы «Кіндігімді кескен жұрт». 83 б.)

Ал Мақмұт Қашғаридің еңбектерінде кездесетіндей «қандыауыз» деген де жебе атауы болуы мүмкін. Олай дейтініміз Мақмұт Қашғаримен қатар төмендегі жыраулардың жырлары да соған әкеп тірейді.

Қатынасы биік көлдерден

Қатар түзеп қу ұшар,

Алға сап тіз оқ ата көрмеңіз,

Қандыауыздан сыйлы жебе сайламай;

Атаның ұлы ер жігітке

Арту-арту бел келер,

Оқтан қатты сөз келер,

Алға сап жауап бермеңіз,

Арғы түбін ойламай.

(Шалкиіз. «Бес ғасыр жырлайды». 1 т., 53 б.)

Адырнасын ала ала өгіздей мөңіреткен,

Атқан оғы Еділ-Жайық тең өткен,

Атқанын қардай боратқан,

Көк шыбығын қандыауыздай жалатқан

(Махамбет. «Бес ғасыр жырлайды». 1 т., 185 б.)

Кейбір тарихи романдарда «тіз оқ» және «томар оқ» деген оқ түрлері кездеседі. Мысалы Мұхтар Мағауиннің «Аласапыран» романында бұл оқты бүгінгі «нысананы өзі тауып тиетін оқ» деп жүрген түрімен сәйкестендіруге болады:

« - Қалай екен?

- Керемет атады екен, Ай-Шешек жеңгем. Қауырсынсыз қисық оқтың өзімен қағып түсірді.

- Ой тентек! - деді Ораз-Мұхамед рахаттана күліп. - Бұл оқ осылай, әдейі қисық жасалған. Көрдің бе. Әрі бармақтай жуан, ауыр. Емен ғой. Масағы тұқыл, шаншып атпайды. Межелі жерге жеткенде көлденең ұшады да, құсты таяқпен ұрғандай қағып түсіреді. Көрдің ғой жаңа. Тіз оқ деп аталады

Кез оқтың өзі неше түрлі: көбе бұзар, әндіген, қозыжаурын, қасалы, ысқырма... әр қайсысы әр түрлі жағдайда, әр қашықтықта қолданылады. Содан соң, бұлғын, тиін ататын томар оқ, доғал оқ деген бар. Ал аймаңдай оқ...

- Білем, білем! - деді Көшек, - әнеукүнгі ғой...

- Иә. Сондай үлкен тойларда жамбы не басқадай нысана атады». (Мағауин М. «Аласапыран». 39 б.).

Жоғарда Мағауиннен келтірілген үзіндіден «аймаңдай оқ» деген оқтың да болғанын, және оны неге керектенетінін де білгендейміз.

Ал Қабдеш Жұмаділов «Дарабоз» романында тіз оқ пен томар оқты былай береді:

«- Кәне жебелеріңді көрсетші!

Кенже таяуда тұрған атына жүгіріп барып, ердің алдынғы қасына іліп қойған оқ толы қорамсағын алып келді. Қорамсағы сәнді, ұлпа жарғақтан кестелеп тігілген. Жебелері де әр алуан; көбе бұзар, қозыжаурын, бірен-саран томар оқ, тіз оқтар.

- Аңшылық құрады екенсің ғой? - деді Қабанбай томар оқтың бірін ұстап көріп.

- Балқашта тіз оқпен үйрек атушы едік. Ал мына жақта кекіліктен басқа ештеңе көрінбейді.» (Жұмаділов Қ. «Дарабоз». 131 б.)

Ал оқтың «әндіген» деген бір түрі Ақтанберді жырларында былайша орын алады.

Жалаулы найза жанға алып,

Жау қашырар ма екенбіз!

Тобыршықты әндіген,

Толтыра тартар ма екенбіз.

Тобылғы түбі құралай

Бытыратып атар ма екенбіз!

(Ақтанберді. «Бес ғасыр жырлайды». 1 т., 73 б.)

Сондай-ақ, «аңғуа», «қадау оқ» деген оқ түрлері Т.Зәкенұлының «Көкбөрілірдің көз жасы» романында кездеседі.

Аңғуасын аңыратса,

Арғы тауға жетеді.

Аш қасқырдай қағынса,

Қанға тоймай кетеді.

(Зәкенұлы Т. «Көкбөрілердің көз жасы» 261 б.)

Қара туымды тіктім мен,

Қара бұқаның терісімен қаптаған.

Қайың дабылды қақтым мен,

Қамқа сауыт кидім мен,

Қадау оқты тартым мен.

(Зәкенұлы Т. «Көкбөрілердің көз жасы» 147 б.)

Ал, оқтардың атқарар міндеттеріне қарай аталатын атауларына мынадай мысалдар айтуға болады. «Қарадөң батыр және оның ұрпақтары» атты жырдың «Жұбаныш» деп аталатын бөлімінде «сауыт бұзар» оқты былай сипаттаса:

...Жекпе-жекке келгенде,

Көк жебенің ішінде,

Сауыт бұзар бір оқ бар.

Ол сауытты бұзбай қоймайды.

Өтпей, сірә, қалмайды.

Жекпе-жекке келгенде,

Шарайнаыз келмейді.

Жұмсап қатты болатты

Сауыт бұзар оқ атшы.

(«Жұбаныш». Ақсауыт. 2 т., 82 б.)

Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясында сауыт бұзардың жазба әдебиеттегі қолдану түрі былайша көрініс тапқан: «Той-думан, жарыста жамбыны бір атқаннан жарқ еткізіп жерге түсіретін мергендердің, аяқ астынан зу етіп тұра қашқан қыр қоянынан сасып қалып, қолындағы садақ жебесін құла жонға жіберіп күлкі болатыны да осы ара... Бұрын-соңды жұрт көзіне түспеген жас жігіттің, қанжардай қос азу тісін жалақтатып, қылшық жалын тікірейтіп, тайыншадай қара доңыз қарсы ұмтылғанда, үзеңгісіне шірене тұрып сауыт бұзар жебесін қақ маңдайдан қарыс сүйем кіргізіп, атаққа ілінетін де, тағы сол саят базарында» (І. Есенберлин. «Көшпенділер». 18 б.)

Ал, «Қарғабойлы Қазтуған» жырында сауыт бұзар былайша өрнектелген:

«Сен секілді қалмақпен,

Кезектесіп тұрам ба!» -

Атайын деп жебені,

Қарғабойлы жөнеді.

Қарсы тұрсаң - қабақ деп,

Оқ өтетін өзегің,

Жұтқыншақ мынау тамақ деп,

Кезеп тұрып оқ атты,

Оғын қардай боратты.

Атқан оғы өтеді,

Басын жерге қалмақтың

Домалатып кетеді.

Қарға бойлы батырдың

Атқан оғын қарасаң,

Сауыт бұзар оқ еді.

Не де болса алдында,

Тоқтамайтын шоқ еді.

Он екі тұтам бұл оқтың,

Өтпейтін жері жоқ еді.

(Батырлар жыры. «Қарғабойлы Қазтуған» 58 б.)

Сонымен қатар «көбе бұзар» деген оқ түрін Махамбет өз жырларында былай пайдаланған:

Күнқақты ердің астында

Көп жүгіретін күлік бар.

Көн садақтың ішінде,

Көбе бұзар жебе бар

(Махамбет. «Бес ғасыр жырлайды». 1 т., 210 б.).

Сондай-ақ, «Мұсахан» жырынан біз бұл жебелердің «берен» деген түрін кездестіреміз:

Толғайына қалмақ қол салды,

Есепсіз қылып мол салды.

Әуелі атайын деген де,

Қозыжаурын оқ алды,

Атып еді өтпеді...

Және тұрып берен деген оқ алды

Оны тартып тағы алды,...

Тағы атайын деп оқталды

Сауыт бұзар оқ алды.

(«Мұсахан». Батырлар жыры. 5 т., 129 б.)

Бұл оқтың түрі «Қобланды батыр» жырында да кездеседі:

Бұлғары садақ, Бұқар жай,

Тартылар майдан күн бүгін.

Алтын құндақ ақ берен

Атылар майдан күн бүгін.

Толғамалы ақ сүңгім

Шанша алмасам маған серт!

Қанға тойсаң саған серт!

Бұлғары садақ, Бұқар жай,

Тарта алмасам, маған серт!

Бел күшіме шыдамай

Беліңнен сынсаң, саған серт!

Алтын құндақ, ақ берен

Ата алмасам маған серт!

(Қазақ халық әдебиеті: Көп томдық. Т.I. Батырлар жыры «Қобланды батыр» жыры, 71 б.)

Немесе, «Ер Тарғын» жырынан «доғал оқ»деген оқ түрін көруге болады: «Тарғын бұл Қартқожаққа кезек беріп, атсаң ат деп қарсы қарап тұрып еді, Қожақ мұны сыйлап, атуға қимады. Не үшін десеңіз: «мен алпыс беске келген, сақалым қуарған бір қарт шалмын, бұл ғой, жас болса да, қасындағы Ақжүністей сұлуды қиып, әм өзінің жанын қиып, маған қарсы тұрды. Бұл өте батыр екен. Мұның өзін де атпайын, атын да атпайын тек мұның қорамсақтағы жүз алпыс кез оғын жалғыз доғал оқпенен атып уатайын. Соныменен өзімнің оны аяп атпағанымды білдірейін, сонан соң бұл ақылы болса, ойлап білер де, қызды маған тастар да, жүре берер» - деп, бір жалғыз доғал оқпенен салып қалғанда, Тарғынның қорамсақтағы жүз алпыс кез оғын күлпара қылып уатып кетті» («Қазақ эпостары». «Ер Тарғын» жыры. 135 б.)

Осы доғал оқты күні бүгінге дейін көрші Монголия Республикасында «Ер жігіттің үш тойы» (Эрийн гурван надам) деп аталатын жыл сайынғы мемлекеттік тойда бәсекеге түсетін садақшылардың қолданып жүргенін айта кету керек. Ал доғал оқтың «қалва» (үйренушілердің оғы, темір ұшының орнына доғал ағаш бекітілген оқ), «ұлын» (ұшы жоқ жебе) деген түрлері Мақмұт Қашғаридің «Түрік сөздігі» еңбегінде кездессе, (Мақмұд Қ. «Түрік сөздігі». 502 б)

Мұхтар Мағауиннің «Аласапыранында» бұл оқтың «ши оқ» түрі кәдуілгі бір тал шидің ұшына түйе құмалағын шаншып, балалардың ойыны үшін қолданатыны айтылып, былайша беріледі:

«- Ши оқтан кісі өлмейді, - деді бала төмен қарап.

- Өледі, - деді Ораз-Мұхамед. - Қазір сен маған ши оқ аттың. Ертең, үлкен жігіт болғанда кәдімгі кез оқтың өзін атасың.» (Мағауин М. «Аласапыран». 39 б.)

Бұл оқтың атауы көне жырларда кездеседі:

Бес жасыңда, қарт Қожақ!

Жас шыбықтан жай тарттың,

Жалғыз шиден оқ аттың,

Атқан оғың жоғалттың.

(«Қазақ эпостары». «Ер Тарғын» жыры. 137 б)

Светқали Нұржанның «Еңсегей бойлы Ер Есім» дастанында «қасалы» деген оқ түрі кездеседі. Бұл қарсы жақтың бекінісін өртеу үшін ұшына от байланған жебе.

От байланған қасалы зымғап кіріп,

Өрт шыпылдап, шаһар да түтіндесін.

(Нұржан С. «Еңсегей бойлы Ер Есім». Ай таранған түн. 289 б.)

«Көрұғылы» дастанының ертегілік нұсқасында «қол оқ» деген оқ түрі былай көрініс тапқан: «Бір күні Көрұғылы Бесбатырды аңдып жүріп, қол оқпен атады, ол оғы өтпейді. Бесбатыр «қонып жүрген маса мен сона болар» деп жүре береді. Бір мезгілде Бесбатырдың таң ұйқысы келіп кеткенде Көрұғылы оны атып қалады, оқ жылп өтіп кетеді» (Қазақ ертегілері. «Көрұғылы» 201 б.)

Ал «қатұт» - ұшы уға немесе зәрге суарылған оқ екендігі жайлы Мақмұт Қашғари «Түрік сөздігінде» келтіреді. Дәл осы жебе түрін Светқали Нұржан былай қолданған;

Зар еңіреп соңынан қатұғ кетсін,

Маңдайынан дұшпанның батық тепсін.

Жәһаннамға аттанған имансыздар,

Зәһарынан қатұғтың татып кетсін!

(Нұржан С. «Еңсегей бойлы Ер Есім». Ай таранған түн. 287 б.)

Жебеге қатысты басқа да атауларды Мақмұт Қашғари еңбегінен кездестіруге болады. Мысалы «азұқ оқ» (қаңғырған оқ), йасыш(жебенің басындағы темірі), темүркеннемесе теміркен (бұларда оқтың темір ұшы), тылы (оқтың басына (ұшына) байланатын қайысы), боры басы (оқ басының жебе ұшына еңгізілетін тұсындағы кертік, айылбасы) және шырғұй (жебе басының қалың, жуантық басы). (Махмұд Қ. «Түрік сөздігі». 314 б.).

Ал Светқали Нұржан өзінің «Еңсегей бойлы Ер Есім» дастанында бұл сөзге оқтың болат ұшы деген анықтама беріп, оны;

«...Ер Есім жүр, шүйгенде -

Қырғи дерсің!

Жауға жебе тигенде -

Шырғұй дерсің! - деп қолданады.

(Нұржан С. «Еңсегей бойлы Ер Есім». Ай таранған түн. 285 б.)

Ал, масақ (оқтың қауырсын байлаған жағы немесе жебеге байланған қауырсын. Кейде бұл тұтастай оқтың атауы болап кетуі де мүмкін. Садақты адырна деп атайтыны секілді.), кіріс (садақ атқанда оқтың адырнаға яғни кіреге тіреліп тұратын ойығы) т.б. секілді атауларын ауыз әдебиеті мен жазба әдебиеттен және тарихи еңбектерден көптеп кездестіруге болады.

Міне бұл бізге жеткен жебе атауларының бір бөлігі ғана. Біз баба тарихымыздан аларымыз да көп, және соның өтеуі ретінде береріміз одан да көп екенін әрбір қазақтың білгені абзал.

Пікірлер